Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Рамазан пенде таң атқаннан кеш батқанға дейін қалауына ең жақын нәрселерден, атап айтқанда, ас-су ішуден, ақ некемен алған жарына жақындаудан өзін шектейді. Күнә атаулыдан бойын аулақ ұстауға тырысады. Бұл шектеулер не үшін, кім үшін керек? Аллаға адамның күндіз тамақтан тыйылғаны қажет пе?
Жаратушы иеміз күллі жаратылыстың ішінде көркем бейнеде жаратқан жұмыр басты пенденің тіпті адал етілген істен бас тартып, өзіне жақындай түскенін қалайды екен. Құлының махаббаты мен ұмтылысын көргісі келеді екен. Алла тағаланың жақсылықтар еселеніп жазылатын айда мүміннің әр амалының сауабын өзім берем дейтіні содан болар...
Расында, қызылды-жасылды қым-қуыт мына тіршілікте жақсы көретін нығмет көп. Қаланың қайнаған қарбалас өмірінде дүниелік мақсаттар басты уайымға айналып кететіні белгілі. Тіршіліктегі проблемалар пендені негізгі мақсатынан адастыра жаздайды. Мүміннің мұраты құлшылық пен тіршілікті үйлестіріп, Алланың разылығына бөлену емес пе.
«Адамдар арасында әлдебір хикметтерді Алладан кем көрмей, сиынатындар да табылады. Алланы сүйгендей, оларды да сүйеді. Ал мүміндер Алланы ғана сүйеді», («Бақара» сүресі, 165-аят). Ойланғанға ой салар аят.
Ораза Алланы сүюді, Оның разылығын дүниелік істен жоғары қоюды үйретеді. Күннің ысып кетуі, сәресіне ұйықтап қалу, қарын ашып кету, жұмыстан шаршау, қатты шөл қысу, т.б. жағдайлар мүмін үшін себеп те, сылтау да емес. Аузы берік мұсылман жаны мен тәнін жамандықтан, тіпті рұқсат етілген нәрседен «тұсап» қояды. Өйткені, Аллаға деген махаббат бәрін жеңеді.
Осы ретте ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үйреткен дұға еске түседі:
«Уа, Алла! Сені жақсы көруді және Сенің мені жақсы көруіңді сұраймын. Сондай-ақ Сенің махаббатыңа жақындататын амалды жақсы көруді сұраймын. Саған деген махаббатымды салқын судан да артық етші!».
Осы дұғадан көп нәрсені аңғарамыз. Біріншіден, Алланы жақсы көруді және Оның бізді жақсы көруін сұрауымыз керек. Өйткені біз ұмытшақ пенде болған соң өмірде әр нәрсені жақсы көріп кетеміз. Дүниелік нығметтер Аллаға деген махаббатты ұмыттырып жіберуі мүмкін. Тіпті «Бақара» сүресінің 165-аятында айтылғандай адамдар арасында дүниедегі кейбір нәрселерді Алланы жақсы көргендей, жақсы көріп кететіндер болады екен. Байлық, мәнсап, қызмет, т.б. нығметтер басты махаббатымызға айналмауы тиіс. Екіншіден, біз Алланы жақсы көрдік делік. Ал Ол бізді жақсы көре ме? Мәселе осында. Алланың бізді жақсы көруі – бәрінен де маңызды нәрсе. Ол үшін не істемек керек? Үшіншіден, Жаратқан Иеміз ұнатқан амалды жақсы көруді сұрау керек. Аллаға ұнамды амал жасау дегеніміз осы. Демек санамызда «осы ісім Аллаға ұнамды ма?» деген сұрақ жаңғырып тұрса игі. Төртіншіден, Аллаға деген махаббатымызды салқын судан да артық етуді сұрау. Әсіресе ораза кезінде шөл қысқан сәтте салқын су қаншалықты маңызды болса, Аллаға деген махаббат – одан да маңызды құндылық. Өйткені өмірге келуімізден бастап қандай игілікке бөленсек, ең әуелі сол нәрсеге Алланың қалауымен қол жеткіздік емес пе? Бойымызға қанымызды жүгіртіп, асқазанымызда тамағымызды қорытып, денемізге күш-қуат дарытып, аман-есен жер басып жүргеніміз кімнің арқасында? Әрине, Алланың...
