Саясат • 20 Мамыр, 2020

«Отандық экономикаға сенімді қадам керек» - маман

262 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай режімін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында елдің дамуы туралы нақты бағыттарды анықтап берді.

«Отандық экономикаға сенімді қадам керек» - маман

Отандық экономиканы әрта­рап­тандыру, халықты өнімді жұмыспен қамту және табысын арттыру, әлеу­меттік көмектерді қолжетімділігі секіл­ді мәселелерді іске асыру жолдары нақтыланды. Соның ішінде ша­ғын және орта бизнес экономиканы әрта­рап­тандырудың негізгі өзегіне және тірек күшіне айналуы екені айтылды.

Бүгінгі таңдағы біздің шағын және орта бизнесті дамытудың страте­гия­лық бағыты – өндірістік тауарлар мен қызметтердің ішкі жалпы өнім­дегі үлесін қазіргі 25-27 пайыздан 2050 жыл­ға қарай 50 пайызға дейін ұлғайту. Бұл үрдіс жіті қадағаланып, үнемі же­тілдіріліп тұруға тиіс. Себебі ол – ел­дегі бизнес-ахуалдың негізгі көрсет­кіш­терінің бірі.

Біріншіден, елдің 1000 тұрғынына шаққандағы шағын және орта бизнес субъектілерінің саны Қазақстанда орта есеппен 24-25 шамасында. Дамыған ел­дерде бұл көрсеткіш 20-50 бірлік ара­лы­ғында құбылады екен. Демек бұл тарапта жасалатын жұмыс әлі де көп.

Екіншіден, экономикалық көрсет­кіш – экономикалық белсенді халық­тың ішіндегі шағын және орта биз­нес­тегі үлесі. Елде бұл 30 пайызды құрап отыр. Салыстырмалы түрде алсақ, АҚШ-та жұмысқа жарамды халықтың 55 пайызы, Жапонияда 72 пайызы табысын аталған сектордан табады екен. Міне, біздің еліміз де осындай межені басты бағдарға алуы қажет.

Үшіншіден, елдің ішкі жалпы өнімі көлеміндегі шағын және орта бизнес тауарлары мен қызметтерінің үлесі 27 пайызды құраса, дамыған елдерде 60-70 пайыз аралығында. Демек біздің елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті екпінді дамыту үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға екпін түсірілуі керек-ақ.

Төртіншіден, шаруашылықтар ішіндегі аталған бизнес санының үлесі 93 пайызға жетіп отыр. Бұл дамыған елдер көрсеткішінің деңгейіне сәйкес келеді. Алайда шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі әлі аз екені даусыз. Қазір Қазақстанда бұл көрсеткіш 27-29 пайыз көлемінде қалып отыр. Бұл – біздің елде ішкі жалпы өнімнің көп бөлігін, яғни 70 пайызын ірі бизнес қалыптастырып отыр­ғанының айғағы. Оның үлесі көбінесе экономиканың нақты секторының, соның ішінде мұнай-газ, тау-кен салаларына тиісті екенін аңғарамыз. Міне, осыдан біздің экономикамыздың шикізатқа тәуелді екені көрінеді. Сондықтан, ұлттық экономиканы әртараптандыру – маңызды мәселе.

Бесіншіден, шағын және орта бизнес субъектілері қызметінің тұрақ­ты­лық деңгейі заңды тұлға ретінде тір­кел­ген субъектілерінің саны мен олардың белсенді субъектілері санының арақа­ты­насымен анықталады. Сол себептен жұмыс жасамайтын кәсіпорындарды жабу амалын жеңілдетіп, оларды статистикалық есептен шығаруды оңтайландырған жөн.

Шағын және орта кәсіпорындарда еңбек өнімділігі орташа 15,5 мың долларды құрайды. Бұл ұлттық экономика бойынша орташа көрсеткіштен, яғни 24,5 мың доллардан 1,6 есе төмен. Ал әлемдік дамыған елдердің көр­сет­­кі­шінен 8 есе төмен. Қазақстанда шаруа­шылық қызмет атқаратын субъекті­лердің арасында жеті пайызға ие болып отырған ірі бизнес елдегі ішкі жал­пы өнімнің 70 пайызын өндіреді.

Өзге өңірлер секілді Атырау облы­сында да шағын және орта кәсіп­керліктің дамуында серпіліс бар. Өңір­де 2019 жылғы статистикалық мәлі­метке сәйкес жұмыс істеп тұрған 46756 субъект тіркелген. Бұл 2018 жыл­мен салыстырғанда тоғыз пайызға артық. Олардың құрамындағы заңды тұл­­ға­лар – 7151, жеке кәсіпкерлер – 37139, шаруа қожалықтары – 2466. Бар­­лы­ғы 133,6 мың адам жұмыспен қам­ты­лып отыр. Бұл 2018 жылға қара­­ғанда 5,5 пайызға өскендігін байқа­тады.

Әлемде қиын жағдай қалыптасып отыр. Мұның әсері біздің елімізге де тиеді. Ал қиындықтан шығудың нақты жолы бар ма? Әрине, бар. Бұл – ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру, ғылыми мүмкіндіктерді пайдалану есебінен еңбек өнімділігін арттыру, ауыл шаруашылығы нысандарын шағын несиелеу және қолдау.

 

Бақтыбек ТАУБАЕВ,

ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы

 

Атырау