07 Сәуір, 2010

АЛМАТЫ АЗИАДАҒА АДЫМДАП БАРАДЫ

717 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Әуелі аз ғана тарих. Осыдан төрт жыл бұрын, 2006 жылдың 4 наурызында алыстағы Кувейтте Азияның Олимпиялық кеңесінің Бас Ассамблеясы жас Қазақ мемлекеті үшін маңызы зор шешім қабылдады. Ол шешім бойынша 2011 жылғы VІІ Қысқы Азия ойын­дарын өткізу құқығын Қазақстанның иеленуі барша отандастары­мызды мерейлендіріп, мақтаныш сезіміне бөлеген еді. Аталмыш ойындарды Астана және Алматы қалаларында ойдағыдай өткізу мақсатында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов бастаған Ұйымдастыру комитеті құрылған болатын. Содан бері үлкен жарысты өткізуге дайындық жұмыстары толассыз жүріп жатыр. Әрбір күн бізді елімізде бұрын-соңды болып көрмеген ғаламат спорт додасы – Азиадаға жақындата түсуде. Астана және Алматы қалаларында 2011 жылдың 30 қаңтары мен 6 ақпаны аралы­ғында өтетін осынау VІІ Қысқы Азия ойын­дарының ауқымы ауыз толтырып айтуға тұрарлықтай. Оның жалпы бағдарламасына келер болсақ, спорттың 11 түрі бойынша 70 медальдар жиынтығын сарапқа салу көздел­ген. Азиада бағдарламасының алматылық бөлігінде жарыстар спорттың 8 түрі бойын­ша: шаңғымен жүгіру, биатлон, тау шаң­ғысы, фристайл, шаңғымен тұғырдан секіру, допты хоккей (бенди), шаңғыдағы қысқы спорттық бағдарлау және әйелдер хоккейі­нен өтетін болып келісілген. Қазақстанда тұңғыш ту көтерген ақ Азиадаға Азияның 30-ға жуық елі, 1000-нан астам спортшы қатысады деп күтілуде. Бұлардың қатарында Қытай, Жапония, Корея, КХДР, Моңғолия, Гонконг, Таи­ланд, Кувейт, Малайзия, Филиппин, БАЭ, Пәкістан, Үндістан, Иран, Ливан, Иорда­ния, Палестина, Непал, Ауғанстан және басқа елдер бар. Сондай-ақ осы Ойындар­дың аясында 45 Азия елінің спорт қозғалы­сы басшылары қатысатын Азия Олимпия­лық Кеңесінің кезекті Бас Ассамблеясы болмақшы. Алдын-ала есептеулер бойынша Азиада кезінде елімізге 10 мыңға жуық шетелдік қонақтар келмек. Әлбетте, мұндайлық жоғары деңгейдегі әлемдік жарысты абыройлы өткізу, соның барлық жағдайларына ықтиятты дайындық­пен сақадай сай тұру елдігімізге де сын әрі бұл өзімізге де үлкен мектеп болып, шыңда­лып өсе түспекпіз, халықаралық жиындар­дың үлгілі тәжірибесін жинап, осы орайдағы мәдениет өреміз биіктей түспек. Азиаданы неғұрлым жақсы өткізсек, айдай әлемге Қазақ елі солғұрлым жарқырап танылмақ, беделі­міз арта бермек. Ендеше, төрімізде төредей қабылдайтын Азиада тек спорттық жарыс қана емес, ол әлемдік қоғамдастыққа кірігу­дің, елімізді дүйім дүниеге танытудың ізгілікке толы үлкен саясаты. Елбасымыз жалық­пай айтатын озық 50 елдің қатарына қосылу, бәсекеге қабілеттілік мәселелері де нақ осы сындарлы саясаттың аясынан табылмақ. Олай болса, VІІ Қысқы Азия ойындары­­на дайындықтың жайына Мемлекет басшысының ерекше мән беріп, тікелей бақы­лауына алуы тегін болмаса керек. Өткен жылдың алғашқы айларында әлемдік қаржы дағдарысына байланысты Азиада өтеді-өтпейді деген алыпқашпа әңгімелерге үзілді-кесілді тоқтау салып, күмән-күдікті біржола сейілткен де Елбасымыздың өзі болатын. Сонда 9 сәуірде Алматы қаласы­ның әкімдігінде өткізген кеңесте Алматы­дағы Азиада нысандарының құрылысын аяқтауға қосымша 13 млрд. теңге бөлгізіп, бұл мәселе­ге нүкте қойған сәті де біздің көз алдымызда. Жаңа жыл қарсаңында Шым­бұлақта журналистерге шай беріп отырып оңтүстік астана әкімі Ахметжан