Қоғам • 19 Мамыр, 2020

Топ-менеджерлер жалақысын қысқартты

317 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұған дейін дағдарыстың алдын алу үшін «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы қызметкерлерінің санын қысқартатынын айтқан болатын. Енді оған қоса сыйақы мен бонусты тоқтатып, қызметтік көліктен бас тартпақ. Бұл туралы компанияның Адами ресурстарды басқару жөніндегі басқарушы директоры Дәулетжан Хасанов хабарлады.

Топ-менеджерлер жалақысын қысқартты

Коронавирустық індетке байланысты мұнай өнімдеріне сұраныстың төмендеуі компа­нияның шығынын ұлғайтты. Осыған байланысты, қаржы­лық жағдайды тұрақтандыру және нарықтық конъюнктура­ның теріс әсерін азайту үшін «ҚазМұнайГазда» дағдарысқа қарсы стратегия жасақталуда.

– Бұл стратегия компания­ға шығындарды азайтуға және дағдарыстан кейінгі кезеңде мекеменің тез әрі тиімді дамуы­на мүмкіндік береді. Осы ша­ралардың аясында Директор­лар кеңесінің шешімі негізінде ком­панияның жаңа құрылымы бекітілді. Осыған сәйкес, орталық аппараттың штаттық саны 34 пайызға, яғни 729-дан 480-ге дейін қысқарды. Сонымен қатар орталық аппараттағы департаменттер саны 3 есеге азайып, басқарушы директорлар лауазымы жойылды. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының орталық аппараты нарықта болып жат­қан өзгерістерге тез және тиімді жауап бере алатындай жинақы болып қайта құрылады, – деді Д.Хасанов.

Оның айтуынша, компания­ның бірінші тоқсандағы табысы былтырғымен салыстырғанда 3 есеге қысқарған. Тіпті, әлемдік нарықта мұнай бағасының күрт құлдырауы салдарынан кейбір еншілес кәсіпорындар қаржы тапшылығына тап болған.

Баспасөз мәслихаты барысында 12 мамырда бас­қар­ма шешімімен орталық аппа­рат­тың жаңа жалақы төлеу жү­йесі бекітілгені айтылды. Ол жүйе бойынша «ҚазМұнайГаз» бас­шы­лық құрамының жалақысы 30 пайызға азаяды, ал басшылық қызметтер санының қысқаруына байланысты төменгі лауазымға тағайындалатын орта буын­дағы менеджерлердің жалақылары 20 пайызға дейін төмендейді. Басқа қатардағы қызметкерлер­дің жал­­ақысы бұрынғы деңгейде сақ­­талады. Сондай-ақ ком­па­нияның қаржылық жағдайына байланысты жыл соңына дейін ешқандай сыйақы немесе бонус­тар төленбейді.

– Мұнай нарығындағы қалып­тасқан жағдай қаншалықты қиын болса да, біз әрбір қызмет­кердің, олардың отбасылары­ның алдындағы әлеуметтік жауап­кершілігімізді толық сезінеміз. Сондықтан  «Самұрық Қазына» қорының тапсырмасы бойынша әлеуметтік-жауапкершілікті босату бағдарламасын әзірледік. Осы бағдарламаға сәйкес боса­тылған қызметкерлерге барынша қолдау көрсетеміз, – деді спикер.

Айта кетейік, компенсациялық төлем жиынтығы 3 айлық жалақы мөлшеріндегі біржолғы төлем­ді, табысынан айырылғандарға өтемақы ретінде 6 ай бойы қар­жылық қолдауды және келер жылдың ақпан айына дейін компания есебінен медициналық сақтандыру қызметтерін пайдалану құқығын қамтиды.