28 Қыркүйек, 2013

Әуелі өз мүддемізді қорғайық

305 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Салық кодексіне ұсы­ны­латын түзетулер қазақ­стан­дық­тардың өмір сүру сапа­сының әлсіреуіне әкеліп соға­ды, дейді Мәжіліс депутаты А.Перуашев.

 

Салық кодексіне ұсы­ны­латын түзетулер қазақ­стан­дық­тардың өмір сүру сапа­сының әлсіреуіне әкеліп соға­ды, дейді Мәжіліс депутаты А.Перуашев.

Мұны депутат Мәжілістің салық салу мәселелері туралы заң жобасын таныстыру бойын­ша өткен отырысында айтты. Ескерте кетейік, Үкі­мет­тің же­ке тұлғалар пәтер­лерінің аума­ғы 150 шаршы метрден, жер үй­лерінің кө­ле­мі 300 шаршы метр­ден аса­тын меншіктерге 3 есеге дейін салықты көтеру, «қанша лас­тасаң, сонша төлейсің» деген қағидамен қуаты 3-4 мың текше см. көлемнен аса­тын көліктерге салық мөл­шер­лемелерін ұлғайту және т.б. қарастырып жатқаны белгілі.

«Неге сіз тұрғын үйде қан­ша адам тұратындығынан гөрі, тұр­ғылықты ауданын ғана есепке алып отырсыз? – деді таныстырылым барысында Азат Перуашев Экономика жә­не бюджеттік жос­парлау министрі Ерболат До­саевқа. – 150 шаршы метр деген 4-6 баласы бар отбасыға не болады? Қазақ отбасыларында үш ұрпақ: балалары мен әке-шешесі ғана емес, сондай-ақ, ата-әжесі де бірге тұра береді. Астана мен Алматыда, облыс орталықтарында ту­ған-туысқандарының ба­ла­ла­ры­ның не оқуға, не жұ­мыс істеу­ге келетіндері тағы бар. Не­ге осы жәйтті ескер­мей­сіз­дер? Бүгіндері көпбалалық арқы­лы демографияны қолдау керек­тігін айтып жүрміз. Олар­ға көмектесудің орнына, ке­рі­сін­ше, мұндай отбасыларға қа­лай­ша меншік салығын 3 есеге көбейтеміз?!»

А.Перуашев министр­ге тұр­­ғын үй құрылысын дамы­ту мен өмір сүру стандарт­та­ры­ның деңгейін жақсарту ту­ралы Елбасының тапсырмаларын есіне салып өтті. «Сіз са-­палы өмір сүруге ынта­лан­ды­ру­­­­­дың ор­ны­на ке­дей­шілікке итермелеп, тұрғындарымызды қайтадан «хру­щев­каларға» тығуды ұсынып отыр­сыз? Тұр­ғын үй құрылысы, жақсы үйге сұраныс – бұл жұмыс орындары, бұл бюджетке салық түсіру, бұл құрылыс материалдарын өңдіру. Сонда сіз іс жүзінде осыларды қысқартуды ұсынып отырғаныңызды түсі­несіз бе?», – деді депутат.

Көлікке салынатын салық­ты ұлғайту туралы Азат Пе­­руа­­шев: «Бұл – тікелей Ре­сей автомо­биль­дерінің мүд­­­де­сін қорғау, бірақ олар­дың атмосфераны лас­­тауы нөл­дің шамасындағы 3 литр­лік «Мерседес» немесе «Тойо­­та­ларға» қарағанда кө­ле­мі ша­ғын болғанымен, газ қал­дық­­тарын шығаруы көп», – деді. Оның пікірінше, Үкі­мет экология үшін күрес деген­ді желеу етіп, ресейлік өнім­нен гөрі сапалы заманауи көлік­тер­ді сатып алушыларға шүйлі­гу­де. «Біз онсыз да сырт­­тан ке­летін көліктерге әке­­­лім баж са­лы­ғын өсірдік. Ал енді Ресей­дің мүддесін одан әрі тықпа­лай бермей, өзі­­­міз­дің азамат­тары­мыздың өз қар­жылары­на алғысы келе­тін таң­дау құқықтарын неге қор­­ға­май­мыз», – деді депутат.

А.Перуашев қоғамда кең тал­қыланып жүрген көлік салығын оны жанар-жағармай материалдары акцизіне қосуға толық ауыс­тыратын тәжірибені зерттеуге ша­қырды: «Сол кезде біз шынымен де ауаны ластайтын шығыны көп эко­номикалық тиімсіз қозғалтқышы бар авто­кө­лік иелерін көп төлетуге мәжбүр­лей­міз», деді депутат осы орайд­а.

Сәулебек БІРЖАН.

Соңғы жаңалықтар