Аймақтар • 15 Мамыр, 2020

Орта Азиядағы ең ірі жел электр станциясы Аршалыда салынып жатыр

864 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Аршалы ауданының Қостомар елді мекенінде Орта Азиядағы ең ірі жел электр станциясының құрылысы жалғасуда. Жаңа нысан 10 000 отбасын энергиямен қамтиды деп күтілуде.

Орта Азиядағы ең ірі жел электр станциясы Аршалыда салынып жатыр

Бүгінгі таңда табиғатқа қамқорлық көрсету мәдениетін қалыптастыруға және баламалы энергия көздерін кеңінен қолдануға басымдық берілуде. Бұл бағыттағы жобаларды жүзеге асыруда Қазақстанның даму банкі қаржылық оператор ретінде қолдау көрсетіп келеді. Аталмыш қаржы институтының несиелендіруімен  «Green Energy» компаниясы он жарым жылға ұзақ мерзімді несие алып, жел электр станциясы құрал-жабдықтарын жеткізіп, құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Мұндай нысандар жел қуатын электр энергиясына айналдырып, қоршаған ортаға ешбір нұқсан келтірмейді. Нысанның қолданысқа енгізілуі атмосферадағы зиянды газдардың көлемін жылына 230 мың тоннаға азайтуға мүмкіндік береді.

–Қазіргі таңда екінші кешенде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Мұнда әрқайсысының қуаты 3,3 Мв, қуаттылық режимі 3,45 Мв болатын «Вестос» компаниясының 15 жел электр станциясы бой түзейді. Қазір 10 киловольттық станция салынды. Бұдан бөлек, қойма, гараж, диспетчерлік басқару пульті бар әкімшілік-шаруашылық кешен тәрізді нысандар құрылысы да аяқталды. Жел турбиналарын өндіруші «Вестос» компаниясы осы саладағы әлемдік көшбасшы. Нысан құрылысына шетелдік және отандық мамандар жұмылдырылған. Өндірілген электрэнергиясы «KEGOC» акционерлік қоғамының электр желілері арқылы барша республика аумағына таралады,–дейді «Цатэк  green energy» серіктестігінің бас инженері Владислав Гарбовский. 

Төтенше жағдай режимі жобаның жүзеге асырылу мерзіміне кері ықпал етіп отыр. Нысан жоспарлы уақыттан 6 ай мерзімге кешігіп іске қосылуы мүмкін. Нысанның іске қосылуы Қазақстанның атмосфераға улы газдардың бөлінуін азайту жөніндегі халықаралық қауымдастық алдындағы міндеттемесін орындауына себепкер болмақ. Жел электр сатанциясы толық қуатына көшкен соң жылына мемлекет қазынасына 2 млрд теңге салық төлейді.

–Біз бас мердігер ретінде 19 шақырым жол құрылысын жүргіздік. Құрал-жабдықты сақтау қоймалары, жұмыс алаңдары әзірленді. Жел турбиналарына арналған 15 таған тартылды. Олардың әрқайсысында 75 тонна арматура мен 550 жоғары сапалы бетон шеңбері бар. Бұл жұмыстың барлығы желді, далалы аймақта атқарылды,–дейді «Средазэнергострой» компаниясының бас инженері Иван Дёмин.

Экологиялық тиімділігімен қатар, жел станциясының құрылысы 300 жұмыс орнын ұсынып отыр. Нысан қолданысқа енгізілген соң мұнда 19 маман қызмет атқарады. Жоспар бойынша 2-ші кешен 4-ші тоқсанда қолданысқа енгізіледі деп күтілуде. Айта кетелік, қуаты 50 Мв-ты құрайтын нысанның бірінші кешені өткен жылдың 26 тамызында қолданысқа енгізілген болатын. 

 

Ақмола облысы