Аймақтар • 18 Мамыр, 2020

Ақмолалық жомарт жандар жақсылығы

286 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елдің бірлігі қысылтаяң кезде арта түскендей. Халыққа жанашыр кәсіпкерлер  Зеренді ауданының тұрғындарына қолдау білдірді. Демеушілер төтенше жағдай басталғаннан бері ауданның 1200 отбасына қайырымдылық жасаған.

Ақмолалық жомарт жандар жақсылығы

Төтенше жағдай басталғаннан-ақ зерделі өлкенің тұрғындарына көлік-көлік қораптар, дорба-дорба азықтар ағыла бастаған. Қолы ашық жомарт жандар қиын күнде елдің іргесінен табыла білді. Борис Козлов есімді меценат қашықтан білім алып жатқан 7 оқушыға планшет сыйлап, 65 зейнеткерге азық-түлік жеткізген. Күні кеше Kusto group қарамағындағы Kazbeef компаниясы #KustoHelp әлеуметтік жоба аясында 500 азық-түлік жиынтығын таратты. Бұл көмек Мәлік Ғабдуллин атындағы ауылының мұқтаж отбасыларына бағытталған. Жеңістің 75 жылдық мерейтойына орай еңбек ардагерлері мен майдангер жесірлеріне, Чернобыль, Ауған ардагерлері, жалпы саны 381 адамға азық-түлік жеткізілді. Бұдан басқа тағы 400 отбасына кәсіпкерлер мен волонтерлер демеу көрсеткен. Осылайша, қайырымды жандар жергілікті жұрттың еңсесін бір көтеріп тастады.

– Бүгінгі күні Біз біргеміз акциясы аясында Зеренді ауданының 1200 тұрғынына 20 миллион теңге көлемінде көмек көрсетілді. Алғашқы кезеңде  «Алтынтау-Көкшетау» серіктестігі 150 тұрғынға азық-түлік пен ақшалай көмек жіберді. Қолдау, ең алдымен, көпбалалы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар, жалғызбасты ардагерлерге жолданды. Екінші кезеңде Сарыөзек ауылдық округының тумасы Абай Әлиев Баратай, Ақан, Уголки ауылдарының 72 отбасын азық-түлікпен қамтамасыз еткен,–дейді Зеренді ауданы әкімінің орынбасары Райхан Ғабдуллина.