Аймақтар • 14 Мамыр, 2020

Нұр-Сұлтан: Бүгін желіге 530 автобус шықты

116 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

12 мамырдан бастап сағат 07:00-ден 21:00 аралығында қаладағы қоғамдық көлік жұмысын қайта бастады. Алғашқы күні қоғамдық көлікті 146 907 жолаушы пайдаланды, оның ішінде 2 787 оқушы, 36 884 әлеуметтік жеңілдікке ие азаматтар. 13 мамырда 205 295 жолаушы, оның ішінде 48 418 жеңілдікке ие адамдар болса, 3 686 оқушы бар. Карантин енгізілгенге дейін жолаушылар легі күніне 762 мың адамды құраған болатын. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Нұр-Сұлтан: Бүгін желіге 530 автобус шықты

«Бүгін желіде барлық қалалық бағдарлар жүріп жатыр. Қала аумағына қатынайтын бағдарлар екінші кезеңде жүретін болады, ол туралы қосымша хабарлаймыз», - деді City Transportation Systems (CTS) компаниясының басқарма төрағасы Бекмырза Игенбердинов.

Қоғамдық көліктер жұмысын бастаған алғашқы күні желіге 450 автобус шықты. Ал 13 мамырда – 490, 14 мамырда – 530 автобус.  Карантинге дейін желідегі автобустардың саны 872 құраған болатын.

«Барлық автобустар бұрынғыдай дезинфекцияланады. Автобус жүргізушілері қауіпсіздік шараларын сақтайды: маска мен қолғап киіп, антисептик пайдаланады. Сондай-ақ санитарлық нормаларды жолаушылар да сақтауы тиіс. Қазір жүргізушілерге қойылып отырған талап – автобуста жолаушылар жүктемесі 50%-дан аспауы керек. Басқа уақытта автобустарға түсетін орташа жүктеме 15% құрайды, ал жұмысқа баратын және қайтатын сәтте, яғни қарбалас кезінде бұл талаптар орындала бермейді», - деді Игенбердинов.

Бұдан бөлек, қоғамдық көлікте жол ақысын қолма-қол ақшасыз төлеу керек. Ол үшін көлік картасын немесе басқа да балама әдістерін:  SMS, QR-код және мобильді қосымшаны пайдалануға болады. Айта кетейік, карантинге дейін автобустардағы қолма-қол ақшасыз төлем 98% құрады.

«Карантин кезінде алынған айлық жолақы билеті автоматты түрде пайдаланушылардың көлік картасына ауыстырылды. Жолақы  12 мамырдан 11 маусымға дейін жарамды», - деді басқарма төрағасы. Еске сала кетейік, биыл 28 наурыздан бастап қосымша тарифтік жоспар іске қосылды. 18 жасқа толған балалар көлік картасы болса қаланың қоғамдық көліктерінде тегін қатынай алады.