Аймақтар • 15 Мамыр, 2020

Жақсылық жасаудан жарысқа түскендей

194 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қайырымдылық – қазақтың қанына сің­ген, жанындағы жабырқау көңілді жан жылуы­ның шуағымен нұрландыратын әдемі қасиет. Сандықтау ауданында қайырымды істер акциясының барысындағы ел азаматтарының пейілін, ниеті мен ықыласын көріп замандастарымыздың бойында осындай қасиеттердің бекемдігіне шынымен қуанасың.

Жақсылық жасаудан жарысқа түскендей

Балкашин ауылындағы дү­кен, дәмхана иелері, жекелеген кәсіпкерлер бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, зейнеткерлерге, әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көп балалы отбасыларына көп-көрім көмек көр­сетті. Тіпті, әл-ауқаты бар азаматтар бір-бірімен жарысқа түскендей. Қарап тұрсаң, жақ­сылық жасаудан жарысу – тілің жеткенше тамсана айта жүретін тамаша жарыс. Көпұлтты елді мекендегі ауыл шаруашылығы құрылымдарының жетекшілері де қоңторғай сәтте іргесін алыс салып қарап қалған жоқ. Осы өңірдегі түгін тартса май шығатын құнарлы жердің игі­лігін көріп отырған соң ауыл­дастарының дас­тарқанына адал дәм бұйыртуды өз парыздары са­наған олар қап-қап ұнды, жәшік-жәшік азық-түлікті үйіп тастады. Сөзімізді нақты дерекпен шегелеу үшін Каменка селолық округіндегі «Каменка және Д» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры А.Джейранов жүз отбасына бір-бір қап ұннан апарып бергендігін айтсақ та жеткілікті. «Уни» серіктестігінің директоры М.Мустафаев Богославка ауы­лын­дағы 17 отбасын қам­қор­лығына алып, бір-бір қап ұн жет­кізіп берді. Оған қоса осы серіктестік Бал­кашин ауылдық окру­гіндегі 50 отбасыға ұн тарат­са, округтегі дү­кендер мен дәм­ханалардың ие­лері дәмге то­лы азық-түлік себет­терін жет­кіз­ді. Осы арада бір-бірімен қа­­нат­­­таса жерлестерін қам­қор­­­лыққа алған М.Гусейнов, В.Дынько, М.Әбуев, Е.Съезбеков, И.Съезбеков, С.Джейранов тәрізді шаруашылық басшыларының есімдерін құрметпен атай кетуге болады.

Балкашиннің белді жігіттері мұқтаж жандарды азық-түлікпен қамтамасыз етіп қана қоймай, аудандағы іргелі істерге ұйытқы болуда. Қазақтың «бірлік бар жерде тірлік бар» дейтіні осындай жанашырлық лебі есіп тұратын іс-қимылдан көрінеді. Бірлігі бекем болған соң бұл өлкедегі кей шаруа ел жайын ойлаған аза­мат­тардың ымыраласқан қол­ғабысымен-ақ шешіліп жатыр. Ай­талық, кәсіпкер, аудандық мәс­лихаттың депутаты А.Белуха Сандықтау ауылдық округіндегі мәдениет үйінің шатырын жа­ңар­тып беруге қаражат бөлді. Веселое селолық округіндегі «Бай­далы» серіктестігінің директоры Б.Оразалин ауылдастарына азық-түлікпен көмектесумен қатар көктемгі су тасқынының алдын алуға да бір адамдай еңбегін сі­ңірді. Биыл бұл өлкеде қар қа­лың түсті. Серіктестік басшысы зейнеткерлер мен жалғызілікті адамдардың аулаларын қардан тазалауға, көктемгі қызыл судың арнасын бұруға атсалысты.

Саралап қарасаңыз, елді ой­лаған шаруадан бірде-бір кәсіп­кер сырт қалмаған екен. Әрине, өз еріктерімен, өз пейілдерімен. Осының өзі-ақ қуантады. «US-AGRO» серіктестігінің директоры Уәлихан Әріпов Барақкөл ауылдық округіндегі 41 отбасына азық-түлік жеткізсе, Ж.Мұс­қанов, Ш.Доқаев, Е.Усен­ко тәріз­ді Лесной селолық округі­нің шаруашылық басшылары да өз маңындағы ел-жұртты қам­қорлықтарына алған.

Атам қазақта, «көрші хақысы тәңір ақысы» дейтұғын астарына атан түйеге жүк болар мазмұн ұялатқан аталы сөз бар. Төтенше жағдай кезінде жұрт бірлігі арта түсті. Сандықтаулық Елена және Виктор Карповтар орта мектептің оқушыларына компьютер сатып әперді.

Әп еткен бетте бетперденің де тапшы болғандығын елдің бәрі біледі. Міне, осы сәтте бойында күш-қуаты бар аға буын өкілдері де қарап қалған жоқ. Жастар қа­йы­рымдылық жасап жатқанда жайбарақат отырғанымыз ұят болар дегендей, Балкашин ауылы­ның зейнеткерлері Роза Жуба­сова, Баян Ахметова, Люд­мила Кос­тулина, Зинаида Тота­каевалар үш жүзден астам бетперде тігіп, жер­лестеріне тегін таратты. Осы мысал­дардан-ақ ел ішіндегі бірлік­тің бекем екендігіне көз жеткізуге болады. Ал бірлік бар жерде тір­лік­тің бар екендігі әлми­сақтан бел­гілі.

 

Ақмола облысы,

Сандықтау ауданы