Әлем • 20 Мамыр, 2020

Шетелдік БАҚ-қа шолу: Стратегиялық құжаттың кемшін тұсы бар

202 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысқаны мәлім. Аталған онлайн жиын барысында 2025 жылға дейінгі еуразиялық экономикалық интеграцияның стратегиялық дамуы талқыланды. Президент осы құжаттың кей бөлімін қайта талқылап, әлі де пысықтай түсу керектігіне назар аударған. Қ.Тоқаевтың осы ұсынысы бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен айтылды.

Шетелдік БАҚ-қа шолу: Стратегиялық құжаттың кемшін тұсы бар

ТАСС агенттігі «Қазақ президенті ЕАЭО-дағы әріптестерін дағдарыстан кейінгі кезеңге дайындалуға шақырды» деп ақпарат таратты.  Аталған БАҚ-тың хабарлауынша, Қ.Тоқаев әріптестерін пандемия дағдарысынан кейінгі кезеңге дайындалуға шақырған.

«Қасым-Жомарт Тоқаев бизнесті қолдау мәселесіне де ерекше назар аударды. Президент қазіргідей дағдарыс кезеңінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің барлық ресурсы жұмыс орындарын тұрақтандыруға және сақтап қалуға бағытталғанын айтты. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Одақтың шығыны көп жекелеген шешімдерін орындау, атап айтқанда, қазіргі дағдарыс жағдайында кейбір тауар түрлерін міндетті түрде таңбалау аса қажет емес деп есептейді», дейді ТАСС.

8989

TimeTurk агенттігі Қазақстан Президентінің өзара сауда, бизнесті қолдау, цифрландыру және көліктік логистика салаларындағы ықпалдастық мәселелерін одан әрі нығайту жөніндегі нақты ұсыныстарын ортаға салу жөніндегі сөзіне екпін берген.

«Тоқаев өзара сауда, бизнесті қолдау, цифрландыру және көліктік логистика салаларындағы ықпалдастық мәселелерін одан әрі нығайту жөніндегі нақты ұсыныстарын ортаға салды.

Алып географиялық аумақты алып жатқан ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерде көліктік логистиканы дамытуға назар аударған Президент Тоқаев «Аталған бастама аясында біз ұлттық тауар өткізу жүйесін құруды бастап кеттік. Ол 2022 жылға қарай 24 көтерме-тарату орталығынан тұратын болады. Бұл 5 миллион тонна ауыл шаруашылық өнімін сақтап, өңдеп, таратуға мүмкіндік береді», деді.

Сондай-ақ Президент Тоқаев Одаққа мүше мүдделі елдердің арасында тауар таратудың ортақ жүйесін құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды», деп хабарлады TimeTurk агенттігі.

9889

Fergana agency Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың еуразиялық интеграцияны тоқтата тұру туралы айтқан сөзіне назар аударған.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында еуразиялық экономикалық интеграцияның стратегиялық дамуы құжатын әлі де талқылау қажет екенін айтты

Тоқаев аталған құжатты одаққа мүше мемлекеттер басшыларымен бетпе-бет кездескен соң ғана қабылдау дұрыс деп есептейтінін жеткізді. «Жалпы, бұл маңызды құжатты қабылдау идеясын қолдаймын, бірақ Стратегияның кейбір бөлімдерін қайта талқылап, әлі де пысықтай түсу керек», деп атап өтті.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші кезекте тауарлардың кедергісіз әрі шектеусіз тасымалын іс-жүзінде қамтамасыз ету, секторлар бойынша тараптармен келісілген бірыңғай қызмет көрсету нарығын кезең-кезеңімен құру, ортақ энергетикалық және қаржы нарығына дайындалу қажеттігін атап көрсетті.

Бірнеше күн бұрын Еурзаиялық экономикалық комиссия өкілі Еуразиялық экономикалық интеграцияның стратегиялық дамуы құжаты қабылданғанын мәлімдеген. Қ.Тоқаев оны орынсыз екенін айтты», дейді Fergana agency.

8

EADaily сайтының хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев жиын барысында денсаулық сақтау, білім және ғылым салалары Еуразиялық экономикалық комиссияның құзыретіне кірмеуі тиіс екеніне назар аударған.

«Денсаулық сақтау, білім және ғылым салаларын Еуразиялық экономикалық комиссияның құзыретіне толық көлемде беру, оның экономикалық бағытын айтарлықтай өзгертіп жіберуі мүмкін. Яғни, 2015 жылғы Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы келісімнің мәніне қайшы келеді, деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

9

Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық комиссияның өкілеттігін кеңейту мәселелеріне мұқият болуға шақырды. Сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одаққа мүше-мемлекеттердің қызмет көрсету, өзара сауда мәселелері бойынша үшінші елмен өткізетін екіжақты келіссөздеріне Комиссияның қатысу құқығына келіспейтінін жеткізді», дейді EADaily сайты.

 

Шолуды дайындаған,

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

Egemen Qazaqstan