Есімовтің: “Сол жолы Азиаданы Алматыда өткізу қажеттігіне Нұрсұлтан Әбішұлының көзін жеткізгенімді мақтаныш етемін!” деп мерей­лене сөйлеуі де бұл орайда әбден жарасым­ды көрінген. Әлбетте, 2010 жыл – VІІ Қысқы Азия ойындарына әзірліктің аса маңызды негізгі кезеңі. Қаңтар айында Азиадаға қатысты барлық спорт нысандарында кезең-кезеңімен сынамалық жарыстар өткізудің кестесі жасалған-ды. Қазірдің өзінде “Мың бір түн” ертегісіндей ғажайыпқа айналып үлгерген Шымбұлақ тау шаңғысы кешенін­де, бұрынғы пошымынан танымастай өзгеріп еңселенген Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында шаңғымен жүгіруден, биатлоннан, шайбалы хоккейден жұртқа қуаныш сыйлаған жарыстар сәтімен өткізіліп те жатыр. 30 қаңтарда Алматыда “Азиадаға 1 жыл қалды” деген атпен өткен әртүрлі мәдени-көпшілік шаралар да көпшілік көңілінен шықты. 2011 жылғы Азиада кезінде атой-дүбірге толатын Алматы қаласының спорттық нысандарына тоқталар болсақ, олардағы жаңарту, жөндеу жөніндегі барлық құрылыс жұмыстары өз қарқынын бәсеңдетпей, белгіленген кестеге сай атқарылып келеді. Қаржы орайында айта қалғандай қиындық туындай қойған жоқ. Өткен жыл бойы бұлардағы жұмыстың жай-күйін Премьер-Министр бақылауында ұстап, бірер рет арнайы келіп көрді. Барлық құрылыс нысан­­дары бойынша Алматы қаласының әкіміне апта сайын есеп беріліп тұрады. Өткен жылдың 16 желтоқсанында жарақ­танып-жасанып, заманауи кейіпке енген “Медеу” мұз айдыны халықтың сырғанауы үшін ресми түрде ашылды. Сонымен, Азиа­да жарыстары тау шаңғысы спорты мен фристайлдан – “Шымбұлақ” тау шаңғысы кешенінде, допты хоккейден – биіктаулы “Медеу” мұз айдынында, тұғырдан шаңғы­мен секіруден – шаңғы тұғырлары кешенін­де, шаңғымен жүгіруден және биатлон мен шаңғы спортындағы бағдарлаудан – Талғар ауданындағы шаңғы және биатлон стадион­дары кешенінде, әйелдер арасындағы шайбалы хоккейден – Балуан Шолақ атындағы Мәдениет және спорт сарайында өтетін болады. Бұлардағы жаңарту-жөндеу жұмыстарының негізінен көбі бітіп, әрлеу, сәндеу сияқты азы қалған. Былтырғыдай “бітпей қалады-ау” деген, қаржыға тірелген дүдәмал әңгіме қазір сап тыйылған. Азиадаға дайындық ісі спорттық нысан­дар, спорт мәселелерімен ғана шек­тел­мейді. Ол жан-жақты болып, барлық сала­ларды қамтып, көптеген жәйттерді қағыс қалдыр­май ескеруі тиіс. Айталық, қаланы осынау әлемдік дода рухына сай безендіру орайын­дағы жұмыстар басталып та кеткен. Әуежай­да, Шымбұлақ пен Медеу бағытын­дағы жол бойында Азиада мәнер-өрнегін­дегі айшықты билбордтар орналастырылды. Осы ретте жігерлі де білікті азамат Сұлтанмахмұт Шоқ­пытов басқаратын 2011 жылғы қысқы Азия ойындарының Алматы қаласындағы дирек­циясы көптеген игі істерге ұйтқы болуда. “Алматы-жарнама” және “Алматы­қа­ла­лық­безендіру” мекемелерімен бірлесе оты­рып бұл дирекция оңтүстік астананы айрықша талғаммен безендіруге кірісті. Азиада рәміз­дерінің ақпараттық тұрғыдан насихатталып, көпшілікке кеңінен танылуына жол ашты. Осы заманда бірде-бір спорттық шара волонтерлерсіз өтпейтініне көз жетіп бол­ғалы қашан. Азия ойындары кезінде Алматы қаласы бойынша жәрдемшілікке 2000 волон­тер тарту көзделген. Сол үшін қалалық ди­рек­ция негізінде волонтерлер құрамы жина­лып жасақталуда. Барлық волонтерлер “Қысқы Азия ойындарының тарихы мен маңы­зы”, “Қатысушы елдердің тарихы мен мәдениеті”, “Алғашқы дәрігер­лік көмек