27 Қыркүйек, 2013

Әзағаңмен хаттасып едік...

400 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

43Өзінің ерекше табынған ұстазы – белгілі жазушы Мұқан Иман­жановпен екеуара ұзақ жылдар бойына үзбей хат жазы­сып, елдік, ерлік, шығармашылық, адамгершілік туын жел­бірете білген Әзілхан аға Нұршайықовтың маған да көңіл бөліп, уақытын қиып хаттасуы – теңдессіз кішіпейілділік пен мейірімділіктің үлгісі деп түсінемін.

Бүгін Астанада «Ә.Нұршайықов және қазақ журналистикасының өзекті проблемалары» тақырыбында республикалық конференция өтеді

Эпистолярлық әдебиет, эпистолография (грекше – жолдау, хат)– хат тү­рінде жазылған шығарма деген ұғым береді. Ол жанр ретінде көне дәу­ір­­ден бастау алады. Тіпті хатпен жазыл­ған роман да пайда болған. Қазақ әде­бие­тінің мысалында – Ш.Уәлиханов пен Ы.Алтынсариннің орыс достарына, Абайдың өз туыстарына жазған хаттары эпистолярлық қымбат мұра болып та­былады. Соның ұшқыны бертінге ша­шырағаны да заңдылық шығар, бәлкім...

43

Шіркін, жастық шақ! Не істет­пей­сің сен, жас жүрекке! Қайда жұм­сат­тыр­майсың буырқанған қуатты! Бұла күшпен бой кернеген, аласапыран рухымен ойды демеген ұрымтал да ұлағатты қайран күш!.. Осыдан отыз сегіз жыл бұрын мені қисынсыз да қымбат, бұрыс әлде дұрыс бір шаруаға айдап салып едің ғой. Содан... Иә, содан, 1975 жылдың 2 мамырында Қостанай қаласынан Алматыға – даңғайыр жазушы Әзілхан Нұршайықовқа хат жөнелтіп жіберейін. Хат кетті. Құр сүлдерім қалды. Маңызы да соншама алып-жұлып бара жатпаған секілді. Қатардағы көңіл ауаны. Сезімге суарылған сергелдең күйімнің сезікті бір үзік сыры дегендей. Өзім қызмет ететін облыстық «Коммунизм таңы» газетінің бетіне шыққалы жатқан бір очеркімді, осы айдарға татитынын, татымайтынын бағалатып, сынатып алмақ болғанмын ғой. Хатымның мәнісі былай:

«Құрметтi Әзiлхан аға!

Сау-сәлемет болдыңыз ба? Сiздi алда келе жатқан 5 май – Баспасөз күнiмен құттықтаймын! Менiң Сiзге амалсыздан хат жолдап отырған жайым бар. Әрине, осындай ұсақ мәселемен уақытыңызды алғаныма кешiрiм өтiнемiн. Қысылған сәтiмде Өзiңiз есiме түсiп, басқа амалын таппай, Сiзге ғана жүгiнуiме тура келдi. Ендi тоқетерiн айтайын. Рудныйлық эксковаторшы Сәлiмжан Досов туралы «Серпiн» атты очерк жазып, өз газетiме (облыстық «Коммунизм таңы») ұсынып едiм, басшылар жағы «бұл очерк дәрежесiне толық көтерiлмеген» деп, жанрын қоймай жарияламақ болды. Бұған мен келiспедiм. Оны қайтарып алып Сiзге жiберiп отырмын. Оқып көрiп, жанрын анықтауға көмектеспес пе екенсiз? Өзiм очерк дәрежесiне көте­рiлген секiлдi деп ойлаймын.

Құрметтi Әзiлхан аға! Мына «Жүрек жылуы» деген очеркiмдi де қосып салып отырмын. Газетке жарияланған бо­ла­тын.

Бұны да сараптан өткiзiп берсеңiз екен. Өзiңiзге ұқсап «очеркист» болғым келгендiктен осындай тосын ұйғарым жасадым. Жас журналистердiң ұлағатты ұстазы атанған Сiз бұл өтiнiштерiмдi ескерусiз қалдырмайды деп сенемiн.

Өзiңiзге деген iңкәрлiкпен Қайсар ӘЛIМОВ,

Қостанай облыстық «Коммунизм таңы» газетiнiң өнеркәсiп, транспорт және құрылыс бөлiмiнiң меңгерушiсi. Қостанай қаласы. 2.05.1975 жыл.».

Осылайша, жүрек жұтқан екенмін. Болар іс болды, жауап күтуден басқа дәр­менім қалмапты...

