Коронавирус • 19 Мамыр, 2020

COVID-19: Босаңсу вирустың қайта өршуіне жол ашады

224 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте елордадағы коронавирустық инфекцияның ағымдағы жағдайы, сондай-ақ карантин режімін сақтау шаралары туралы айтылды.

COVID-19: Босаңсу вирустың қайта өршуіне жол ашады

Нұр-Сұлтан қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова ең алдымен бас қаладағы эпидемиологиялық жағдайға тоқталды. «Қазіргі уақытта қалалық ауруханаларда 1022 науқас ем қабылдауда. Олардың 67%-ы – коронавирус жұқтырғандар. Соңғы ақпаратқа сәйкес, елордада коронавирусты 1287 адам жұқтырған. Оның 84-і – 18 жасқа дейінгі балалар. Науқастардың 62%-ы ер кісілер болса, 38%-ы – әйелдер. Жастарына қарай қарастырсақ, вирус жұқтырғандардың ең көбі 18 жастан  49 жас аралығындағылар (76%) болып отыр. 16%-ы 50-69 жас шамасындағы кісілер болса, 70 жастан асқан қарттар – 2%, ал балалар 6%-ды құрап отыр. Вирус жұқтырғандардың 47%-ы жазылып, 14 күндік үй карантиніне жіберілді», деді ол.

Басқарма басшысы осы уақытқа дейін елордада 75 мың ПТР-тестілеу, 32 мың экспрес-тестілеу жүргізілгенін хабарлады. «Мамырдың алғашқы аптасында коронавирус инфекциясының 376 жағдайы тіркелген еді. Орташа өсім ол кезде 6,4 пайызды құраған. Мамырдың екінші аптасында 185 адам анықталды. Орташа өсім 2,3 пайызды көрсетті. Жаңа жағдайлардың екі есе төмендегені байқалады», деді С.Қисықова.

Елордадағы коронавирус инфекциясы деңгейінің оң динамикасына қарамастан санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталуы керек. Карантин шараларының босаңсуы вирустың кез келген уақытта қайта өршуіне әкеп соғуы мүмкін. Осыны айтқан Нұр-Сұлтан қаласының бас санитарлық дәрігері Жанна Пірәлиева елордадағы ірі ойын-сауық орталықтарының жұмысы ертеңнен бастап қалпына келетінін атап өтті. Яғни бұған қатысты тиісті қаулының дайындалып жатқанын жеткізген ол рұқсат етілген нысандарда санитарлық нормалардың талаптарын тек субъектілердің өздері ғана емес, келушілер де қатаң сақтауы тиіс екенін айтты. «Қаладағы эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, ведомствоаралық комиссияда 2020 жылдың 20 мамырынан бастап біздің қалада сауда-ойын-сауық орталықтарының (оның ішінде ойын-сауық және ойын орталықтарынсыз, фудкордсыз, кинотеатрсыз) және қоғамдық моншалардың (сауналардың бассейнсіз), азық-түліктік емес сауда орталықтары мен сауда үйлерінің жұмысын қайта бастау жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл мәселені қазір біздің тарапымыздан қарастырып жатырмыз», деді Ж.Пірәлиева.

Ал Нұр-Сұлтан қаласының Жергілікті полиция қызметінің басшысы Ғұсман Жакин қала маңындағы 6 блок-бекеттен өте алатын адамдардың тізімі кеңейтілгенін жеткізді. Атап айтқанда, оларға қала өміріне қатысты ұйымдарда еңбек ететін жұмысшылар; төтенше жағдай режімінен кейін жұмысы жанданған жұмыс орындарының қызметкерлері; саяжай аумағына және қала шетіндегі үйлерге бара жатқан адамдар; медициналық анықтамасы мен рұқсатнамасы бар адамдар; көктемгі егіс жұмыстарына бара жатқан адамдар; Целиноград, Аршалы, Шортанды, Қорғалжын ауданының тұрғындары; басқа аймақта тіркелген, алайда карантин аумағынан шығып бара жатқан азаматтар; кісі жерлеуге кетіп бара жатқан адамдар; шет мемлекеттердің азаматтары; жасөспірім баласына бара жатқан адамдар; науқас туысына қарау үшін бара жатқан адамдар; Нұр-Сұлтанда тұруға қажетті қаражаты жоқ азаматтар; әуе рейстеріне, әуе билеттері бойынша бара жатқан азаматтар; Түркістан облысына көмекке бара жатқан азаматтар; азық-түлік немесе азық-түлікке жатпайтын керек-жарақтарды әкетіп бара жатқан азаматтар; транзит бойынша бағыт алған азаматтар жатады.

Оның айтуынша, карантин енгізілгелі бері 5 мыңға тарта азамат әртүрлі әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал карантин аумағын кесіп өткен адамдардың барлығы «Сергек-блокпост» ақпараттық базасында тіркеледі.