Елордадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың 90 жылдығына арналған «Әзілхан Нұршайықов және қазақстандық журналистиканың өзекті мәселелері» атты республикалық ғылыми конференция болып өтті.
Елордадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың 90 жылдығына арналған «Әзілхан Нұршайықов және қазақстандық журналистиканың өзекті мәселелері» атты республикалық ғылыми конференция болып өтті.


Аталмыш іс-шара «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеті мен «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ шығармашылық бірлестігінің қолдауымен жүзеге асып отыр. Ұйымдастырылып отырған іс-шараны өмірінің соңына дейін халқына адал қызмет еткен атпал азаматқа деген зор құрмет деп қабылдаған жөн. Және де бұл басқосуды Ә.Нұршайықовтың отандық журналистиканың орнығуына және қарқынды дамуына қосқан үлесіне, ол кісінің еңбекқорлығына, жоғары кәсіби біліктілігіне, өзінің мамандығына адалдығына берілген үлкен баға деп білеміз.
Жазушы-журналист, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әзілхан Нұршайықовтың қазақ әдебиеті мен журналистикасында алар орны ерекше. Қалың көпшілікке етене жақын «Махаббат, қызық мол жылдар» мен «Ақиқат пен аңыз» романдары жазушы шығармашылығының шырқау биігі саналады. Өлмес туындының алғашқысында жастардың қайнаған жастық өмірі туралы баяндалып, бұл роман оқырманның, әсіресе, жалынды жастардың ерекше сүйіп оқитын кітабына айналды. Ал екінші роман-дилогиясы аты аңызға айналған ұлтымыздың ұлы тұлғасы, жауынгер жазушы Бауыржан Момышұлы туралы. Бұл кітап украин және чех тілдеріне аударылып жарияланса, бірқатар шығармалары қырғыз, өзбек, тәжік, молдаван, татар, якут тілдеріне тәржімаланған.
Осындай ел құрметіне бөленген, артына өлмес мұра, журналистика саласында кейінгі ұрпаққа өнеге боларлық өзіндік ізін қалдырған аяулы азаматқа арналған республикалық ғылыми конференция Әзілхан Нұршайықовтың өмірі мен шығармашылығын кеңінен баяндайтын деректі фильм көрсетілімімен басталды.
Басқосуды «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті Кенжеболат Жолдыбай ашып, бұл игі шараның мән-маңызына кеңінен тоқталып өтсе, Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті төрағасының орынбасары Арыстанбек Нұрмаханов конференцияға сәттілік тіледі. Одан соң сөз алған заң ғылымдарының докторы Бекет Тұрғараев, «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ шығармашылық бірлестігінің президенті Әбен Нұрманов, белгілі қаламгер Сұлтан Оразалы, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының президенті Сауытбек Абдрахманов атақты қаламгер Әзілхан Нұршайықов жөнінде естеліктер айтып, өз ой-толғамдарын ортаға салды. Тілек-лебіздерден соң конференцияда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабек, Журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры Намазалы Омашев, белгілі қаламгер Қайсар Әлім, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті Кәрімбек Құрманәлиев, «Түгел медиа» бірлестігінің басшысы Сәдібек Түгел, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ күн тәртібіндегі мәселелерге орай арнайы тақырыптарда баяндамалар жасады.
Сондай-ақ, шара басында белгілі қаламгер Қайсар Әлім құрастырған «Құдай-ау, қайда сол жылдар?!» естеліктер, эсселер кітабының тұсауы кесіліп, біраз қаламгер-қайраткерлер «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі мен «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ шығармашылық бірлестігі тарапынан марапатталды.
Берік САДЫР,
«Егемен Қазақстан».