Аймақтар • 20 Мамыр, 2020

Көкшетаулық курсант суды мұнайдан тазартудың әдісін тапты

246 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көкшетау техникалық институтының курсанты су бетіне төгілген мұнайды тазартудың тың әдісін ойлап тапты.

Көкшетаулық курсант суды мұнайдан тазартудың әдісін тапты

Жанат Әділхан – болашақ өрт сөндіруші. Алматы өңірінің тумасы осыдан үш жыл бұрын Көкшетау техникалық институтына оқуға түскен. Өз мамандығын ғылымсыз елестете алмайды. Таяуда жас ғалым жетекшісімен бірге ғылыми жаңалық ашты. Ол жаңалық – облыс өңірінде өсетін қурай, қоға тектес өсімдіктердің көмегімен су бетіне төгілген мұнайды тазарту. Ғылыми жаңалығы еліміз бойынша өткізілген байқауда жүлде алды.

–Әртүрлі ғылыми байқауларға қатыстым. Ең алдымен, кафедралар арасындағы жарыстан озып шығып, одан соң облыстағы ғылыми жобалар жарысынан бірінші орын алып, кейін республика бойынша жоғары оқу орындары арасындағы ғылыми байқауда 1-орын иелендім, дейді курсант Жанат Әділхан.  

Жастардың ғылымға құмартуы игілікті іс.

–Апатты төгілген мұнайды су бетінен тазалау үшін біз мынандай 5 литрлік ыдысқа су құйып, судың бетіне мұнайды төгеміз. Сол мұнайдың бетіне алдын ала дайындалып ұсатылған өсімдіктер қалдығын себеміз. Көбінесе, қурай тұқымдас және қоға тұқымдастарын қолданамыз. Оларды алдын-ала зертханаға әкеліп, құрғатып, содан кейін көлемі 2-5 мм қылып ұсақтаймыз. Сол ұсатылған өсімдікті төгілген мұнайдың бетіне себеміз. 10-15 минут уақыттың ішінде ол өсімдіктер өзіне мұнайды сіңіріп алады. Мұнайды сіңіріп алғаны, міне байқалып тұр, өсімдік қарайып кетеді. Кейін су бетінен осы өсімдіктерді сүзіп алып тастағанда су таза күйінде қалады, дейді Көкшетау техникалық институтының аға оқытушысы, азаматтық қорғаныс капитаны Рүстем Шәріпов.  

Техникалық инситутта курсанттардың ғылыммен айналысуы үшін бар мүмкіндік жасалған. Мұнда химиялық тәжірибелер жиі жасалып, болашақ құтқарушылар өрт шалған ғимараттың материалының құрамын, оның өртену процесі қалай жүзеге асатынын, химиялық сұйықтықтардың жану жылдамдығын, лапылдау мен жарылу күшін де зерттейді.