Руханият • 15 Мамыр, 2020

Қос майданның жеңімпазы

326 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Созақ өңірінің халқы Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде майданда да, тылда да небір ерліктің үлгісін көрсете білді. Солардың арасынан соғыс ардагері, кезінде еліне еңбегін сіңірген Махмұт Берістемовтің есімін Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында ерекше атап өткім келеді.

Қос майданның жеңімпазы

Соғыс ардагері Махмұт Берістемов 1922 жылы 2 мамырда Созақ ауданы Сызған ауылында дүние есігін ашып, туған ауылында 1999 жылы 29 қазанда өмірден озды.

Махаң 1941 жылы армия қатарына алынған. 1941-1942 жылдары Жамбыл қаласында (қазіргі Тараз) 105-ші ұлттық атты әскер дивизиясында жаттығудан өтеді. Кейіннен артиллерия саласына ауыстырылады. 1942 жылы 482-ші танкке қарсы шабуылдайтын зеңбірек полкында неміс фашистеріне қарсы кескілескен ұрыстарға қатысады. Сталинград майданында жеңіл жарақаттанып, 1943 жылы маусым айында қайтадан соғысқа кіреді. Украина, Польша жерін фашистерден азат етеді.

М.Берістемов Жеңісті Германияның Дрезден қаласында қарсы алады. 1945 жылы тамыз айында Шығыста жапон әскеріне қарсы шайқастарға қатысады.

Соғыстағы ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз», І және ІІ дәрежелі «Даңқ», І және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін» және басқа да 14 ескерткіш медальмен марапатталып, 1946 жылы жеңіспен елге оралады.

Бейбіт өмірде алғаш еңбек жолын жаңадан ұйымдастырылған Жуантөбе, Тасты, Шу совхоздарында ауылдық кеңес төрағасының хатшысы, төрағасы қызметтерін атқарды.

Соғыстан зардап шеккен ауыл шаруашылығын қалпына келтіру ісіне белсене араласып, іскерлік қабілетін көрсетті. 1957 жылы Қапланбек зоотехникумында оқып, кіші агроном мамандығын алды.

Еңбегі бағаланып, көптеген марапаттарға ие болды. Зейнет демалысына «Республикалық дәрежедегі дербес пенсионер» дәрежесімен шықты.

Махаң Созақтағы Саңғыл би кесенесін салуда үнемі құрылыс басында болып, жұмыс істеп жатқан жігіттерге ақыл-кеңесін беріп, айрықша ұйымдастыру қабілетін көрсете білді. Кесене біткеннен кейін жазушы Ә.Кекілбаев келіп ризашылығын білдіріп, Саңғыл би туралы көптеген деректер айтты.

Махаң адам жатырқамайтын. Күндіз-түні үйінен қонақ үзілмейтін. Жеңгеміз Әдиша Мүшекенова ашық жарқын мінезді жан еді. Сондықтан да қай мезгілде болсын дастарханы жаюлы, шайы қайнаулы болатын. Ілгеріде жазушы С.Мұқанов, жазушы Ә.Кекілбаев Махаңның үйінде құрметті қонақ болып дастарханынан дәм татқан.

Махаңның еңбектегі ерлігі жөнінде журналист Өтеш Қырғызбаевтың, журналист Есіркеп Өмірбековтің кітаптарында жазылып, газеттерде мақалалар шыққан.

 

Мырзахмет ЖЫЛЫСБАЕВ,

соғыс ардагері, қарт ұстаз