Алдағы қазан айының 8-9-ы күндері Астанадағы Тәуелсіздік сарайында VIII Еуразиялық KAZENERGY форумы өтеді.
Алдағы қазан айының 8-9-ы күндері Астанадағы Тәуелсіздік сарайында VIII Еуразиялық KAZENERGY форумы өтеді.
Осыған орай, «KAZENERGY» қауымдастығы төрағасының орынбасары Ж.Сәрсенов, қауымдастықтың бас директоры Ә.Мағауов, орындаушы директоры Т.Қожалиева, қаржылық-экономикалық талдау департаментінің директоры Н.Жанекенов баспасөз мәслихатын өткізді. Форумда Ж.Сәрсенов жаңа энергетикалық жүйені қалыптастыру, қатерлер мен тың мүмкіндіктер, сондай-ақ тұрақты энергетикалық келешекті қамтамасыз етудегі Еуразия аймағының рөлі талқыланатынын айтты. Энергетикалық самиттің негізгі спикерлері арасында Премьер-Министр Серік Ахметовпен бірге, Францияның, Испанияның бұрынғы премьер-министрлері, Үндістанның, Біріккен Араб Әмірліктерінің осы салаға жауапты министрлері, сондай-ақ тағы бірқатар халықаралық ұйымдар мен компаниялардың жетекшілері болады.
Форумның алғашқы күнінің ресми бөлімі «Жаңа энергетикалық жүйені қалыптастыру: негізгі ойлар, қатерлер мен тың мүмкіндіктер» атты жалпы отырыспен ашылады. Бірінші күні үш дөңгелек үстел өткізіледі. Шара аясында, халықаралық энергетикалық форуммен бірге «Болашақтың қуаты – тиімді шешімдер іздеу» және «Дәстүрлі энергетика – дәуірдің түгесілер тұсы ма, әлде саланың түрленуі ме?» деп аталатын панельді секциялар жұмысы жоспарланған.
Мұнымен қатар, форумда тұңғыш рет Әйелдер энергетикалық клубының «Энергетиканы тұрақты дамытудағы әйелдердің рөлі» атты отырыс ұйымдастырылады. Аталған іс-шара мұнай-газ және энергетика саласындағы әлеуметтік-экономикалық, құқықтық, гендерлік және өзге де мәселелерді талқылап, тиімді шешімін іздеуде нәзік жанды компания басшылары, мемлекеттік орган өкілдері, халықаралық және қоғамдық ұйымдарға жетекшілік ететін әйелдерді біріктіруге, сондай-ақ болашақтың қуатындағы әйелдердің рөлін анықтауға бағытталған.
Ал, KAZENERGY жастар форумы аясында интеллектуалдық «Зерек» ойынын, «Болашақтың қуаты: қатерлер мен жаңа мүмкіндіктер» атты «EXPO-2017» интерактивті пікірсайысын, «KAZENERGY» білім беру бағдарламасы шәкіртақы иегерлерінің слеті мен Мұнай және газ министрінің «Жастармен диалог – кәсібилік аспектілері» шеберлік дәрісін өткізу көзделген. Жалпы, екі күндік форумда басқа да көптеген шаралар ұйымдастырылады.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».