07 Сәуір, 2010

ҚЫМЫЗДЫҢ ӨЗІ ЕМЕС, НАСИХАТЫ ЖЕТПЕЙДІ

744 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Меңдіғара ауданындағы “Ка­меньск-Уральск” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Өскелең Мұратов бірнеше жылдан бері қымыз өндірісін қолға алып, осы істің соңында тынбай ізденіп жүрген азамат. Жылқы десе ішкен асын жерге қоятын жігіт алдымен қолдағы биелерді өз отбасының сусыны үшін сауа бастады. Жылқының басы көбейген сайын сауын да жеткілікті болды. Өз­дерінен, ауыл-үй, дос жаранның ішуі­нен артылған қымызды ақы­сына сұрап ішкендер қатары кө­бейді. Алғашында осылай бас­талған істі енді Өскелең табыс кө­зіне айналдыруға бел байлады. Қы­мызды көбейту үшін оны бап­тайтын, пісетін, құятын ыдыстар мен жабдықтарды іздеп тауып, дөң­ге­лен­тіп жіберді. Сусынды жаз ай­ларында шөлмекке құйып, дүкендерге шығарып сатуды да ұйымдастырды. Бірақ бие бай­лау­дың, қымыз баптаудың ерек­ше­лігінен болар, қымыз өндіру жыл мез­гілдеріне орай үзіліп қалып отыр­ды. Өскелең жылқы ша­ру­а­шы­лығы, қымыз туралы әде­биеттерді іздеп жүріп оқыды, бие сауып отыр деген адамды қай облыста болса да іздеп барып, шаруасымен танысуға ерінбеді. Қымыз үшін Өскелең Мұратовтың Уфа, Ресейлетіп ке­тетін де сапар­ла­ры аз емес. Баш­құрт­станға, Ре­сей­дің Магнитогор қа­ласы ма­ңында қымыз өндіретін кә­сіп­кер­лерге барып, олардан да көп істі үйреніп қайтты. Әсіресе, қы­­мыз пісетін құрылғыны сол жақ­тан үйреніп келіп, арнайы цехқа орнатты. Әр жылы көктемнің кеш, ерте шығуына, жылдың құрғақшылық немесе қыстың қатты болуына байланысты шаруашылық кейде 40, кейде 80 биеге дейін сауын байлайды. –Алдыңғы жылы жаз айында құрғақшылық, одан қыстың бір ауық жылып кетіп, қайта суытуына байланысты жерге мұз қатып, жылқылар тебіндей алмай шетінен іш тастады. Сондықтан мамыр айында да бие байлай алмадық. Қы­мыз өндірудің осындай қиын­шылығы жетеді, – дейді Өскелең. Бірақ ниет болса қымыз өндірем деген кісі мұндай қиындықтың бәріне де төзеді екен. Өскелең сондай азамат. Сол құр­ғақшылық пен жылымық қыс болған жылы қымыз ашытатын қо­раба бабына келмей қойды. Мұның өзі мамырдың қымызын ішетін уақытты созып жіберді. Сөйтсе, гәптің бәрі де шөптің құнарында екен. Қорабаның бабы құрғақшылық болған жылғы жердің нәріне қанбаған көк шөптің құнар­сыз­дығынан келмегенін бие байла­ғандардың барлығы да түсінген. – Жануар жылқы малы таби­ғат­тың тамыршысындай екен-ау! – дейді Өскелең. –Жылқыны сиыр сияқты жемдеп, сүтін сауа беруге де болмайды. Көк шөпте болатын бар витамин, адам ағзасына керекті дәру мамыр айындағы сары қымызда болады. Сол жылы Қостанай қа­ла­сы­ның іргесінде тұратын Мұхтар ағай мен Мәдина апай Әбдібековтер ұйытқан қораба болмағанда біз қымыздың қасиетін кетіретін едік. Өскелең Мұратов осыдан бірер жыл бұрын “Биелакт” кооперативін құрып, қымыз өндіруге біржолата ден қойды. Қысы- жазы бие сауып, қымызды жыл бойы өндіруді, оның түрлі сусындар сияқты дүкендерде тұруын