Білім • 16 Мамыр, 2020

Түлектердің 82%-ы ҰБТ-ға қатысуға ниет білдірді

232 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Негізі ҰБТ-ға өтініш қа­был­дау мерзімі 10 мамыр­да аяқталды. Деген­мен де Білім және ғылым минис­тр­лігі екі түрлі санаттағы та­лапкерге 15 мамырға дейін өтініш беруге бола­ты­­нын айтады.

Түлектердің 82%-ы ҰБТ-ға қатысуға ниет білдірді

Сурет «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды

Олардың бірі – Қазақстан Респуб­ликасының азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ талапкер, екіншісі – шетелде оқу орнын бітіргендер. Биыл алғаш рет ҰБТ-ға өтініштің басым бөлігі онлайн-режімде қабылданды. Ұлттық тестілеу орталы­ғының директоры Дидар Смағұловтың айтуынша, қабыл­данған өтінімдер саны бұрын­ғымен салыстырғанда рекорд­тық көрсеткішке жеткен. Оған онлайн-режімде құжат қабылдау ықпал етіпті.

«Биыл түлектердің 82%-ы ҰБТ-ға қатысуға ниет білдірді. Талапкерлер саны жыл сайынғы 70%-дық көрсеткіштен асып түсті. Онлайн форматтың ар­тық­­шылығы көп. Ең бас­ты­сы, мектеп түлектеріне то­л­ық­­тай еркіндік беріп отыр. Өкі­ніш­ке қарай осы уақытқа дейін мектеп әкімшілігі тара­пы­нан үлгерімі төмен оқушы­лар­дың тестілеуді тапсыру мүм­кіндігін шектеу фактілері орын алған. Енді бұл мәселе ше­шіл­ді», деді Д.Смағұлов.

Министрліктің мәлім­де­уін­­ше, ҰБТ-ға 131 471 адамнан өті­ніш түскен, оның ішінде
111 017-сі – мектепті биыл бітір­ген­дер, 20 454-і – колледж және бұ­рын­ғы мектеп түлектері. ҰБТ-ға қатысуға 100 мыңнан аса өтініш онлайн қабылданды.

Мектепті биыл бітіріп, ҰБТ-да ең жоғары 140 ұпайды әділ жи­наған әр түлекке соңғы модель­­дегі ноутбук сыйға тар­тыл­мақ. Ал тестілеуге кіргізу кезінде заңсыз зат табылған талапкер тестілеуге жіберілмейді және осы жылы ҰБТ тапсыру мүмкін­дігінен айыры­лады. ҰБТ аяқтал­ғаннан кейін күн­тіз­белік жылдың 25 тамызына дейін бейнебақылау жазбалары талданады. Талапкердің тыйым са­лынған заттарды пай­да­лан­ғаны анықталса, оның ҰБТ және білім беру грантын тағайындау конкурсының нәтижелері жо­йылады.