Қазақстанға келе жатыр
Дүниежүзілік футбол додасының ең басты жүлдесінің Қазақстанға ат басын тіреуіне “Coca Cola” компаниясы ықпал етіп отыр. Өйткені, бұл компания сонау 1950 жылдан бастап әлемдік теңбіл доп додаларында жарнама жасап қана қоймай, әуесқой футболдан бастап барлық деңгейде өтетін жарыстардың басты демеушісі болып табылды.
Аталмыш компания ұйымдастырып отырған айтулы шара біздің елімізден де бөлек, 9 ай бойы 225 тәуліктің ішінде әлемнің 86 елінің 89 қаласында өтпек. FІFA Әлем Кубогының тарихтағы ең ірі сапарының ұзақтығы 134 017 шақырымға созылатын болады. Бұл – Жер шарын үш рет айналып шығуға болатын қашықтық.
Сом алтыннан құйылған Кубоктың биіктігі 36,8 сантиметр, жалпы салмағы 6 кило 175 г. Қазақстанға келе жатқан Кубок оның жасанды көшірмесі емес, дәп өзі.
Міне, осындай нағыз бас жүлденің ең ірі тарихи сапары өткен жылдың қыркүйегінде FІFA-ның штаб-пәтерінен басталған-ды. Әлем Кубогы жоғарыда атап өткендей, 86 мемлекетті кезегімен аралап, үстіміздегі жылдың 4 мамырында чемпионат өтетін Оңтүстік Африкаға табан тірейді.
Айтқандай, Кубоктың саяхаты штаб-пәтерден бастап, бүкіл бағыт бойымен діттеген жеріне жеткенше аса жоғары қауіпсіздік шараларымен қамтамасыз етілуде, өйткені, тарихта әйгілі трофейді ұрлауға екі рет әрекет жасалғаны белгілі.
Дәстүрлі тур FІFA және FІFA-ның ең байырғы серіктесінің бірі “Coca Cola” компаниясымен ерекше ынтымақтастықта жүзеге асып отыр. Бұл тур 2006 жылы өткізілген алғашқы әлемдік сапардың жалғасы, ол кезде Кубок 29 елдің 31 қаласына ат басын тіреп, 102 570 шақырым жолды жүріп өтіп, футболдың миллиондаған жанкүйері әлемнің ең танымал жүлдесін жақыннан тамашалауға мүмкіндік алған-ды.
Ал қазірге Қазақстанға тиесілі оқиғалар легі мынадай. Наурыздың ортасында FІFA Әлем Кубогы біздің елге келе жатқаны туралы алғашқы баспасөз мәслихаты өтсе, сәуірдің 2-сі күні Алматыдағы Абай даңғылындағы Орталық стадионға кіре берісте арнайы таблоның тұсаукесер рәсімі болып өтті. Бұл кері есептеу таблосы Кубоктың Қазақстанға келуіне қанша күн қалғанын әйгілеп тұр.
Аталмыш компания Кубоктың Қазақстанға сапарына орай, астаналық “Локомотив” футбол клубының шабуылшысы әрі Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Сергей Хижниченконы ерікті елші ретінде таңдаған.
Сонымен, FІFA Әлем Кубогының түпнұсқасы кезекті рет алда Оңтүстік Африканың Йоханнесбург қаласындағы “Soccer Cіty” стадионында өткен додада жеңіп шыққан елдің құрамасына тапсырылады. Жеңімпаздар кейінгі жарысқа дейін оны өздерінде сақтайды және марапатқа таза алтыннан жасалған кубокты емес, оның жұқа алтыннан жасалған көшірмесін алады.
Табанына екі қабат малахит салынған трофейдің түбіне 1974 жылдан бері футболдан Әлем Кубогына ие болған елдердің аттары мен жылдары ойып жазылған. Ал биыл ақтық сынға жолдама алған 32 команда тұңғыш рет Африка құрлығында бас трофей үшін барларын салатын болады. Олардың қайсысының аты Кубоктың табанына мақтанышпен қашалатынын алдағы уақыт көрсетеді.
Айнаш ЕСАЛИ.
АЛМАТЫ.