07 Сәуір, 2010

ЖЕЛАЯҚТАР ЖОРЫҒЫ

798 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қарағандыда басталған марафон Мәскеуде аяқталады Алыс қашықтықтарға жүгіруді машық еткен жандар ішінен іріктеліп алынған 17 қарағандылық сапар кестесі бойынша бүгінде Атбасар-Есіл аралығында жортып бара жатуға тиіс. Одан әрі Аман­қарағайдан Қостанайға асып, Челябі­ні басып, Уфаны көктеп, Қазан­ға соғып, Төменгі Новгород­тан өтіп, 17 сәуірде Мәскеудің Манеж алаңындағы Г.К.Жуков ескерткіші түбінде мәре түйістіру үшін асығыс желіп барады. Жеңіс­тің 65 жылдығына арналған бұл ха­лықаралық марафонды “Нұр Отан” ХДП мен Қазақстан халқы Ассам­блеясы облыстық филиал­дары­ның қол­дауымен “Спартак” спорт қауым­­дастығы, “Фекденикс-Спартак” жүгіріс сүйермендерінің клубы, Николай Старостин атын­дағы спорт қоғамы ұйымдастырып отыр. Сәуірдің 1-інде Қараған­ды­дағы Н.Әбдіров ескерткіші алдында қала жұртшылығы өкілдері шыға­рып салған желаяқтар бүгін алтын­шы күн жорық үстінде. Олар 3070 шақырымды 17 күнде еңсеріп өтпек. Марафоншылар командирі Олег Селезневтің айтуынша жүгіріс жыл­дамдығы сағатына 11-12 шақы­рым­ға есептелген. Команда мүшелері ауы­сып отыра тәулігіне 200 шақы­рымды алуды көздейді. Сөйтіп, сәтін салса, межелі жерге белгі­ленген мерзімде жетулеріне сенеді. 74 жастағы танымал марафон­шы Павел Сиротиннен бастап бәрі алыс қашықтықтарға жүгіруге әбден ысылғандар. Солардың бірі Зейнолла Сейітов зағиптығына қара­мастан, ешқайсысынан олқы­соқ­­пайды. Жеңіл атлетика бойын­ша спорт шебері ол қатарынан үш рет параолимпиялық ойындарға қатысушы. 34 жылдан бері осынау сүйікті машығын өміріне серік етіп келеді. Мыңдаған шақырымға шыдам­ды желаяқтар арасында әйелдер де бар. Бейбітгүл Асылбекова мұның алдында Қарағанды-Қарқаралы, Теміртау-Қарағанды, Астана-Қарағанды бағытындағы марафон­дарға қатысқан болса, енді сонау Мәскеуге дейін жүгіріп баруға бел бууы спорттық жолындағы алғашқы таудай талпыныс. 50 жасында ниеттестері қатарына қосылған Галина Павленкоға да бұл бірінші биік мақсат. Желаяқтар ортасындағы ең жасы Қуанбек Насрал. Қытайда дүниеге келген жігіт жеңіл атлетикамен 11 жасынан шұғыл­дана­ды. Оқушылар арасында Бүкіл­қытайлық ойындар­дың жеңімпазы болған. Ата-баба жеріне оралғанда да жүгіруден қол үзбеген бауы­рымыз 10 шақырым­дық марафон­нан еліміз чемпионы. Бүгінде Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік универси­тетінің студенті. Оның арманы 3 мың шақырымды көмкерген үлкен марафоншы атану. Ал бұрынғы шахтер, халықара­лық 35 классикалық марафонға қатысушы Төлеутай Смайылов бұл жолғы жүгірісін екінші жаһандық соғыста ерліктерімен көзге түскен немере ағасы Егінбай Смайылов­тың құрметіне арнайды. Қарағандылық желаяқтар мара­фон аяқталған соң мәскеулік­термен кездесулер өткізіп, жергі­лік­ті соғыс ардагерлері жайлы жазыл­ған кітаппен таныстырады. Айқын НЕСІПБАЙ. ҚАРАҒАНДЫ.