«Күмістің мәңгілік сәулесі» виртуалды көрмесінің әрбір бұйымы шығу тегінің географиясын, түрлі дайындау техникасын, пішінін көрсетеді, әлемнің белгілі бір халқына тән әшекейдің дәстүрлі тәсілдерін терең түсінуге және зерделеуге мүмкіндік береді. Өйткені көптеген халықтар мәдениетінде күміс айрықша орын алады. Көрме жәдігерлері қолданылу мақсатына қарай топтастырылып, көптеген елдер мен халықтың сәндік-қолданбалы және зергерлік өнер техникасы мен тәсілдері жөнінде ақпаратпен толықтырылған.
Көрме сегіз тараудан тұрады, онда: асханалық күмістер, шайға арналған жиынтықтар, құмғандар, сәндік тәрелкелер, құмыралар, мүсіндер, қобдишалар және жазуға арналған сан алуан заттар бар. Мысалы, Мария Терезе патшайымның портреті бар күміс табақшаларды Аустрия Президенті Т.Клестильден 1999 жылы 1 шілдеде тарту еткен. Ал Украина делегациясының «Сяйво» шарабына арналған жиынтығы, Үндістанның Төтенше және өкілетті елшісі сыйлаған күміс құмғаны мен шай сервизі бірегей де қайталанбас өнер туындылары деуге болатындай. Зергерлердің қолынан шыққан бұйымдар өзгеше бір даралық мәнерімен, әсемдігімен ерекшеленеді.
Көпшілік назарына ұсынылған экспозициялар республиканың егемен мемлекет ретінде қалыптасуынан бастап осы күнге дейінгі еліміздің жаңа тарихынан сыр шертіп, оның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тәуелсіз демократиялық мемлекет құрудағы тарихи рөлін жан-жақты таныстырады.
Қазір Елбасы кітапханасының музейінде әлемнің 50-ден астам елі тарту еткен 11 мыңнан астам жәдігер сақтаулы.
«Күмістің мәңгілік сәулесі» виртуалды көрмесін presidentlibrary.kz Елбасы кітапханасының сайтынан тамашалауға болады.