Руханият • 15 Мамыр, 2020

«Бекет ата» кешені абаттандырылады

532 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өткен жылы заңғар жазушы Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдығын кең көлемде атап өткен Маңғыстау жұртшылығы биыл тағы айтулы іс-шаралар қарсаңында тұр. Оның бірі және халықтың ерекше ықыласына ие шара – Пір Бекет ата Мырзағұлұлының 270 жылдығы.

«Бекет ата» кешені абаттандырылады

Әбішше айтсақ, «...ол тірісінде – елі­нің жел жақтағы Панасы, ық жақ­тағы Саясы бола білген Азамат. Жау­дан елді арашалаған Батыр. Дауда әділетті арашалаған Қазы. Озбыр­лықтан Обал мен Сауапты арашалаған Пірәдар. Елі мен жерін шексіз сүйген Асыл Азамат, Абзал Адам. ...Әлсізге Медет, Күштіге Айбат, Зарыққанға Жебеу, Тарыққанға Демеу, Асқанға Тосқан, Сасқанға Сая, Ұрпаққа Ұстаз, Ұлысқа Ұран, Ел Иесі, Жер Киесі».

Ғасырлар бойы жұртының жадынан жоғалмаған, жүрегінен жойыл­маған Бекет ата есімі – тентекті тезге салар тәрбие мен тағылым мектебі. Өздерінен бұрынғы бабалар жолын жалғастырған бүгінгі ұрпақ Пір ата рухына құрмет пен сүйіспеншілікті жоғалтқан жоқ. Бекет атаның мерейтойы қарсаңында он жыл бұрын салынып халық игілігіне ұсынылған «Ата жолы» жаңғыртылып-жаңартылып қолданысқа қайта қосылды.

Бүгінде Оғыланды тауындағы Бекет ата жерленген жер – халық жиі зия­рат етіп баратын орын. Әсіресе турис­тік саланы дамытуға басым­дық берген елімізде Маңғыстаудың көрік­ті-көрнекті жерлеріне турис­тер­ді көптеп тарту бағытында та­би­­ғи сұлу орындармен бірге тари­­хи-мәдени нысандардың, тарихи ес­­керткіштердің алар орны зор. Қазір­­гі таңда Маңғыстау өңірінде он үш мыңнан астам тарихи-мәдени ны­сан­дар зерттеліп, құжатталды. Төрт жүз қырықтан астам ескерткіш мем­­лекет­тік қорғауға алынды, олар­дың жиырма бірі республикалық маңызға ие. Екі жүз қырық тоғыз археологиялық ескерткіші толықтай зерттелген десек, оларға тас дәуірі соңындағы тұр­ғын кешендер, қола дәуірі мен ерте темір дәуіріндегі діни-жерлеу нысан­дары, ортағасырлық ескі қалалар, бекі­ніс­тер, Ұлы Жібек жолы бойында ор­наласқан керуен сарайлары, архео­логия, сәулеттің үлкен және ш­ағын формалары кіретін жүз қырық кешен­дік ансамбльдер, сонымен қатар сәу­лет пен құрылыс мәдениетін таны­­та­тын алпыс ескерткіш жатады. Маң­­­ғыс­­т­аудағы жерасты мешіттері, қауым-қо­йы­­лымдардағы құлпытастар мен там­дар ерекшеліктері туристерге зор әсер сыйлайтыны анық. Бұл мүм­­кін­дік Маңғыстау өңірін Қазақ­стан­­дағы он үздік туристік аймақтың бірі ре­тінде ерекшелейді. Жыл өткен са­йын Каспий теңізінің жағасы турис­тер дем­алатын орынға айналып, келу­­ші­лердің саны арта түсуде. Ал Қазақ­станның жеті кереметінің бірі саналатын Бекет ата жерасты мешіті және басқа да қасиетті орындар әрі зия­рат етушілерге, әрі туристерге мол әсер, рухани серпіліс сыйлай алады.  

Биылғы мерейлі мерекеге орай Бекет ата мешіті мен жол бойында орналасқан Шопан ата мешіттерінің аумағы абаттандырылып, көне жәдігерлерді қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. 12 шақырым қашықта жер астынан шығатын табиғи суға құбыр тартылып, мешітке әкелінді. 2017 жылы басталған «Ата жолы» автомобиль жолын реконс­трукциялау жұмыстары жобасы екі кезеңмен жүргізілді. Алғашқы бөлігінде 5 млрд 460 млн теңгеге 51 шақырым жол жөнделсе, екінші кезеңінде 4 млрд 554 млн теңгеге 46 шақырым жолға реконструкция жасалып, асфальт төселді. Ендігі кезекте аймақ басшылығының тапсырмасымен Бекет ата мешітіне газ желісін тарту мәселесі қолға алынды. Демеушілердің көмегімен алдағы уақытта бұл жоба да іске асады деп күтілуде.

– Әріптестермен, ел ағаларымен, «ӨзенМұнайГаз» акционерлік қоға­мымен бірге Бекет атаның басын­да тағы қандай жұмыстар ұйымдастыруға болатындығын ақылдастық. Қазіргі кездегі өзекті мәселе – газ әкелу және келген суды тұшытып, халық игілігіне жарату. Оны да ақылдастық. Демеушілердің көмегімен алдағы уақытта ұйымдастырамыз деп жос­пар­лап отырмыз. Сондай-ақ Шопан атаның басына да су тарту, көгал­дандыруды жоспарлап отырмыз, – дейді Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов.

Бекет ата есімі мен рухы ұрпақ­тарымен бірге жасай бермек.

 

Маңғыстау облысы