Аймақтар • 21 Мамыр, 2020

Ақмолада жұмысшы мамандықтарына сұраныс көп

361 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 11 мыңнан аса ақмолалықты жұмыспен қамту жоспарланған. Көкшетауда бұл бағытта 33 жоба жүзеге асырылмақ. Бұл екі жарым мыңнан аса жаңа жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік беруде.

Ақмолада жұмысшы мамандықтарына сұраныс көп

Алайда өкінішке қарай дайын жұмыстан бас тартып, еңбек етуге құлықсыз жандар да кездеседі. Қазірдің өзінде 200-ге жуық жұмысшы мамандығына сұраныс бар.  

Қалалық жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде 540 азамат тіркелген. Орталық мамандары оларға лайықты жұмыс іздеумен айналысуда. Қазірдің өзінде «Жұмыспен қамтудың жол картасын» жүзеге асыру аясында 200-ге тарта жұмысшы қажет.

– Көбі жұмыс істеуге ынтасыз. Біреуі жалақысы аз десе, енді бірі басқа себептерді алға тартады. Бағдарлама аясында  жұмысшылардың жалақысы 85 мың теңгеден басталады, жұмыс ауқымына қарай одан жоғары да болуы мүмкін. Есепте тұрғандардың көбінің жоғары білімі бар. Сондықтан олар қара жұмысқа барғысы келмейді,–дейді қалалық жұмыспен қамту орталығының маманы Александр Солодка.

Бағдарлама аясында қазірде құрылыс және жол жөндеу саласындағы мамандарға сұраныс жоғары. Диплом маңызды емес, ең бастысы, сол бағытта тәжірибесі болса жеткілікті, тым құрығанда құлшынысы керек дейді орталық мамандары.

– Жұмыспен қамту орталығы жазғы демалыста студенттерге лайықты жұмыс тауып беруге көмектесетінін естіп, келіп отырмын. Өзіме лайықты жұмыс іздеудемін. Табылса еңбек етер едім, – дейді студент Милана Батырбаева. 

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында Көкшетау қаласында жалпы сомасы 10,4 миллиард теңге болатын 33 жоба іске асырылуда. Бұл 2600 жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік беруде. Оның 1300-і жұмыспен қамту орталығы арқылы өтуі тиіс. Жол картасы аясында әзірге 26 көкшетаулық жұмыспен қамтылды.