Аймақтар • 20 Мамыр, 2020

Жұбанов көшесіндегі жайсыздық

145 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл шағын аудан облыс орталығының Краснояр ауылының ортасындағы жол бойынан еңсе көтерген. Ұзақ жылдар бойы коммуналдық жағдайы сын көтермей, тұрғындардың орынды өкпе-ренішін тудырып  келе жатқан жайы бар.

Жұбанов көшесіндегі жайсыздық

Қала  іргесіндегі   Жұбанов  көшесінің  тұрғындарын  30  жылдан  бері  жол  мәселесі алаңдатуда. Алты жылдан  бері  құрылысы аяқталмай келе жатқан мектеп, иесіз қалған трансфарматор. Кеше базынасын айтқан тұрғындармен  қала  әкімі  Амангелді Смайылов кездесті. Ол халықтың шағымын тыңдап, таяу арада тап-тұйнақтай етіп  шешуге  уәде  берді.

Кездесу барысында айтылған шағым аз емес. Бұл шағын ауданда сәл ғана жел соғып, дауыл тұрса электр қуаты өшіп қалады. Биылғы көктемде мұндай оқиға бірнеше рет қайталанды. Электр қуатымен қамтып тұрған трасформатордың орнатылғанына да біраз уақыт өтті. Дегенмен, тұрғындар оның техникалық жағдайын қадағалап, ие болып жүрген ешкімді көрмеген.

–Мен осы жерге бірінші қоныстанған адамның бірімін. Мына трансформатор менің көз алдымда салынды. Содан бері жарытып жұмыс істеген емес, дейді қала тұрғыны Берік Жұмағұлов. 

Қала басшысы бұл мәселенің таяу уақытта оң шешімін табатындығын айтып, көпшілікті иландыруға тырысты. Әкімнің уәжіне қарағанда, енді электр қуатына жауапты  «Инвест  Электро»  мекемесі  болмақ.

–Біз бұл трансформаторды коммуналдық меншік иелігіне бердік. Мекеме басшысын тұрғындармен кездестірдік. Телефонын бердік. Енді апатты жағдай орын алса, олар бірден келеді. Яғни, диспетчерлік қызмет құрылады, дейді Көкшетау қаласының әкімі Амангелді Смайылов.

Көшенің жайы таратып айтсаң, көп-көрім жыр болар еді. Жаңбыр жауса, суға толады. Көше еңісте орналасқандықтан, тау суы да осы бағытқа ағады. Сондықтан, алдағы уақытта құбыр салып, суағарларды, арықтарды жөнге келтірген ләзім. Солай істелсе, қарғын судан қара жол да езіліп, бұзыла бермес еді.

–Биыл барлық 6 кірме жолға асфальт саламыз. Айналма жол жасап, автобус жүрзігеміз. Үш бағдаршам орнатамыз. Мердігер компания – «Көкшетау жолдары», деді қала әкімі Амангелді Смайылов.

Әзірге Жұбанов көшесінің жұрты толарсақтан саз кешіп, ымырт үйірілгенде кейде жарық, кейде қараңғы үйлерінде лаждап күн кешіп жатыр. Әкім айтқан жақсылық қашан жарылқар екен?!

 

Көкшетау қаласы