
Ресей Федерациясынан әкелінетін бензин көлемінің қысқаруына байланысты Қазақстан нарығында бензин бағасы күрт қымбаттап кетуі мүмкін.
Бұл туралы журналистерге берген сұхбатында Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин мәлімдеді.
«Қазақстан Ресейден жоғары октанды бензинді белгілі бір мөлшерде ұдайы импорттап отыратыны белгілі. Себебі, біздің зауыттар ішкі нарықты бензиннің мұндай түрлерімен қамтамасыз ете алмайды», - деді Ұ.Қарабалин.
Оның айтуынша, Ресейден жылына 800-900 мың тонна бензин импортталады.
«Қазан айында Омбы, Уфа қалаларындағы ірі зауыттар жоспарлы түрдегі жөндеу жұмыстарынан өтеді деп жоспарлануда. Осыған орай, Ресейден әкелінетін мұнай өнімдерінің мөлшері азаяды. Бұл – уақытша құбылыс, десек те, бұл жайт Қазақстандағы бензин бағасына әсер ететін болады», - деді министр.
Ұзақбай Қарабалин Қазақстан нарығында бензиннің бағасы өсуі мүмкін деген болжам айтты.
«Қазір сізге нақты айта алмаймын, бірақ 5-7 пайыздан аспайды деп болжап отырмыз», - деп ойын түйіндеді ол.
Сәкен Майлыбай.