Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі таратқан мәлімет бойынша биылғы жыл басында 199 шағын қаржы ұйымы аталған агенттіктен тіркеуден өткен. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 27 пайызға артып отыр. Өткен жылдың соңында 23 шағын қаржы ұйымы тіркелгені белгілі. Айта кетерлігі, тіркелген ұйымдардың 45 %-ы яғни, ең көбі Алматы қаласында орналасқан. Несие портфелінің 80 %-ы да осы Оңтүстік шаһардағы қаржы ұйымдарына тиесілі екені анықталып отыр. Нұр-Сұлтан қаласындағы шағын несие беретін ұйымдардың үлесі 15 %-ды құраса, несие портфелі небәрі 8%. Ресми тіркелген қаржы ұйымдарының 7 %-ы Шымкент қаласына, 9 %-ы Қарағанды облысына, 24 %-ы қалған өңірлерге тиесілі. Соңғы мәлімет бойынша, еліміздегі жалпы шағын қаржы ұйымдарының несие портфелі 293,3 млрд теңгені құрайды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 34 %-ға артқан. Былтырғы беріген шағын несиелер көлемінің бас-аяғы 389 млрд теңгені құрайды.
Соңғы жылдары елімізде шағын қаржы ұйымдарының жұмысына қатысты халықтың наразылығы күрт артты. Билік бұл салаға түбегейлі тәртіп қажет екеніне назар аударып, мәселе заңмен екшеленетін болды. Елдегі шағын ұйымдардың шатқалақтаған мәселесін GSB UIB директорының орынбасары, экономист Мақсат Халықтан сұрап білдік.
̶ Биылдан бастап, шағын қаржы ұйымдары мен ломбардтар және несие серіктестері мен онлайн несие берушілерге заң аясында тәртіп қатаңдады. Расында, шағын қаржы ұйымдарының уысына түскен қаншама халық зардап шегіп отыр. Оған себеп, несие алушылардың төлем қабілетін қаперге алмастан жаппай несиелердің жоғары пайызбен берілуі. Талаптың қатаңдауы бұл саладағы «ойыншылардың» санын айтарлықтай кемітуі бекмүмкін. Бұл құбылысты нарық заңдылығы, уақыт талабы деп қабылдау керек. Ұйымдар саны азайғаннан кейін олар сапаға жұмыс жасайтын болады. Шағын қаржы ұйымдарының 56 %-ға қатысты уәжін естіп жүрміз. Бірақ елдегі инфляция жылдан жылға төмендеп келеді. Тек биыл пандемияға байланысты азық-түлік бағасының шарықтап кетуінен инфляция 10% межесінде сақталмақ. Сондықтан банктерге де бекітілген 56%-дық мөлшерлемені 30 %-ға түсіруге болады. Шағын ұйымдардың жеке капиталына қатысты мәселе қайта қарауды қажет етеді, ̶ дейді экономист.
Айта кетерлігі, жаңа талап бойынша биылдан бастап қаржылық жүктеме коэффициенті бекітіліп отыр. Экономист М.Халықтың айтуынша, бұл бастама азаматтардың төлем қабілетіне байланысты шамасы келмейтін қарызды алуына шектеу қояды. Егер қарыз алушының табысы 100 мың теңге көлемінде болатын болса, алатын сумма соның жартысынан аспауы керек. Ал ай сайынғы табысы жоқ, шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатындар үшін арнайы тетіктер қарастыру қажеттігі туындап отыр. Заңдағы жаңа өзгерістің тағы бір артықшылығы бұрын шағын ұйымдар 8000 АЕК межесінде несие беріп келсе, енді оның көлемі 20 мың АЕК-ке дейін артып отыр. Бұған дейін бизнесті қаржыландыратын негізгі оператор банктер болса, енді бұл мүмкіндікті шағын қаржы ұйымдары да тиімді пайдалана алады.
Салыстырмалы түрде айта кетерлігі, Сингапурда шағын қаржы ұйымдары, ломбардтар мен онлайн несие беретіндерге ай сайынғы үстеме 1,5%-дан аспауы керек. Яғни, жылына небәрі 18%-бен несие беріледі. Германияның тәжірбиесінде бұл талап ай сайын 1 %-дан аспайды. Ескеретіні, бұл елдерде банктердің пайыздық мөлшерлемесі де 2-4% аралығында. Германия тәжірбиесінде жеке шағын қаржы ұйымдарымен қатар, мемлекеттік қаржы ұйымдары да белсенді жұмыс істейді. Айырмашылығы, жеке ұйымдар тек бағалы заттарды кепілдікке алатын болса, мемлекеттік ұйымдар киім-кешек, ыдыс-аяқты да кепіл ретінде қарастыра береді.
Қазақстандағы шағын қаржы ұйымдары мен банктерді бәсекелес деп танудан гөрі, бір-бірін толықтыратын тұтас жүйе деп қараған дұрыс. Екі сектордың да тұрақты дамуы экономика үшін тиімді болмақ.