27 Қыркүйек, 2013

Жауапкершіліктің жаңа белесі

363 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көкшетаудағы «Достар» мәдениет сарайында «Нұр Отан» ХДП Ақмола облыстық филиалының кезектен тыс ХVІІ конференциясы болып өтті.

 

Көкшетаудағы «Достар» мәдениет сарайында «Нұр Отан» ХДП Ақмола облыстық филиалының кезектен тыс ХVІІ конференциясы болып өтті.

Өңірдегі 436 бастауыш­ ұйым­нан сайланған делегаттар алдында өңір басшысы, партияның облыстық филиалының төраға­сы Қосман Айтмұхаметов «Қа­зақ­стан-2050» Стратегиясын жү­зеге асырудағы партияның жаңа міндеттері, «Нұр Отан» нұр­лы болашақ жолында!» жаңа Саяси доктринасының маңызы» тақырыбында баяндама жасады. Конференция жұмысына «Нұр Отан» ХДП Саяси кеңесі бю­росының мүшесі, Парламент Мәжілісінің депутаты Светлана Ро­мановская қатысып, сөз сөйледі.

Халық сенімі барлық істердің тұтқасы саналатыны белгілі. Үстіміздегі жылы облыс көлеміндегі қоғамдық қабылдауларда үш мыңнан астам адамның өтініш-тілектері қаралды. Бұл былтырғы мерзім­мен салыстырғанда 20 пайызға артық. Бірақ, азаматтар көтерген мәселелердің басым көпшілігі жергілікті органдар арқылы шешілуге болатынын ескерткен Қ.Айтмұхаметов алдағы кезде мемлекеттік органдардың бірінші басшылары аймақтық филиалдар қабырғасында және ауылдарда көшпелі қабылдаулар ұйымдастыруын міндеттеді.

Баяндамашы облыста партия мүшелерінің қатары үнемі өсіп, 37 мыңнан асқанымен, шағын және орта бизнес, шаруа қожалықтары өкілдерінің саны аз екендігін алға тартып, бастауыш ұйымдар сапалық құрамды нығайту жұмыстарын жақсартуы қажеттігін тапсырды. Сондай-ақ, партияның сан-салалы қызметінде «Жас Отан» жастар қанатының жұмысына көмек-қолдау көрсетіп, замана ауанына бағыттау күнделікті назарда ұсталуға тиістігін атап көрсетті. Қазір алты мың мүшесі бар жасотандықтар барлық деңгейдегі мәжілістердің он мандатына ие болып отыр. Облыста жас саясаткер мектебі, жас саясаткер клубы жұмыс істейді. Олар заманауи технологияларды меңгеру және басқа әлеуметтік бағдарламаларға белсенді түрде қатысумен бірге, туған тарих пен салт-дәстүрлер құндылығын дәріптеуде игі ықпал жасап отыр.

Конференция делегаттары «Нұр Отан» ХДП Саяси доктринасының жобасын қызу қолдап, партияның ХV съезіне 68 делегатты сайлады.

Бақберген АМАЛБЕК,

«Егемен Қазақстан».

Ақмола облысы.

Соңғы жаңалықтар