27 Қыркүйек, 2013

Жат жұрт үшін бала туып жүрміз бе?

370 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

 Қазіргі кезде АҚШ-та тұратын отбасыларының Қазақстаннан асырап алған балалар саны 6600-ге жетіпті. Мұны елімізге Америка азаматтарының қазақстандық балаларды асырап алулары мәселесін талқылау үшін арнайы келген АҚШ мемлекеттік департаментінің балалар мәселелері жөніндегі арнайы кеңесшісі Сьюзен Джейкобс мәлім етті.

 

Қазіргі кезде АҚШ-та тұратын отбасыларының Қазақстаннан асырап алған балалар саны 6600-ге жетіпті. Мұны елімізге Америка азаматтарының қазақстандық балаларды асырап алулары мәселесін талқылау үшін арнайы келген АҚШ мемлекеттік департаментінің балалар мәселелері жөніндегі арнайы кеңесшісі Сьюзен Джейкобс мәлім етті.

Дипломат Білім және ғылым министрлігі балалар құқығын қорғау комитеті, Сыртқы істер министрлігі және Адам құқықтары жөніндегі бюроның өкілдерімен кездесті.

Сьюзен Джейкобс сұхбатында Қазақстан мен АҚШ бала асырап алу жөнінде ортақ жұмыс тобын құратындығын мәлімдеді. Бірінші кездесу биыл қарашада Вашингтонда өтеді. АҚШ-та қараша айы ұлттық бала асырап алу айы болып белгіленген.

Сьюзен Джейкобс кездесуден кейін қазақстандық балаларды АҚШ азамат­тарының асырап алуы қайта жанданады деген үмітте екенін жасырмады. АҚШ азаматтары өткен жылы шетелден 9 мыңдай жетім бала алған екен. Ал Қазақстаннан асырап алған баланың жалпы саны қазір 6600-ге жеткен.

«Бала асырап алған отбасыларда өкінішті жағдайлардың алдын алу үшін АҚШ-та өзіміздің жұмыс тобын құрдық. Балалардың құқығын қорғау жөніндегі үкіметтік қызметтер мен агенттіктерімен бірге жұмыс жасаймыз. Келесі аптада алғашқы кездесуіміз өтеді. Онда балаларды қорғайтын жаңа заң немесе заңға толықтырулар енгізу мәселесін талқылаймыз. Кейбір ата-аналарға біздің көмек қажет», – деді Сьюзен Джейкобс.

Міне, керек болса! Сонда біздің еліміздегі аналар балаларын басқа жат елдің азаматтары болулары үшін туып жүр ме? Осыншалықты кең жері бар Қазақстанда тұрғындардың аздығы әрдайым білінеді. Бұл мәселенің қазір бүкіл әлемде өткір тұрғаны анық. Мұның үстіне АҚШ-та қазір сырт елдерден әкелінген балаларды алмастыру мақсатында жұмыс жасайтын бюролардың да бар екені белгілі болып қалды. Оларда саудаға түсіп жүргендер арасында бұрынғы қазақстандық бүлдіршіндер де аз емес көрінеді.

Осының бәрі шетелге асырауға бала бермеу жағын қайта ойластыратын кез жеткенін білдіреді.

Мұрат АЙТҚОЖА.

Соңғы жаңалықтар