Аймақтар • 21 Мамыр, 2020

Көкшетауда біліктілікті арттыру курстары қашықтан оқытылуда

527 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елімізде карантин жарияланғаннан бері «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының Ақмола облысы бойынша филиалы онлайн форматта 500 мұғалімді оқытты.

Көкшетауда біліктілікті арттыру курстары қашықтан оқытылуда

Төтенше жағдай басталған кезден бүгінге дейін 22 курс ұйымдастырылған. Бұл дәрістерге онлайн режимде өзін-өзі тану, қазақ, ағылшын тілі, география тағы басқа бірнеше пәннен арнайы курстары өтті. 250 ұстаз курсты толық аяқтап, сертификат алса, тағы 250 мұғалімнің онлайн курсы осы аптада аяқталмақ.

– Курстарға барлық ұстаздар белсенді қатысуда, еш кедергісіз тәмамдап жатыр, - дейді «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы филиалының зертхана меңгерушісі Баян Сүйіндікова.

Білім алуға еш кедергі жоқ. Жаңа заманның талабына сай технологияны қапысыз меңгерген ұстаздар қауымы қашықтан оқыту кезінде білім игеруде.

– Өз білімін жетілдіру өз мамандығын сүйетін, өз ісіне жауапты қарайтын алған дәрісті тиімді пайдаланатын мұғалімдік кәсіпке тән жағдай. Қашықтан оқыту оқушыға ғана емес, мұғалімдердің біліктілігін арттыруға да зор үлес қосып жатыр,– дейді №17 мектеп-гимназиясының мұғалімі Альмира Махметова.

Курсты аяқтаған педагогтарға сертификат электронды почта арқылы жіберіледі. Қағаз түрінде қажет болып жатса, орталыққа келіп алуға да жағдай жасалған.