Аймақтар • 19 Мамыр, 2020

Ақмолада орман өртінің алдын-алу жұмыстары жүргізілуде

271 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Біржан сал ауданы Бірсуат ауылында өрт сөндіру бекеті ашылды. Көктем және жаз  мезгілінде орман өртінің алдын-алу мен қауіпсіздік ережелерін сақтауға ерекше мән беру қажет.

Ақмолада орман өртінің алдын-алу жұмыстары жүргізілуде

Бұл аймақта ашылған 29-шы өрт сөндіру бекеті. «Баймырза-агро» серіктестігінде орналасқан. Ендігі кезекте Заурал ауылдық округі, Бірсуат, Мамай ауылдары мен орман алқаптарындағы өрт қауіпсіздігін сақтауға жұмылдырылмақ.

–Ауданның аумағы 1 миллион гектардан астам. Оның 600 мыңға жуығы жайылым жер. Бұл 4-ші өрт сөндіру бекеті. «Баймырза агро» серіктестігімен бірлесіп ашып отырмыз, дейді Біржан сал ауданының әкімі Ермек Нұғыманов.

Өрт сөндіру бекетінде арнайы гараж жабдықталған. Телефон байланысы және өрт сөндіру көлігімен қамтылған. Құтқарушылар өрт сөндірумен қатар өзге де төтенше жағдайдың салдарын жоюға жұмылдыратын болады.      

Әсіресе көктем мен жаз айларында тыйым салынған аумақта от жағу, қоқыс пен құрғақ шөптерді өртеу дерегі жиі орын алатын көрінеді. Табиғи өртті дереу анықтауға арналған 52 мобильді топ құрылған. Оның құрамында төтенше жағдайлар және полиция қызметкерлері мен орманды қорғау басқармасының мамандары бар. Күні бүгінге дейін 152 рейд шарасы  жүргізілген.

–Өрт қаупі жоғары маусым 6 сәуірде басталған.  Облыс аумағында 3 орман өртінің және   құрғақ шөптің тұтануының 17 дерегі  тіркелді. 11 оқиға бойынша кінәлілер анықталды. Олардың барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, дейді облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Манарбек Шапағатов.  

Дегенмен, төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті өрт қауіпсіздігі талаптарын орындамаған үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту қарастырылғандығын ескертеді.