Ризықты беруші де Алла, алушы да Алла. Ауызашар дұғасының мағынасы қандай ғибратты:
«Уа, Раббым! Сенің ризалығың үшін ораза ұстадым, Саған иман етіп, тәуекел еттім, Сенің берген ризығыңмен ауыз аштым. Шөл кетті, тамырлар нәр алды. Алла қаласа сауабы қалды».
Ақылды адам осыған ой жүгіртіп, тілін Алланы мадақтаудан босатпайды. Ал бұған ой жүгіртпеген пенде өмірдің заңдылығы осындай деген келте түсінікпен өзіне де, Аллаға да әділетсіздік жасайды... Құдай сақтасын!
Ойланып қарасақ, Раббымыз Рамазанда жеті қабат аспанның есіктерін ашып қояды. Бұл не үшін? Дұғаны қабыл ету үшін екен. Алладан ата-анамыз бен бала-шағамыздың, ағайын-туыс пен еліміздің, Отанымыздың, барша мұсылман үмбетінің игілігі үшін сұрайтын дұғамыз көп емес пе? Отыз күн бойы осыны сұрауға мүмкіндігіміз бар.
Құраннан бас көтермейтін кезең бұл. Өйткені бұл айда қасиетті Құран түсті. Алла Құранның әр әрпіне сауап жазамын деп уәде беріп тұр. Оның үстіне әр әріптің сауабы он есеге өссе, қалайша Құранға «жабысып» қалмасқа?!
Намазды көбейтетін кезең. Хадисте айтылғандай, адам баласы намазға таудай күнә-кемшіліктерімен келеді екен. Сәждеге бас қойғанда күнәсі төгіледі. Рамазанда намазды көбейтіп, күнәмізді төгіп, неге тазарып алмасқа?!
Мәшһүр Жүсіп бабамыздың өлеңінде:
«Оразаң отыз күнгі – отыз кісі,
Бес кісі – бес намазың білемісің.
Жоқ қылып жамандықты
жойылтуға,
Бұларсыз дәнемеге келмес күшің», деп келетін жыр жолдарында айтылғандай, ораза – жамандықты жоюға үлкен мүмкіндік. Бұл – Алланың мейірімі.
Рамазан – Алланы жақсы көретінімізді дәлелдейтін ай. Оразада он бір ай бойы жиналған жамандық атаулыдан жүрек тазарады. Адалдан тыйылған нәпсі, арамнан өзін оңай тежейді. Бұл – басқа айларда Рамазанның рухымен өмір сүруге болады деген сөз. Ізгі ғұламаның бірі: «Рамазаншыл болма» деген екен. Бұл – тек ораза кезінде тақуалықты арттырып, басқа кезде бұрынғы қалыпқа түсіп, кемшілікке көз жұма қарап жүре берме деген сөз.
Әйгілі әмірші Әбу Бәкір (оған Алла разы болсын): «Кім Алла тағаланың махаббатын сезінсе, оның дүниемен ісі болмай қалады және адамдардан оқшауланады», деген екен. Ал ғұлама Хасан Басри: «Кім Рабысын таныса, Оны сүйеді. Кім дүниені таныса, одан жүзін бұрады...», депті.
Рамазанда жүрегімізді тазартып, анадан жаңа туған сәби сынды күнәдан арылуды нәсіп еткей. Оразада Аллаға деген махаббатымызды дәлелдеуге күш-қуат, мықты жігер нәсіп болғай. Рамазаннан кейін де саф қалпымызды сақтауға Жаратқан жәрдем бергей.
Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы