Аймақтар • 18 Мамыр, 2020

Ақмолада волонтерлар байқауы басталды

288 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы волонтерлік жобалар бойынша шағын гранттар байқауын ұйымдастыруда. Волонтерлік жұмыстар экологияны жақсарту және тарихи мұраны сақтауды көздейді.

Ақмолада волонтерлар байқауы басталды

Байқау екі бағыт бойынша өтеді. Алғашқысы экологиялық ағарту, көгалдандыру, өзендер мен көлдерді тазалау, жануарларды қорғау жұмыстарын қамтитын волонтерлік жобалар. Екіншісі тарихи-мәдени мұраларды жандандырмақ. Республика бойынша үздік деп танылған 68 жоба иегері 300 мың теңгелік грантқа ие болып, бағдарламасын жүзеге асыруға мүмкіндік алады.

– Облыс бойынша өтінімдерді жинап жатырмыз. 18 жастан асқан азаматтар жобалары болса қатыса алады. Үй жағдайында әртүрлі ағаштарды немесе өсімдіктерді отырғызу, оған қажетті заттарды сатып алу жоба шығындарына сәйкес келеді,–дейді «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының төрайымы Мәнсия Есекеева.

Кәмелет жасқа толмағандар жобаға жетекші ұстаздарымен қатыса алады. Байқау 23 мамырға дейін жалғасады. Айта кетейік өтініш берушілер Qazvolonteer.kz платформасына тіркелген болуы тиіс. Ал, өтінімдер жоба тақырыбына қарай арнайы электронды почталар арқылы қабылданады.