армандайды. – Бүгінгі сауатты жұртқа қымыз бен сыраның, “кока-кола” сияқты сусын­дар­дың пайдасы мен зиянын айтып жатудың өзі артық. Бір қын­жы­ларлығы, сыраның өтімділігінде қазір ешқандай мін жоқ. Ал қымызды өндіру қалай қиын жұмыс болса, оны өткізу одан жеңіл болмай тұр , – дейді Өскелең. Қаладағы дүкендер мен дүңгір­шек­терде жыл бойы сыра сатылады. Оның сыртында кез келген азық-түлік дүкенінде түрлі сусындар иін-тіресіп тұрады. Бірақ солардың арасынан қымызды емге көрмейсің. “Бие­лакт” кооперативі өндірген қымыздың біраз бөлігі күн сайын Меңдіғара ауданында орналасқан М.Қарабаев атындағы тубер­ку­лез­ден емдейтін санаторийге жі­бе­рі­ле­ді. Қалғаны дүкендерге өт­кі­зі­ле­ді, үйден сатылады. Кәсіпкердің айтуынша қымыз дәл сырадай қолдан қолға тимей өтіп кетпейді. Ал бұл сусынды көп сақтауға тағы болмайды. Өтпей қалған қымыз рәсуа болып, шаруаның қыруар бейнетінің сорға айналғанымен бірдей. Қостанайда осы кезге дейін қымызхананың жоқтығы да осы сусынға жұртшылық ниетінің түгел аумай тұрғандығынан болса керек. Қостанай қаласының айна­ла­сындағы шағын ауылдарда, одан қал­ды аудандарда жаздай-күздей бие байлап, қымыз пісетіндер аз емес. Әрі кеткенде 5-6 биенің сүті ауыл-үйден де артылмайды. Осыдан келіп қымыз жетпейтіндей көрінеді. Ал шын­­дығында қы­мыз­ды көп мөл­шер­де және жыл тәулігі үздіксіз өндіруді қолға алуға та­лап­та­нып жүрген Өскелең Мұра­тов­тың еңбегінің еш болған жері аз емес. Алайда жылқы малын ерекше жаны сүйетін және өзі де жылқы мінез жігіттің оған тауы шағылған жоқ, алған бетінен қайтқан да емес. “Халқымыздың қанына сіңген сусын бүгін неге жеңсік астай ғана болып қалуы керек?” Осы ой Өскелеңге маза бермейді. Жақында оны Ресейдің Рязань облысына жол­сапарға шығарған да осы ой болатын. – Біз сауын биелердің қатарын жүзге жеткізе алмай жүрсек, Ре­сейде мың бие сауатын жылқы фер­­масы бар екен. Оны көзбен көр­генде түңілдім, – дейді Өске­лең. – Ал Ресей ғалымдары “қы­мыз – орыс­тың төл тамағы” деп жаза бастады. Қолы жіпке ілінсе ар­қан етіп есетін орыстар әлі қы­мызды өздерінің брендіне ай­нал­ды­рып жіберетініне күмән да қал­май­тын кез тууы әбден мүмкін. Ал Германияда қымыз өндіретін кә­сіп­орындар қырыққа шама­лап­ты, – дейді Өскелең. Аузымызды ашып, аспанға қарап жүргенде жанға дауа, дертке шипа дәрі қымыз осылай өзгенің еншісіне айналып кететін түрі бар. Өске­лең­нің айтуынша, қазір тірлік етемін, іс істеймін дегенге барлық мүмкіндік бар. Қаржы көздерін та­буға да болады. Әңгіме қымызды тұтынуда, оған деген сұранысты көбейтуде бо­лып отыр. Қымыздың өзі емес, на­си­х­аты жетпейді. Ас­қа­зан­­ның бүрін қырып кететін “кока-коланың” жар­­на­масынан көз қа­ры­ғып, құлақ тұнады. Ал қымызды да әспеттейтін, әуезе­лей­тін кез келді. Сүйегі қы­мыз­бен қатқан қазақтың бренді бұдан басқа не болмақ?! Ал ол үшін қы­мыз­дың насихатын көп болып қолғ­а алу керек. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. ҚОСТАНАЙ.