Қоғам • 18 Мамыр, 2020

Қазақстанда АИТВ жұқтырғандардың басым бөлігі ер-азаматтар

301 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мамыр айының үшінші жексенбісінде Дүниежүзілік ЖИТС-тен қайтыс болған адамдарды еске алу күні атап өтілетіні белгілі. Дегенмен, биыл Қазақстанда CОVID-19 пандемиясы кезінде бұл датадағы шаралардың сипаты басқа болды. Бір жағынан бұл – АИТВ инфекциясын ауыздықтай отырып, коронавирустық инфекциядан емделушілердің өмірі мен денсаулығын сақтаудағы ел дайындығын көрсететін бір сынақ.

Қазақстанда АИТВ жұқтырғандардың басым бөлігі ер-азаматтар

Мәселен, барлық өңірлік орталықтарда емделушілердің денсаулығын сақтау мақсатында антиретровирустық (АРВ) препараттар ұзаққа жету үшін артығымен қолға берілді. Оқшаулауға тура келген барлық мұқтаждарға медициналық қызметкерлер дәрі-дәрмектерді үйге жеткізді. Үкіметтік емес қоғамдық ұйымдардың аутрич-қызметкерлерімен және волонтерлерімен бірге жеке қорғану құралдарын – маскаларды, қолғаптарды, санитайзерлерді жеткізуді де қоса ұйымдастырды. Жұмысынан айырылған және азық-түлікке мұқтаж адамдардың тізімін дәрігерлер әкімдіктер мен халықаралық гуманитарлық ұйымдарға жіберді.

– COVID-19 алдындағы тәуекелдер біздің пациенттер үшін теріс мәртебесі бар адамдардан еш айырмашылығы жоқ. Бұл вирустық жүктеменің басылған жағдайында. Кері жағдайда тәуекелдер артады. Сондықтан біз үшін АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың барынша оқшаулануы өте маңызды болды, – дейді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының директоры Бауыржан Байсеркин.

Жыл сайын елімізде АИТВ-мен өмір сүретін, антиретровирустық терапиядағы адамдар саны артып келеді.  Соңғы бес жылда қамту 36-дан 68 пайызға дейін артты. Емдеу сызбасы да жетілдіріліп, заманауи препараттар сатып алынуда. Бұл емделушілердің денсаулығын сақтауға және сапалы өмір сүруін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында АИТВ-инфекциясының індеті шоғырланған сатыда тұр. 2020 жылдың бірінші мамырындағы соңғы мәліметтерге сәйкес, ел азаматтары арасында АИТВ-инфекциясының  жұқтыру оқиғасы көбейе түскені анықталып отыр. Мамыр айының басында Қазақстанда АИТВ-ахуалды адамдардың саны 37 860-қа жетті. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда АИТВ жұқтырудың жаңа оқиғалары 13 пайызға өскені байқалады. Өкінішке орай, АИТВ-ның жаңа жағдайлары санының артуы – Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдері үшін жалпы үрдіске айналып тұр.

Қазақстанда АИТВ жұқтырғандардың басым бөлігін (66 пайыз) ер-азаматтар құрайды. Сол сияқты жаңадан анықталғандардың да басым бөлігі – 30-39 жас аралығындағылар – 39,5%. Соңғы жылдары бұл инфекцияның жыныстық жолмен жұғуы қайтадан белең алып отыр.

 

 

АЛМАТЫ