27 Қыркүйек, 2013

Түбі бір түркі жұртын бірлікке бастаған басқосу

410 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

ERA 6412Таяуда ғана Шығыс Қазақстанда өткен «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық форумға қатысып, төр Алтай төрінен, киелі Абай жерінен Астанаға үлкен әсермен оралған жайым бар.

ERA 6412Таяуда ғана Шығыс Қазақстанда өткен «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық форумға қатысып, төр Алтай төрінен, киелі Абай жерінен Астанаға үлкен әсермен оралған жайым бар.

Ең әуелі осымен екінші мәрте өткен форумның жоғары деңгейде ұйым­дас­тырылғанын айта кетуді жөн көріп отырмын. «Алтай – түркі әлемінің алтын бесі­гі». Форумның тақырыбы да тауып қой­ыл­ған екен. Расында да, Алтайдың түбі бір түркі жұртының алтын бесігі екеніне еш­кім де күмән келтіре қоймас. Түркі әлемі – қырыққа жуық ұлт пен ұлыстан құ­ралса да қай кезде де ниеті ортақ, тілегі бір, әдет-ғұрпы ұқсас бауырлас жұрттар.

Екі күнге созылған форум аясында Өскеменде «Алтай – түркі әлемінің ал­тын бесігі» деген тақырыпта үлкен ғы­лыми-тәжірибелік конференция өтті. Бұл конференцияға шетелден арнайы келген ғалымдармен және Мұхтар Құл-Мұхаммед, Олжас Сүлейменов, Дүйсен Қасейінов сынды азаматтармен бірге мен де қатысып, талқылауға ұсынылған мәселелерге өз көзқарасымды білдірдім, ойларымды ортаға салдым.

Халқымыз осы уақытқа дейін талай зобалаңды көріп, талай нәубетті бастан өткерді ғой. Әсіресе, Ресей империясының боданы болған ұзақ жылдар көлемінде ұлтымыз қыспақты аз көрген жоқ. Түбі бір түркі бауырларымызбен арадағы жылы қарым-қатынастың желісі үзілген кезі еді бұл. Тіпті, «Түркі халықтары бірімен бірі дос, бірімен бірі бауыр» деп айтуға жол берілмеді. «Балапан басына, тұрымтай тұсына» демекші, сол кездері бауырлас ұлттардың әрқайсысы өз бетімен кетті. Заман соған мәжбүрледі.

Ер түрік ен далаңа көрік еді,

Отырса, көшсе, қонса – ерік еді.

Тұрғанда бақыт құсы бастарында,

Іргесі жел, күн тимей берік еді, – деп қазақтың ұлы ақыны Мағжан жырлағандай, сол кезеңде ен далаға көрік болған түркі бірлігі жайында сөз қозғалса немесе «бәріміз түбі бір түркіміз» деген жандарға ұлтшыл, пантюркист деп жала жапты. Қудалады, қуғындады. Ол кезеңде түркі жұртының тарихын бізге оқытқан жоқ. Ал түркі бірлігінің тарихы деген мәселе мүлде болған жоқ. Бауырлас ұлттар бір-біріміздің мәдениетімізді, ішкі бірлігімізді білмейтін, бір-бірімізді жөнді танымайтын жағдайға жеттік. Біз солай өскен ұрпақпыз. Шынын айтқанда, еліміз өз Тәуелсіздігін алғаннан кейінгі жылдары да түркі ұлыстарының тарихы бөлек-бөлек қаралып келді. Түркі бірлігінің тарихы соңғы кезде ғана қозғалып жатыр. Сондықтан, Өскеменде өткен бұл форумның бауырлас ұлттардың береке-бірлігін арттыруда, осы елдер арасындағы мәдени байланысты нығайтуға, ең бас­тысы, өткенімізді тарихи һәм ғылыми тұрғыдан зерделеуге, зерттеуге, жаңаша тұрғыдан ой қорытуға қосар үлесі зор деп есептеймін.

Кез келген халық өзінің тарихын, түп тамырын, шыққан тегін білуі керек. Тарихи тамырын біліп, соны бойға сіңіріп өскен ұрпақ қана өзін-өзі тани алады. Өкінішке қарай, көпшілік жастар өзін өзі танымайды. Содан кейін көпшілік жағдайда өзгенің шылауында кетіп жатады.

