Жүргенде амандығын сұрағалы,
Жоғалттым,
Жер бетінен бір ағаны.
Көнбейді
Көңіл шіркін өлді деуге,
Сөнбейді үмітімнің шырағы әлі.
Жүргенде амандығын сұрағалы,
Жоғалттым,
Жер бетінен бір ағаны.
Көнбейді
Көңіл шіркін өлді деуге,
Сөнбейді үмітімнің шырағы әлі.
Жан аға,
Басымдағы бақ-ырысым,
Жанымның атыңа сай сабырысың.
Кеудемнен тірі жүрсең бір от сөнбес,
Сейілмей саған деген сағынышым.
Жан аға!
Тұлғаң сенің арыстандай,
Қару ғып
Қаламыңды
Қалыс қалмай.
Ұлтының қамын ойлап,
Ұрпақ үшін,
Атылып кете барған
Арыстандай.
Жан аға!
Жазғаныңа сүйінбес кім?
Өзі едің
Қарсы бұтақ – иілместің.
Түспей-ақ темір торға,
Қазған орға.
Ахаң мен Міржақыптың күйін кештің,
Ахаң мен Міржақыптың сөзін сөйлеп.
Көргенің
Көз ашқаннан төзім-бейнет.
Ұқсаған
Қаздауысты атасына.
Ойлаушы ем,
Бидің бірі өзің ғой – деп.
Дүние-ай,
Өткен өмір көрген түстей,
Жылқыдай кешіп жүрдің бергенді ішпей.
Отырдың хан болмай-ақ,
Би болмай-ақ,
Солардан абыройың бір кем түспей.
Сөзіңнің
Мың жылда да,
Мәні кетпей,
Жата алмас, нағыз талант
Жанып өтпей.
Шаштың сен несібеңді оңды-солды,
Баяғы –
Шақшақ атаң Жәнібектей.
Қасыңда болғаннан соң құптар елің,
Халқыңның қасиетін ұққан едің.
Торғайдың жастарының көсемі боп,
Бір кезде «атой» салып шыққан едің.
Үзіліп тұрмаған соң емешегі,
Еркіңе жібермеді Кеңес елі.
Қолыңа қалам алдың содан кейін,
Ұлтымның осы ғой деп келешегі.
Содан соң тайған жоқсың алған беттен,
Айнымай,
Атаң мінген тарланкөктен.
Қудырып қу түлкідей бұлаң қаққан.
Дүние-ай,
Алдамшы еді, жалған неткен!
Кісі еді,
Туысқа адал, досқа берік.
Бойына жиған емес босқа желік.
Бетіне жан адамның жел боп тимей,
Жеткенше дәл осынау жасқа келіп.
Кісі еді,
Жаны жайсаң, әзілге бай,
Жөніне жығыларсың өзің де оңай.
Сөзіне таң-тамаша қалар едің,
Табылған ойда-жоқта қазынадай.
Қашанда
Қанжығасы сый бөктеріп,
Жүретін кеудесіне күй кептеліп.
Жетті ол –
Сарыарқаның сауырына,
Сүйегін Астанаға сүйреп келіп.
Бұл өмір,
Бір бес күндік алданыштай,
Сақталсын бар жинағың қолдан ұшпай.
Бір күні
Кезі келсе атыларсың.
Жат әзір,
Бұғып жатқан жолбарыстай!
Серік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ.