Қай тіл болса да адамдар сөйлеспесе тұл болмай ма? Ауыз әдебиеті теңдессіз бай қазақ тілі де ауызекі сөйлегенде тұсауын шешкен тұлпардай ашыла, көсіле түсетіні рас. Адамдарға қызмет көрсететін байланыс саласы жұмыс барысында нағыз тілдің қолданыс аясын, өрісін кеңейтеді. Жақында Қостанайда «Мемлекеттік тіл – ұлт бірлігінің басты факторы» атты дәстүрлі тілдер фестивалі өтті. Көлік және коммуникация министрлігінің үйлестіруімен және «Қазақтелеком» АҚ ұйымдастыруымен оған байланыс саласының «Қазақтелеком», «Қазпошта», «Қазтелерадио», «Транстелеком», «Мобайл Телеком сервис», «Кселл» компанияларының алты командасы қатысты.

Қай тіл болса да адамдар сөйлеспесе тұл болмай ма? Ауыз әдебиеті теңдессіз бай қазақ тілі де ауызекі сөйлегенде тұсауын шешкен тұлпардай ашыла, көсіле түсетіні рас. Адамдарға қызмет көрсететін байланыс саласы жұмыс барысында нағыз тілдің қолданыс аясын, өрісін кеңейтеді. Жақында Қостанайда «Мемлекеттік тіл – ұлт бірлігінің басты факторы» атты дәстүрлі тілдер фестивалі өтті. Көлік және коммуникация министрлігінің үйлестіруімен және «Қазақтелеком» АҚ ұйымдастыруымен оған байланыс саласының «Қазақтелеком», «Қазпошта», «Қазтелерадио», «Транстелеком», «Мобайл Телеком сервис», «Кселл» компанияларының алты командасы қатысты. «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы осы шараға биыл алтыншы рет қатысты. Тіл жарысына қатысқан команда құрамындағы он қызметкердің жетеуі өзге ұлт өкілдері еді. Фестиваль компаниялардағы негізгі қызмет бағыты және мемлекеттік тілді енгізу мәселелері бойынша өткізілген семинарлар, байқаулар және түрлі іс-шаралардың материалдары орналастырылған стендттер экспозициясымен басталды. «Жайдарман» форматында өткен негізгі байқау «Ең бірінші бақытым – тілім менің...», «Ширату», «Әзіл-оспақ, тапқырлық» және «Мамандығым – мақтанышым» атты төрт кезеңнен тұрды. Олардың барлығында командалар байланыс саласы қызметкерлерінің жұмыстағы, үйдегі өмірінен қызықты, күлкілі оқиғаларды, сәттерді көрсетті. Мұның өзі тіл үйренуді күнделікті өмірдегі ауызекі әңгіме арқылы ширатуымен қатар, фестивальдің көрерменді зеріктірмейтін қызықты болуына да ықпал етті.
– Фестивальдің басты мақсаты – байланыс саласындағы ірі компаниялардың арасында мемлекеттік тілді меңгеруді насихаттау болып табылады. Біздің сала қызметкерлері үшін мемлекеттік тілді меңгерудің маңызы зор. Келуші қай тілде қызмет көрсетуді өтініш етсе, сол тілде жауап беруге міндеттіміз. Фестивальді «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы осымен үшінші рет өткізіп отыр. 2007 жылы біздің компания іс жүргізуге мемлекеттік тілді енгізуге, ол үшін байланыс операторларының күшін біріктіруге бастамашы болған еді, – дейді «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы ұйымдастыру-бақылау департаментінің директоры Нағия Смағұлова. – Компанияда жыл бойы мемлекеттік тілге қатысты жұмыстар атқарылып отырады.
Көлік және коммуникация министрлігі мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту жұмыстарына жіті қарайды. Биылғы фестивальге «Қазақтелерадио» командасының қосылуы осының бір дәлелі болса керек. Алдағы бес жылда байланыс саласы компаниялары арасында тілдер фестивалін өткізуге жауаптылар белгіленді. Келесі жылы эстафетаны «К-сеll» компаниясы алатын болды.
Қостанайда өткен тілдер фестивалінде қазақшасы икемге келіп қалған «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының командасы бірінші орынды иеленді. Қалған екі жүлдені «Транстелеком» мен «Мобайл Телекомсервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бөлісті.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.