Телекоммуникация саласындағы жоспарлар мен өзгерістер туралы еліміздің басты интернет провайдеріне бірқатар сауал қойған болатынбыз.
– Қазір көбіміз «пандемия бар проблеманы ашып берді» дегенді көп айтамыз. Бір жағынан дұрыс. Дегенмен біз бұл қиындықтарды білдік, пандемияның төбесі көрінбей тұрып-ақ «Қазақтелеком» уақыттың түрлі сынағына дайындала бастады. Соның арқасында сын сағатта сүрінбедік деп айта аламын. Сөз жоқ, телекоммуникация саласында айтарлықтай өзгерістер болады. Қазірдің өзінде адамдардың қарым-қатынасы, ақпарат алмасуы, оқуы не жұмыс істеуі, сауда жасауы секілді күнделікті тіршілігінің жаңа моделі қалыптаса бастады. Мұның бәрін онлайн жасауға болатынын көрді. Үйренді. Енді тіршіліктің бұл жаңа қалпы, карантин бітсе де, бір сәтте жоғалып кетпесі анық.
Көбі баласын қашықтан оқыта бергенді құп көрері сөзсіз. Кәсіпкер де кеңсе жалдамай-ақ, барша қызметкерін үйге жіберіп те, сол жұмыс нәтижесін алатынын көрді. Енді мұндай бизнес өкілдері кәсібін онлайн алаңқайда жүргізудің тиімді тәсілдерін іздей бастауы әбден мүмкін, – деді Қ.Есекеев
Оның айтуынша, «Қазақтелеком» мұндай алаңқайды пандемияның аты түгілі, заты жоқ кезде ойластырып, жүзеге асырып қойған. Мысалы, Ismet.kz платформасы бизнес үшін бар шаруаны онлайн атқаруға мүмкіндік береді. Мұнда тіркелген кәсіпкерлер өзгелердің қызметін сатып алып, өзінің тауарын не қызметін онлайн саудалай алады.
– Әрине бұл алаңды іске қосарда біз оның дәл осылай қажет боларын тіпті сезген де жоқпыз. Біз арадағы құжат айналымды қысқартып, оны тиісті жерге жеткізуге кетер шығынды жойып, уақытты үнемдеу үшін жасаған едік. Сол кездің өзінде жылына 60 млн теңгені үнемдедік. Ал бүгінде Ismet.kz біз үшін серіктестер мен заңды тұлғалармен қарым-қатынасты тоқтатпаудың жалғыз ғана амалы болып қалды.
Қазіргі таңда бұл алаңқайда 14500 кәсіпкер онлайн қызмет көреді. Төтенше жағдай уақытында 2500-ден аса адам тіркелген. Бір ғана сәуір айында бұл порталдың қызметін 120 795 адам көрген, – деді «Қазақтелеком». АҚ басқарма төрағасы.
Қуанышбек Есекеев атап өткендей, компания бұдан бөлек жұмыс барысында абонентке қолайлы болу үшін және жылдам, сапалы қызмет көрсету үшін дистанционды байланыс арналарын іске қосты. Барша қызмет көрсету бөлімшелерімәжбүрлі түрде жұмысын тоқтатқанда, бұл онлайн арналар компанияны құтқарып қалды. Тұтынушылармен байланыс бір сәтке де үзілген жоқ. Керісінше, карантин енгізілген алғашқы 10 күнде онлайн арналарға хабарласқан тұтынушылар қатары 30 есе өсті.