Біз өз халқын ойлайтын, халқын сүйе­тін, ұлтжанды, отанжанды адамдар тәр­биелеуіміз керек. «Бір жол бар алыс, алыс та болса жақын. Бір жол бар жа­қын, жақын да болса алыс» деп қарай­тын болсақ, барлық түркі ұлыстары әуелі өз келешегін ойлайды. «Келешекте халқы­мыз мемлекеттігінен айырылмаса екен, әрдайым мықты халықтардың қатарында жүрсе екен, санымыз ұлғайса екен» деп армандайды. Әр халықтың өзіндік арман-мұраты бар. Алайда, мемлекеттің қуатын, ұлттың бірлігін байлықпен, ақшамен өлшеуге болмайды. Әрине, экономика да керек, техника да керек, технология да керек. Бәсекеге қабілетті болу да керек. Бі­рақ соның бәрінен де құнды, дүние­де­­гі ең керемет нәрсе – патриоттық рух, отан­сүй­гіштік сезім. Жұрты үшін жанын пи­да қылуға дайын азаматтары бар ха­лықтың рухы қашан да асқақ, мәңгі­лік, ол халықты алатын жау жоқ. Туыс­тас елдердің мәдениетін бір арнаға тоғыс­тыру, түркі жұртының бірлігін бекемдеу мұратын көздеген бұл форумның мән-маңызының бөлек болуының бір сыры осында жатыр.

Осы форум аясында Катонқарағайда өткен түркі халықтарының музыкалық фестиваліне қатысудың да сәті түсті. Төр Алтайдың баурайында, тамаша табиғат аясында, саф ауа да, сақ бабаларымыздың қорымы табылып, әлемді таңғалдырған «патшалар жазығында» бауырлас ұлт өкілдері бар өнерін паш етті. Тілегі бір, тілі мен ділі ұқсас жұрттың ұл-қыз­дары­ның өнер деген ғажайып ар­қылы бір-бірімен қауышып жат­қанына мен шын қуандым.

Әлемде табиғаты тамыл­жыған жерлер аз емес қой. Елімізде де көрікті орындар жетерлік. Алайда, Шығыс Қазақстандағы Катонқарағайдың орны бір бөлек екен. Бұл жердің сұлулығы, даласы, ауасы, тауы мен тасы қандай?! Бұл жердің адамға әсері керемет екен. Осындай әдемі, көркем жерлерімізді әлемге көрсетуіміз керек деген ой келді маған.

Осынау форум барысында шетелден келген қонақтар тарапынан және еліміздің ғалымдары, зиялы қауым өкілдері тарапынан жақсы пікірлер мен тың ұсыныстар айтылды. Мәселен, Талғат Мамашев Шығыс Қазақстанның әкімі Бердібек Сапарбаевқа Дүниежүзі қазақтарының келесі құрылтайын осы форум аясында өткізсек деген ұсынысын жеткізді. Облыс әкімі келешекте бұл форумның ауқымын кеңейтіп, мағынасын тереңдетіп, Алтайдың әлемдік мәнін көрсету керек деген ойын білдірді. Мұның бәрі бұл форумның мәні мен маңызының зор, тағылымының терең екенін һәм халықаралық деңгейдегі осынау мәдени шараның өміршеңдігін көрсетсе керек.

Реті келгенде айта кетейін, өз басым Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібекті ертеден білемін. Экономиканы, шаруашылықты ғана емес, барлық саланы жетік білетін зияткерлігі басым азамат. Ол кісінің руханият саласына ерекше мән беретінін бұрыннан білсем де, осы форум барысында мәдениет пен өнердің шын жанашыры екеніне тағы бір мәрте көзім жете түскендей болды.

Құдайға шүкір, елімізде түрлі бас­қосулар өтіп жатыр. Бұған дейін де өт­кен, әлі де өтер. Бірақ бұл форумның мәні бөлек, тақырыбы өзекті. Көтерген мәселесі өміршең. Сондықтан, бұл форум тек түркі әлемінің ғана емес, бүкіл адамзат дүниесіне, руханиятына қосылған үлес деп нық сеніммен айтуға болады.

Жабайхан ӘБДІЛДИН,

академик.