Аймақтар • 16 Мамыр, 2020

Қордай ауданында шешімін күткен мәселелер бар

124 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда Жамбыл облысының Қордай ауданында жергілікті тұрғындардың тұрмысын жақсартуға бағытталған жалпы сомасы 20 миллиард теңгеден асатын 387 жоба іске асырылуда. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев ауданға жұмыс сапарымен барып, аталған жобалардың сапалы орындалу барысымен танысты.

Қордай ауданында шешімін күткен мәселелер бар

Сонымен қатар, әйгілі өнерпаз Кенен Әзірбаевтың туған жері Кенен ауылының да жай-күйіне қанықты. Бүгінде ауыл тұрғындары үшін басты мәселе – таза ауыз судың тапшылығы. Бұл мәселені шешу үшін 132 миллион теңгеге 16 шақырымдық су құбыры тартылуда екен. Оның ішінде үш шақырым сыртқы су өткізгіш және 13 шақырым ішкі желілерді құрайды. Қазіргі уақытта 9 шақырым бойынша құбыр тарту жұмыстары аяқталған. Сондай-ақ, ауылдағы отбасылық дәрігерлік амбулаторияда 20 келушіге 1 дәрігер және 8 медбике қызмет көрсетеді екен. Кенендік жастар іргелес жатқан Алматы қаласына көптеп кететіндіктен, мұнда бүгінде туу көрсеткіші төмендеуде. Сол сияқты  600 орындық Е.Қашағанов атындағы №42 мектепте бүгінде тек  509 оқушы білім алуда екені де айтылды. Аталған білім ошағы 2014 жылы пайдалануға берілген.  Өткен жылғы қорытынды бойынша мектепің 2 түлегі «Алтын белгіге» ие болса, биыл 4 бітіруші үміткер атануда. Бердібек Сапарбаев кабинеттерді аралап, 100 орындық асхана және жоғары интернетпен қамтылған кітапханамен танысты. «Балалардың бойына  ұлттық салт-дәстүр мен құндылықтар негізін сіңіріп, рухани-адамгершілік тұрғысында тәрбиелеуге ерекше назар аудару қажет. Әсіресе, Кенендей ұлы тұлға туған ауылда бұған айрықша ден қоя білген дұрыс», деді әкім.

1

Жергілікті тұрғындармен кездесу барысында Бердібек Сапарбаев ауданда ауыз су мәселесі шешіліп жатқанын, көшелерді жөндеу, жарықтандыру жұмыстары жалғасатынын атап өтті. Бес ауыл газдандырылып, шағын су қоймалары салынады. Сонымен қатар, әкім көпшіліктің әйгілі Аңырақай шайқасының орнына мемориалдық кешен салу туралы ұсынысын қолдайтынын жеткізді. Бердібек Сапарбаев биологиялық қауіпсіздік мәселелерін ғылыми-зерттеу институтына да арнайы барды. Ғалымдар бүгінде денсаулық сақтау және ветеринария саласындағы түрлі инфекциялар мен күреске айтулы үлес қосып отыр. Жыл сайын қауіпті және аса қауіпті инфекцияларға қарсы 27 миллионнан астам екпені жеткізеді екен. Сондай-ақ, олар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен, АҚШ аурулардың алдын алу және бақылау орталығымен, Халықаралық Вена университетімен және басқа да беделді ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Зерттеу институты шетелдік аналогтармен салыстырғанда үш есе арзан болатын нодулярлық дерматитке қарсы вакцинаны әзірлеген. Оны енгізу нәтижесінде республикалық бюджет 2 миллиард теңгеге үнемделген. Сонымен қатар, ғалымдар бүгінде коронавирусқа қарсы вакцина дайындаумен айналысуда.