Дәтке қуат! Алаңкөңілді уат! Ақ түйе­нің қарны жарылды. Үшбу хат кел­ді. Бәтір-ау, жауапты Әзілхан ағам­ның өзі жазып па екен? Иә, дәп өзі! Очер­кімді жалықпай, бақайшағына дейін талдап, шағып беріпті. Газетке ұял­май, қорашсынбай басатын очерк деп бағалапты. Одан әрі не кідіріс бол­сын, очеркімнің тұмылдырығы алын­ған... Әзағаңның сол жауабы мынау еді: «Қадiрлi Қайсар! Сiзге кешiгiп жауап берiп отырғаныма ғапу өтiнемiн. Сiзден хат алғаннан кейiн Шығыс Қазақстан, Семей, Шымкент облыстарына барып қайтуыма тура келдi. Бұрынғы майдангер жолдастарыммен жолығуым қажет едi. Сiздiң маған жiберген екi очеркiңiздi де оқыдым. Екеуi де газет очеркi екен. Газет үшiн ешқандай кемшiлiгi жоқ дүниелер. Сондықтан ол екеуiн де қай газетке болса да, ұялмай ұсынуға, қымсынбай басуға болады.

Ал газет очеркi мен көркем очерктiң арасында айырма барын өзiңiз бiлесiз ғой. Газет очеркi не болды деген сұраққа хабарлай жауап бередi. Көркем очерк оның қалай болғанын баяндап түсiндiредi. Мысалы:

1) Электровоз машинисi Сәлiмжан Досов тәжiрибелi машинист Дмитрий Алексеевич Тереховпен социалистiк жарысқа түстi. Алғашында Досов Те­ре­ховтан қалып қойды. Артынан озып шықты. Сондықтан, оны электро­воз цехының бастығы Васил ий Евсеевич Корнев машинист-нұсқаушы етiп жо­ғары­латты. Ол бұл жұмысты жiгер­лi ұйымдастырып, барлық маши­нис­тердiң цехқа келген жаңа тепловоздарды меңгеруiне мұрындық болды. Дмит­рий Алексеевичтiң өзi де Сә­лiм­жан­ның жiгерлiлiгiн мойындап, оған қарыз­дармын деп есептедi. «Себебi, Сәлiм­жан (оның) жарыстағы қыр­сыздық­тарын қыр соңынан қалмай айтып, бетiне басып отырды» («Серпiн», 14-бет) деп аяқталатын материал газет очеркi болады.

2) Осы хабарда Сәлiмжанның қандай екендiгi, мiнез-құлқы, жiгерi оқушының көз алдына елестеп отыратын болса, кейбiр қимылы, айтқан сөздерi ойда қалса, Тереховтан қалып қойғандағы күйзелiсiне оқушы иланып, соған жаны ашып отырса, ең соңында оқушы «Бәсе, мұндай адам өз дегенiне жетпей қалуға тиiс емес!» деген қорытындыға келсе, оқушы онымен қоса қуана алса, мiне, бұл – көркем очерк. Бұл өзiңiзге әбден айқын жай. Сiздiң екi очеркiңiз де осының бiрiншiсiне жатады.

Әрине, Сiз жазғанымның газет очер­кi екенiн өзiм де бiлемiн. Бiрақ соны қалай көркем очерк етуге болады, маған Сiз осыны айт дерсiз. Бұл жайында бiлетiнiмдi бiр хатпен айтып жеткiзiп, түсiндiрiп беру маған да мүмкiн емес. Ең алдымен, бұған бiрсыпыра өмiр тә­жiрибесi керек болар.

Сiз газет очеркiн жазуды меңгерiп­сiз. Ендi ары қарай талпынып, талаптана беру шарт. Мәселен, Сәлiмжан туралы жинаған материалыңызды егер осы очерк емес, әңгiме болса қалай жазылар едi деп те ойлап көрiңiз. Әрине, көркем очерк немесе әңгiме жазу газет очеркiн жазғаннан гөрi уақытты көп тiлейдi, көбiрек ойланып-толғануды талап етедi. Әсiресе, тiл жағына көбiрек назар ауда­ру керек. Сiз газет тiлiне бапаңдай көрiнесiз.

