Экономика • 21 Мамыр, 2020

Шағын қаржы ұйымдары банктермен бәсекелес бола ала ма?

267 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биылдан бастап еліміздегі микроқаржы ұйымдары, ломбардтар және онлайн-кредиторлардың жылдық мөлшерлемесі 56 %-дан аспайды. Бұған дейін жылдық мөлшерлемені аталған ұйымдар 100 %-бен беріп келген еді.

Шағын қаржы ұйымдары банктермен бәсекелес бола ала ма?

Халықты қанап, 600-700 %-бен де несие бергендерді «құрықтау» мақсатында мемлекет бірқатар кешенді шара қабылдады. Соның ішінде биылдан бастап Ұлттық банктің қарамағынан Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі құрылып отыр. Еліміздің бас банкі бұл ұйымға екінші деңгейлі банктерді, микроқаржы ұйымдарын, ломбардтар мен онлайн-кредиторларды бақылап отыру құзіретін тапсырған.

Айта кетерлігі, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын және микроқаржы қызметін реттеу мен салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа өзгерістер енгізілді. Заңды іске асыру үшін Ұлттық Банк микро қаржы ұйымдарының қызметін реттейтін 10-нан астам нормативтік құқықтық актілерді қабылдады. Оның ішінде жылдық мөлшерлеме 56 %-ды құрайтыны, әр қаржы ұйымының жеке капиталы болуы керектігі оның ішінде ломбарттар үшін 70 млн теңге, шағын қаржы ұйымдары үшін 100 млн теңгені құрауы тиіс екені айтылған. Яғни, аталған қаржы көлемі болмаған жағдайда шағын қаржы ұйымын ашу мүмкін емес. Сарапшылар шағын ұйымдардың капиталын жоғары межеде бекіту асығыс қабылданған шешім екенін, бұл қадамға бару үшін дайындықтық қажет екенін, әлі де болса 3-4 жыл керегін алға тартады.  Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі келтірген мәліметке сүйенсек, ресми тіркелген шағын қаржы ұйымдарының 48%-ында 50 млн теңгеге жетеқабыл қор бар. Ал 50 млн мен 100 млн теңге аралығындағы жарналық капиталы бар ұйымдардың үлесі 18%. 100 млн-нан 500 млн теңге арасында жарналық капитал жинаған ұйымдар 25%-ды құрап отыр. 500 млн-нан 1 млрд теңге аралығындағыдардың үлесі 3 %. Ең жоғары 1 млрд теңгеден артық қоры барлардың үлесі 6%. Бұл тізімге әзірге 11 шағын қаржы ұйымы еніп отыр.