27 Қыркүйек, 2013

Жұмыс ықыласқа үйіріледі

240 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

укиметГауһардың жас болса да өмірден түйген бір қағидасы бар. Ол – алға талпыну, еңбек ету. Ол мұны ауылда бала кезінен жұмыс істеп өскендігі болар деп түйеді. Мектепті бітірген соң, Астанада тұратын ағаларына барды. Сонда Қарағанды экономикалық университеті филиалының бухгалтер және аудит факультетіне оқуға түсті. Дипломын алған соң жұмыстың ретіне қарай Алматы, Қостанай қалаларында тұрды. Бірақ ауылдан кетсе де, Гауһар ата-анасын, туған үйін жиі ойлай беретін. Өзінің алдындағы, кейінгі бауырлары мектепті бітірген соң оқуға кетті, одан әрқайсысы өз алдына үйлі-баранды болды. Солардың арасында ата-анасына көбірек қолқабысын тигізген де өзі екен. Сондықтан болар, оларға тым бауыр басқан. Сыртта жүрсе де есінен бір шықпайды. 2010 жылы өзінің сүйікті әкесі Әділбектен көз жазып қалды. Бұл қайғы анасына да, өзіне де ауыр тиді. Астанада істеп жүрген жұмысын тастап, сонау шалғайда жатқан Қамыстысына қайтып келді, анасының қасында болды. Үйде қарап отыра беруге Гауһардың дәті шыдамады. Тірі адам тіршілігін жасауы керек екен. Анасының зейнетақысына қараудың өзі ұят-ау... Еңбексіз қарап отыру – Гауһардың бойына сыйыспайтын мінез. Бірақ оған алақандай аудан орталығында бухгалтерлік жұмысты кім бере қояды? Осылай әрі-сәрі жүрген кезде «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы туралы естіді. Аспаздық маман­дықты игеруге жазылды.

– Қостанайдағы Индус­трия­лық-педагогикалық колледжде үш ай аспаздыққа оқып келдім. Бағдарлама шеңберінде жолақым, тұрған орным тегін, оның үстіне стипендиясын айтпайсыз ба? Әйел адамға асхана сырын жақсы білу ең бірінші парыз. Мен осыны ойладым, оның үстіне аспаз­дық өнер мамандығыма айналса, ол арқылы нәпақамды тапсам ғанибет емес пе? Мұндай мүмкіндікті кім жасар еді маған? – деп ағынан жарылды Гауһар.

Ол үш айлық курстан көп нәрсе үйренді. Қамырдың түр-түрін ашы­татын болды. Нанға, тәтті тоқашқа, бауырсаққа, бәліш­ке ашытылатын қамырдың әрқай­сысы әртүрлі тәсілмен дайындалады. Ал үйде болса осының аражігі оншалықты ажыратылып жатпасы анық. Гауһар аспаздықтың өнер екенін түсініп қайтты. Жыл­дың қай мезгілінде болсын салма-су пісірмейтін үй кем де кем. Оған салатын қамырды әр әйел әртүрлі етіп тіледі. Өзінің үйінде де бұл тағам түрі жиі пісірілетін. Қандай тамақтың да дәмділігімен қатар, дастарқанға қойғандағы сыртқы көркінде де көп мән бар. Ол адамның тәбетін ашып тұруы керек. Етті де сортқа бөліп, оның пісіру, қайнату, қуыру сырларын меңгеріп алды. Жас қыз осының барлығы да бүгін өзіне жұмыс, ертеңгі бүкіл өміріне азық екенін жақсы сезінеді. Қолына аспаз мамандығының куәлігін алып шықты.

Гауһар Тұрдығалиева курсты бітірген соң бір айдың ішінде, яғни шілде айының аяғында Қамысты ауданындағы «Қайрат» ЖШС-ге аспаз болып орналасты. Мұндағы әріптестерімен бірге жұмысшыларға түстік, кештік тамақ дайындайды. Курста үйрен­ген аспаздық өнерін салған­нан кейін, ол да йындаған тамақ­тың қай­сысы болса да тіл үйіреді. Жұ­мыстан шаршап келіп, дас­тар­қанға отырған жұмыс­шылар ас­паздарға рахметін айтып жатады.

– Көпшілік жастар жұмыссыз бос жүреді. Жұмыс табылмайды емес, олар бармайды. Талпынған жанға әрқашан да жұмыс бар. Егер мен жоғары білімім бар, бухгалтер болуым керек деп үйде отыра бергенімде, осы күнге дейін жұмыссыздар қатарында болар едім. Бағдарламаның арқасында мен аз ғана уақыттың ішінде жаңа мамандық игеріп алдым. Кім ұтты? Мен ұттым, әрине! Мүмкіндікті пайдалану керек,–дейді Гауһар қуанышпен.

Гауһардың ойынша жастар қазіргі уақытта қолынан келгенше, уақытының жеткенінше мамандықтарды игеру керек. Қазақ «қолы қимылдағанның – аузы қимылдайды» демей ме? Өйткені, бұл нарық кезі. Өзі әрі бухгалтер, әрі аспаз. Оған жұмыс табу мүмкіндігі ұлғайды. Енді ол массажист, үзуші мамандығын да игеріп алуды ойлап жүр екен.

Адамдармен тез араласып кететін, мінезі ашық қыз асхана меңгерушісіне жаз айларында көкөністі көбірек пайдалануды ұсынды. Қандай тамақ пісірілсе де Гауһар оны көк пияз, аскөк, ақжелек сияқты астың дәмін келтіретін ас шөптермен безендіріп жатқаны. Жұмысшылар асханасының көркі де, дәмі де мейрамханалар дастарқанынан кем соқпайды. Аспаздар Гауһардың елгезектігімен қатар, аспаздық мамандыққа деген ынтасына сүйсінеді. Адамды алға сүйрейтін ынта екенін жасы одан әлдеқайда үлкен аспаз ауылдастары енді түсінгендей сүйсіне қарап қалғанын байқай бермейді.

Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,

«Егемен Қазақстан».

Қостанай облысы,

Қамысты ауданы.

Соңғы жаңалықтар