негіз­дері”, “Жарыстың өтетін орыны мен уақы­ты”, “Спорт түрлері жайлы әдепкі білім” атты семинарлық курстарда оқыты­лады. Волонтерлер Алматы қаласында өтетін мәдени-көпшілік жиындарға, сондай-ақ ірі спорттық жарыстарға қызмет етуге тартылатын болады. Қуанарлық бір жай, “Мәдени Азиада” деп аталатын мәдени-көпшілік шаралар бағдар­ламасы әзірленді. “Мәдени Азиада” Ойын­дар басталардан екі ай бұрын Мұз мүсіндер мерекесімен ашылмақ. Жалпы, бұл жоба өте мұқият ойластырылып, негізінен шетелдік қонақтарды Қазақстанның, қазақ ұлтының мәдениетімен және салт-дәстүр­лерімен таныс­тыруды, Алматыдағы Азия ойындары бағдар­ламасын оқиғалық тұрғы­дан қызғылықты етіп, мазмұнын байыта түсуді мақсат тұтқан. Сонымен қатар ресми делегациялардың, құрметті мейман­дардың, жарыстарға қатысушылардың, журналис­тер­дің, сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақ­тарының бос уақы­тын көңілді етіп мәнді-мағыналы тұрғы­дан ұйымдастыру назардан тыс қалмаған. “Мәдени Азиада” аясындағы жобаларға тоқталар болсақ, олар – Қарлы барыс сая­бағы, “Ұлы Жібек жолы” жәрмеңке-фести­валі, Алматының мәдени арналары мен дәс­түр­лері, Азиаданың “7 жұлдыз” аллеясы, Ға­жайып қала оттары, Азия елдерінің Мәдениет фестивалі деген атаулармен сала-сала болып тарамдала бөлініп кетеді. Мыса­лы, Азия елдерінің Мәдениет фести­валі сол елдердің мәдениеттерімен таныстыруды көздейді. Бұл үшін Азия фильмдерінің фестивалі, дәстүрлі театр қойылымдары, Азия халықтарының қолданбалы өнер көрмесі, “Азия ас мәзірінің” гастрономия­лық фестивалі сияқты санатты бағдар­ламалар іске асырылмақ. “Жеті жұлдыз” атты Азиада даңқының аллеясын жасау да Алматыны ажарлан­ды­рып, қала тарихын айшықтай түсер айтулы оқи­ға болмақ. Онда VІІ Қысқы Азия ойын­дарында жеңістің ең биік тұғырына көтеріл­ген барлық чемпиондардың есімдері мәңгі­лік есте қалдырылып жазылады. Аллея жеңім­паздарға деген құрметті бейнелеп, Ал­маты­ның спорт­тық жетістіктерінің нышаны­на, спорттық ордалы отбасы бірлігі мен достық нышанына айналар уақыт та алыс емес. Қатысушылардың тіркелуі мен аккре­дита­­циясын қамтамасыз етіп, орналастыру­ды, тасымалдауды һәм тамақтандыруды барынша оңтайландыру үшін логистикалық орталық ұйымдастырылуы да әлемдік талап­қа сай демекпіз. Сонымен бірге визалық қолдау, жүктерді жеткізу, техникалық қамта­масыз ету мәселелері де шешімін тауыпты. Негізгі аккредитациялық орталық ретінде Алматы қаласының халықаралық әуежайы таңдалуы да табылған ақыл. Мұның сыр­тын­да қосымша аккредитациялық орталық­тар да ойластырылған екен. Яғни, спортшы­лар, бапкерлер, төрешілер, дәрігерлер және басқалар үшін – “Astana Іnternatіonal”, Азия Олимпиялық Кеңесі отбасыларының мүше­лері және жоғары лауазымды адамдар үшін – “Іnter Contіnental Almaty The Ankara іn Kasakhstan” қонақ үйлері. Журналистер “Қазақстан” қонақ үйінде тіркеуден өтеді. 2011 жылғы VІІ Қысқы Азия ойындарының Ұйымдастыру комитеті сондай-ақ келу виза­сы­ның қызметін атқаратын аккредита­ция­лық карточкаларды да жобалап отырған көрінеді. Азиадаға қатысушылар мен қонақтардың орналасу жайы да мұқият ойластырылып, оларды топтарға бөлу жүйесі қолданылмақ. Жоғарыда аталған қонақ үйлермен қатар “Рахат Палас Отель”, “Golden Hіlls”, “Амбассадор”, “Достық”, “Тянь-Шань”, “Холидей Инн” және басқа мейманханалар есіктерін айқара ашып, атақты Алматы қонақжайлығын танытпақ. Жалпы айтар