Аймақтар • 21 Мамыр, 2020

Суға шомылу маусымы таяп қалды

1039 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Қанат Доспаев суға шомылу маусымына дайындық және қауіпсіздік шаралары жөнінде айтып берді.

Суға шомылу маусымы таяп қалды

Қауіпсіздік адам өміріндегі ең маңызды фактордың бірі болып табылады. Осы орайда, аталмыш департамент өз құзыры аясында өңірдің су айдындарында ересектер мен балалар өліміне жол бермеу шараларын қамтамасыз етеді. Ақмола облысының аумағында демалатын және балық аулайтын 754 су айдыны бар.

– Нұра мен Есіл өзендері ең қауіпті су айдындары болып табылады. Мұнда екі жылдың ішінде 14 адам, оның ішінде 5 бала суға кетті. Өткен жылдың суға шомылу маусымында облыстың су айдындарында барлығы 22 адам, оның ішінде 7 жасөспірім қайтыс болды. Барлық оқиға құтқару бөлімшелері жоқ, күзетілмейтін су айдындарында және жабдықталмаған суға шомылу орындарында тіркелді. Биылғы жылдың 1 маусымында суға шомылу маусымы басталады. Карантин аяқталысымен және жазғы демалыс басталысымен облыс тұрғындары мен меймандары дем алу үшін демалыс аумағына, кемпингтерге, әртүрлі су айдындарына көптеп барады. Осы орайда, суда адам өліміне жол бермеу мақсатында департамент облыстың жергілікті атқарушы органдарымен бірге кешенді алдын алу шараларын жүргізуде. Облыстың су айдындарында құтқару жұмысын жүргізу үшін департаменттің арнайы отрядында 61 кәсіби құтқарушы, 4 құтқару бөлімшесі, Бурабай, Зеренді, Қопа және Щучье көлдерінде сүңгуірлер бөлімдері дайындалды. Олардың техникасы мен жүзу құралдары, су асты жабдықтары пайдалануға дайын. Балалар жыл сайын суда малтуға үйретіледі. Биылғы жылы осыған 165 бала оқытылды. Су көздерінде адам өлімінің алдын алу үшін БАҚ құралдары және өзге де жолдармен үгіт-насихат жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, керек жерлерде «Суда шомылуға болмайды» деген белгілер орнатылуда. Әзірге осындай 160 белгі орнатылды. Зеренді мен Есіл аудандары аумағында суға түсетін коммуналдық орындар ашылды. Бүгінгі күні 55 құтқарушысы бар 28 маусымдық құтқару бекеті құрылды. Облыстың су айдындарында қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында облыс әкімі «Суға шомылу маусымында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары туралы» қаулыны бекітті.

Сондай-ақ облыста төтенше жағдайдың алдын алу жөніндегі комиссияның екі отырысы болып өтті. Мұндай отырыстар барлық қала мен аудандарда өткізілді. Дегенмен, соған қарамастан, биылғы жылдың өзінде екі адам суға кетті. Бұдан шығатын қорытынды, өзен-көлдерде адамдардың өздері де барынша сақтық шараларын сақтап, біз де осы мәселелерге мұқият көңіл бөліп, тиянақты жұмыс істеуіміз керек, – деп түйіндеген полковник Қанат Доспаев суда өзін-өзі ұстаудың негізгі ережесін де еске салды.