«Қазақстан Президентінің осындай ғылыми орталықтарды қолдау туралы тапсырмасы бар. Соңғы оқиғалар халықтың қауіпсіздігі мен денсаулығы мәселесін ғана емес, олардың қаншалықты маңызды екенін де көрсетті. Сіздердің жұмыстарыңыз ел экономикасының дамуына үлкен үлес қосады, кез келген уақытта туындауы мүмкін әртүрлі пандемия зардаптарын азайтады. Әлем жаһандануда және қысқаруда, адамдар аурудың ешкімді аямайтынын түсінді. Бұл жағдайда Қазақстан жаһандық сын-қатерлерге жедел жауап бере алатын өзіндік ғылыми орталықтардың жүйесін құруға тиіс. Облыстық билік зауыттың құрылысына міндетті түрде қолдау көрсетеді», деді Бердібек Сапарбаев. Сондай-ақ, ол Отар ауылындағы №41 мектепке барып, 1979 жылдан бері жөндеу көрмеген білім ошағына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге көмектесуге уәде берді. Және 5 мыңнан астам тұрғыны бар ауылдың өз Мәдениет үйінің жоқтығын айтып, «Біз міндетті түрде мұнда Мәдениет үйін салу керекпіз», деді.

Ағымдағы жылы Қордай ауданындағы жолдарды жөндеуге және салуға жергілікті бюджеттен 1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп, 352 шақырымнан астам жол қалпына келтіріледі. Бүгінде кейбір орташа жөндеу жұмыстары аяқталған. Мәселен, Мұзбел ауылына кіреберістегі жолдың 2 шақырым бөлігі пайдалануға берілген. Бердібек Сапарбаев тапсырыс берушіден және аудандық әкімдіктің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі тарапынан тиісті зертханаларды тарта отырып, асфальт сапасын мұқият тексеруді талап етті. Сонымен қатар әкім жобалық құны 197 миллион теңгені құрайтын «Алға-Көкадыр»  автожолының 9 шақырымына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер компания «АрсикоСтройИнвест» ЖШС-не де бұл туралы ескертті. Сондай-ақ, әкім тәулігіне 1000 тоннаға дейін құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорын бетонды асфальт зауытында да болды. Өндіріс орны тапсырыс болса бұдан да көп өнім мөлшерін өндіре алады. Жылына 1500 тонна гранит шығаруға қуатты «Техногранит-KZ» ЖШС-інде  де тапсырыс бойынша қиындықтар кездесуде. Сондай-ақ, компанияда заманауи қондырғылармен жұмыс істей алатын білікті мамандар тапшы. Сонымен қатар, Бердібек Сапарбаев Қалғұты ауылындағы жаңа мектептің құрылыс жұмыстары өте баяу жүргізіліп жатқанын сынға алды. Жұмыстың 21 пайызы ғана аяқталған. Ал, құрылыс белгіленген мерзімде тапсырылуы керек. Бердібек Сапарбаев мектеп құрылысының жаңа  оқу жылының басында дайын болуын қатаң талап етіп,  құрылыс жұмыстарының сапалы жүргізілу керектігін ескертті. Сондай-ақ, Әлжан ана ауылында «Самұрық-Қазына Траст» қорының қаражаты есебінен жүргізілетін дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысының жобасымен де танысты. Әлжан ана ауылындағы №23 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оған 40 адам тартылған. «Мемлекет тарапынан бір ғана Әлжан ана ауылының мәселелерін шешуге миллиардтан астам қаржы бөлінді. Біз бұл қаражатты тиімді және ең бастысы жергілікті тұрғындардың игілігі үшін пайдалануымыз керек. Қаржы қарастырылды, ендігі басты мәселе – оны қалай дұрыс жұмсау жайы. Бұл біріншіден, жоспарланған жобаларға мұқият қарауды қажет етеді. Екіншіден,  олар ел игілігі үшін жұмсалуы  тиіс», деді Бердібек Сапарбаев. Сонымен қатар, әкім Масаншы, Қаракамер және Ауқатты ауылдарын аралап, ондағы әлеуметтік нысандардың құрылысымен, жол инфрақұрылымымен танысып, жергілікті тұрғындармен кездесті.

 

Жамбыл облысы