болсақ, алдағы Азиада-2011-ді мүлтіксіз өткізу ауқымы мол, жауап­кер­шілігі зор мемлекеттік іс. Үлкен ұйым­шыл­дық, соған қоса мемлекеттік және мем­ле­кеттік емес құры­лым­дардың қимыл бірлігі қажет етіледі. Сон­дықтан да болар, елімізде Азия ойындарын өткізуге әзірлік мәселесі­мен осы мақсатта арнайы құрылған үш бірдей құрылым бел шешіп шұғылдануда. Олар кімдер десеңіз, әуелгісі – Туризм және спорт министрлігі тара­пынан құрылған “2011 жылғы VІІ қысқы Азия ойындары Ұйым­дастыру комитетінің Атқарушы Дирек­ция­сы” АҚ, екіншісі – Астана қала­сының әкімдігі құрған “2011 жылғы VІІ қысқы Азия ойын­дарын және Азия Олимпиялық Кеңесі Олим­пиялық алауының эстафетасын ұйымдастыру мен өткізу жөніндегі қалалық дирекциясы” мемлекеттік коммунал­дық қазы­нашылық кәсіпорны. Ал, игі істері біз­дің әңгімемізге арқау болып отырған нақ осын­дай үшінші дирекция Алматы қаласы әкімдігінің құзырында жұмыс істеп жатыр. Мұның сыр­тын­да қала әкімі Ахметжан Есімов­тің шешімі­мен Азиаданы әзірлеу және өткізу жөніндегі қалалық комитет құрылып, оған қаланың барлық салалық бөлімше­лерінің бас­шы­лары, республикалық мемле­кет­тік және қоғам­дық құрылым­дар­дың (Туризм және спорт, Мәдениет министрліктері, Ұлттық Олимпия­лық Комитет, Құрылыс істері жөніндегі Коми­тет, ҚР ҰҚК шекара қызметі) өкілдері кірді. Сайып келгенде, бейбіт өмірдің шат-шадыман көгершініндей осынау спорт мерекесінен тыс қалатын сала жоқ десе де болғандай. Азиада күндерінде Ішкі істер ми­нистрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитеті­нің, Қорғаныс министрлігінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің тиісті қызметтері түгелдей ат үстінде болмақ. Алматының ішкі істер депар­таменті ұсынған ұсынықты жоспарға сәйкес полиция тарапынан 5 мың адам қоғамдық тәртіпті сақтау ісіне тартылмақ. Төтенше жағдайлар жөніндегі қызмет­кер­лерге жүктелген міндет те жауапты. Спорт нысандары мен Алматы қаласы ауру­ханаларының қасында тікұшақ алаң­дарын орналастыру мәселелері алдын-ала айқын­дал­ды. Бұл орайда Қалқаман, №4, Орталық қалалық клиникалық ауруханалар және басқалары – барлығы жеті мекеме сақадай сайланып тұрады. Азиадаға қызмет көрсету үшін 80 медицина қызметкеріне шет тілдері үйретіліп, даярлықтан өткізілуде. Спорт нысандарындағы қауіпсіздікті, электронды билет пен байланысты, бақылауды қамтамасыз ету жүйелері талапқа сай болуы күнілгері қамдалып қарастырылуда. Қорыта айтқанда, Алматы қаласын алдағы Ойындарға кешенді әзірлеу жөнін­дегі тапсырмалар орайымен орындалып жатыр. Бүкіл жұмыстың үйлестіру тізгінін осындағы Қысқы Азия ойындарының дирекциясы өз қолында нық ұстағанын байқадық. Наурыз­дың алғашқы аптасында Шымбұлақта Азиадаға дайындық аясында тау шаңғысы спортынан жасөспірімдер арасындағы 19-шы Азия біріншілігі табысты өтуі де Қазақстан үшін қуанарлық жағдай. Өткен жылғы сәуір айындағы сапары кезін­де Елбасы оңтүстік астанада іскерлікпен, дабырасыз атқарылып жатқан нақты жұмыстарға ризашылығын білдіріп, үлкен сенім артқанына біз де куә болып едік. Сол қасиетті сенімге елдікті таны­тар, ұлттық намысымызға сын әлемдік дода­ны өткізер шақта да селкеу түспейді деп сенеміз. Иә, Алатау баурайындағы ару қала, алып мегаполис сол ұлы сынға тынымсыз да толассыз дайындық үстінде. Алматы Азиадаға адымдап барады... Иә, сәт! Қорғанбек АМАНЖОЛ. Суретті түсірген Әлімжан БАРАНҒҰЛОВ.