Және ылғи газет тiлiн қолданады екенсiз. Көпшiлiкке түсiнiксiз, мағы­на­сы екiұшты сөздердi де қолданып жiбе­ре­тiнiңiз байқалады. Мысалы, «Ер­тең көре, бiле аузын ашпады демер­сiң» (3-б.). Осындағы «демерсiң» де­ген мүлде терiс қолданылған сөз ғой. «Менi қолтығымнан демерсiң» деу­ге болады, ал «аузыңды ашпады демер­сiң» деп ешкiм де айтпайды ғой. Неме­се: «Проценттерiң 200-дiң үстiне шығып кеткенi ме? Жарағансыңдар!». Осындағы «жарағансыңдар» деген де өз орнында тұрған сөз емес. Очеркист сөздiң мағынасын жете бiлуi парыз.

Қолданған әр сөзiңнiң екiұшты мағына бермеуiн қарастыру, айтайын деген ойыңды дәл бiлдiретiн сөздер таба бiлу қажет.

«Жүрек жылуы» атты очеркiңiздi «Қазақстан мұғалiмi» газетiне ұсындым. Газет очеркiн жазып, республикалық га­зет­терде жариялату Сiзге таңсық дү­ние емес сияқты. Сол себептi мына очер­кiңiздi қайта жазу үшiн өзiңiзге жiберiп отырмын. Осы жазғаным көр­кем­дiк дәрежесiне көтерiлдi-ау деген ең соң­ғы нұсқасын маған қайтадан жiбе­рерсiз.

Сiздiң жай журналист емес, журна­лист-жазушы болуыңызға шын жү­рек­тен тiлектеспiн.

Құрметпен Әзiлхан. 24.06.1975 ж. Алматы.».

Аңдамай жасалған ілкі қадам, ірі адымға ұласып кетерін қайдан білейін. Ара-арасында бір-бірімізді «жоғалтып» алып дегендей, іркіс-тіркіспен алмасқан хаттасуларымыз Әзағаңның көзі жұ­мыл­ған 2011 жылдың ақпанына дейін жалғасып келіпті-ау!

Біраз жылға жалғасқан осы хат­та­суларымыздың архитектоникасын нобайы мен бітімі үндестіріле пішіліп, заман мен қоғамның сөзін айтуға бағытталған сәтті үдерістік пайым десек, қателеспейміз. Яғни, жүлгелеп жіктесек, бұл эпистолярлық жанрдың жүрдек жазбаларында қоғамның сатылы өзгерістеріндегі қадау-қадау қара­пайым өмірлік әрі тұрмыстық, әлеу­меттік-экономикалық, рухани һәм имандылық мәселелері, сондай-ақ, әри­не, махаббаттың мәңгілік баян­дары да әр қырынан көрініс тауып жат­қанын баса айтқымыз келеді. Ел Тәуелсіздігінің тұма бастауы, орны­ғып қалыптасуы, нығайтыла түсуі тұр­ғысындағы ой орамдарының көкжиегі де кеңейгендей әсер сыйлары сөзсіз. Ал кейбір тұстарында үлкен жазушымен шынайы, бүкпесіз сырласудың нәтижесінде таза өзімсіне әңгімелесу ыңғайымен, бұғалықсыз кеткен әсер-сезім көріністері де байқалады.

Өзінің ерекше табынған ұстазы – белгілі жазушы Мұқан Иманжановпен екеуара ұзақ жылдар бойына үзбей хат жазысып, елдік, ерлік, шығармашылық, адамгершілік туын желбірете білген Әзілхан аға Нұршайықовтың маған да көңіл бөліп, уақытын қиып хаттасуы – теңдессіз кішіпейілділік пен мейірімділіктің үлгісі деп түсінемін. Сол үшін де – үлкен азаматтығы мен қарапайымдылығына тәнті болған көңілмен Әзағаң рухына әрдайым басымды иемін!

Мың алғыс Сізге, Әзаға! Хатта­су­ларымыз («Махаббат жыршысы», эпистолярлық хикаят, «Фолиант», Астана, 2005 ж.) халық кәдесіне жарап жатса, одан өткен бақыт, мархабат болар ма? Бұл кітапты оқырман тұшынып қабылдаса – Сіздің ыстық жүрегіңізден төгілген нұр-шуақтың әр кеудені жылытып, сезім әлдиімен т

Соңғы жаңалықтар

Түтінге тұншыққан Өскемен

Аймақтар • Бүгін, 08:50

Айрықша аквамәдениет

Шаруашылық • Бүгін, 08:45

Азаматтық ұстаным

Саясат • Бүгін, 08:43

Ел өркендеуінің жаңа бағдары

Саясат • Бүгін, 08:38

Жұмысшы құқы неге бұзылады?

Құқық • Бүгін, 08:30

Тарихи таңдау

Пікір • Бүгін, 08:28