
Қазақстан балаларын АҚШ азаматтарының асырап алу мәселесін талқылау үшін АҚШ Мемлекеттік департаментінің балалар мәселелері жөніндегі арнайы кеңесші Сьюзен Джейкобс елімізге арнайы келді.
Дипломат Білім және ғылым министірлігі балалар құқығын қорғау комитеті, Сыртқы істер министірлігі және Адам құқықтары жөніндегі бюроның өкілдерімен кездесті.
Сьюзен Джейкобс сұхбатында Қазақстан мен АҚШ бала асырап алу жөнінде ортақ жұмыс тобын құратындығын мәлім етті. Бірінші кездесу биыл қарашада Вашингтонда өтеді. АҚШ-та қараша ұлттық бала асырап алу айы болып белгіленген.
Сьюзен Джейкобс бұл кездесуден кейін қазақстандық балаларды АҚШ азаматтарының асырап алуы қайта жанданады деген үмітте. АҚШ азаматтары өткен жылы шетелден 9 мыңдай жетім баланы асырап алған.
Ал Қазақстаннан асырап алған баланың жалпы саны қазір 6600-ге жеткен.
«Бала асырап алған отбасыларда өкінішті жағдайлардың алдын алу үшін АҚШ-та өзіміздің жұмыс тобын құрдық. Балалардың құқығын қорғау жөніндегі үкіметтік қызметтер мен агенттіктерімен бірге жұмыс жасаймыз. Келесі аптада алғашқы кездесуіміз өтеді. Онда балаларды қорғайтын жаңа заң немесе заңға толықтырулар енгізу мәселесін талқылаймыз. Кейбір ата-аналарға біздің көмек қажет», - дейді Сьюзен Джейкобс.
Мұрат Айтқожа.