Полиция қызметкерлері кешеден бері жоғалған баланы іздестіріп жатыр. Кеше кешкісін балақайды іздестіруге 50 волонтер мен 50 сарбаз жұмылдырылған еді. Олар түнімен жауған жаңбырға қарамай, баланы іздеуді тоқтатпады.
– Бүгін, 21 мамырда жергілікті уақытпен таңғы сағат 6:30-да көмекке 400-ге жуық ерікті көмекке келді. Сондай-ақ іздестіру жұмысына Ұлттық Ұланның 50 сарбазы, полицияның 100-ден астам қызметкері, 50 волонтер жұмылдырылды. Олар «Жұлдыз» шағынауданындағы 51 көшені жан-жақты тексеруге кірісті. Полиция қызметкерлері жедел іздестірудің өзге де нұсқаларын қолға алды. Шағынаудан аумағындағы канализациялық құдықтар, маңындағы барлық нысандар тексеріліп жатыр, - деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.