Сөйтіп өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін толықтыру тұрғысында МЖӘ-нің жергілікті жобаларының үлесі бұған дейінгі кезбен салыстырғанда анағұрлым өсе түсті. Яғни облыста жеке капиталды ортақ іске тарту арқылы өнеркәсіп пен құрылыста, әрі шағын және орташа бизнес секторында оң динамика көзге айқын байқалатын болды.
Сонымен бірге мемлекет-жекеменшік әріптестігінің барлық түрлері мен оның бұған дейін пайдаланылып көрмеген жаңа форматтарын іске асыру – жаңа нәтижелерге жол ашуда. Жаңа тетіктер әсіресе облыстың әлеуметтік саласында қордаланып қалған мәселелерді оңтайлы шешуге септігін тигізуде. Мұның басы қозғаушы күші – жеке инвестициялар екені елеулі іс.
Тұтастай алғанда облыста МЖӘ шеңберіндегі жобалар бұдан төрт жыл бұрын қолға алына бастаған болатын. Сол уақыттан бері 18,5 миллиард теңгенің 20 келісімшарты жасалыпты. Осы орайда білім беру, денсаулық сақтау және спорт салаларына басымдық беріліп келгенін атап айтқан жөн. Айталық осы әлеуметтік секторлар бойынша қалалық жедел жәрдем бекеті, қалалық балалар стоматологиялық емханасы, «Ақтөбе медициналық орталығының» қосымша құрылысы, Мұз айдыны сарайы, Теннис корды, сондай-ақ бірнеше балабақшалар ғимаратының іске қосылғаны жоғарыда айтылған пікіріміздің басты дәлелі. Өйткені еліміздің өзге өңірлерінде МЖӘ-нің ауқымы Ақтөбе аумағындағыдай кеңінен қанат жайып кете қоймағаны кәміл.
Жоғарыда айтылған тізімді одан әрі соза беруге болады. Оның ішінде «Дару жарығы» офтольмалогиялық орталығын құруға қосылған жекеменшік капиталдың үлесі мен инвестициясы 3 миллиард 100 миллион теңгені құрады. Әрине бұл белгілі бір өңір үшін жоғары сома екені айтпаса да түсінікті. Әрі аталған жоба теңгенің долларға шаққандағы бағамы қазіргі кезбен салыстырғанда әлдеқайда төмен болған кезде жүзеге асырылғаны тағы бір мерей. Аталған орталық әр ауысымда 500 адамға дейін емделушілер қабылдай алады. Сонымен бірге мұнда 60 кереуеттік аурухана жұмыс істейді. Жүзеге асырылған осындай МЖӘ жобалары арқылы 500-ден астам жаңа жұмыс орындары ашылды.
Қазіргі күні МЖӘ жобаларын жүзеге асыру ісіндегі сабақтастық пен пайдаланылған тәжірибе тың әрі жаңашыл көзқарас жағдайында жалғасын тауып келеді. Ақтөбе облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлкасима Сүйінтаеваның айтуынша биылғы жылы МЖӘ-ге қатысты мәселелер әрі бұған жұмсалатын қаражат жалпы сипаттағы табыс пен трансферт көлемінің өзгерісін есепке алу жағдайында жұмсалып жүзеге асырылмаөқ. Яғни бұл арада белгілі бір бюджеттік қаражат үлесінің сақталуы назарда болмақ. Әрі қажет делінген қаражат сомасы Ақтөбе облыстық мәслихатының сессиясында қосымша бекітілмек. Алдын-ала жасалған есептерге қарағанда оның жалпы сомасы 28 миллиард теңге көлемінде болмақ.
Сондай-ақ биылғы жылы мемлекет-жекеменшік әріптестігі шеңберінде автожол, медицина және политехника колледжі студенттері үшін жатақхана құрылыстары бой көтермек. Оның сметалық құны 2,7 миллиард теңге төңірегінде. Сонымен бірге жалпы аумағы 9250 шаршы метр құрайтын балаларға арналған медициналық орталықтың қосымша ғимараты тұрғызылмақ. Бұған қоса Ақтөбе қаласы көшелерін жабдықтаудың желілері де МЖӘ аясында жүзеге асырылмақ. Сонымен қатар алдағы уақытта бұл істі басқарудың тиімді әрі үнемді автоматтандырылған жүйесі енгізілмек. Мұндағы басты мақсат – «Ақылды қала» платформасын біртұтас жүйеге біріктіру болмақ.
Бұл ретте тағы бір айта кетерлік мәселе МЖӘ жобалары қолға алынған кезде бюджет қаражаттарын барынша оңтайлы әрі тиімді жұмсаудың жолдары іздестіріліп отырғаны. Айталық жоғарыда айтылған әлеуметтік нысандарды тұрғызу кезінде бюджет қаражатының үлесі мейлінше төмен болып белгіленгені алдыңғы пікіріміздің айқын айғағы. Бұған қоса бүгінгі күні облыстық мәслихаттың депутаттары жатақханалар құрылысына жұмсалатын қаражаттың қайтарылмы хақында да орынды ұсыныс-тілектерді ортаға тастап келеді. Түйіп айтқанда бүгінгі әңгімемізге тиек болған мәселелер өңірде мемлекет-жекеменшік әріптестігінің өрісін одан әрі өсіруге септігін тигізе алады демекпіз.
АҚТӨБЕ