Атырау облысы – Қазақстанның мұнай-газ өнеркәсібі қарқынды дамыған жетекші аймақ, ел экономикасының күретамырларының бірі. Сондықтан, бұл өңір халық арасында «мұнайлы астана» деген мәртебелі атқа ие. Сондай-ақ, өңірдің географиялық орналасуында да үлкен ерекшелік бар. Бір бөлігі – Азияда, екінші бөлігі Еуропада орналасқан облысты Жайық өзені екіге бөліп жатыр.

ЕСЕЛІ ЕҢБЕК БИІК МҰРАТҚА ЖЕТКІЗЕДІ
Атырау облысы – Қазақстанның мұнай-газ өнеркәсібі қарқынды дамыған жетекші аймақ, ел экономикасының күретамырларының бірі. Сондықтан, бұл өңір халық арасында «мұнайлы астана» деген мәртебелі атқа ие. Сондай-ақ, өңірдің географиялық орналасуында да үлкен ерекшелік бар. Бір бөлігі – Азияда, екінші бөлігі Еуропада орналасқан облысты Жайық өзені екіге бөліп жатыр.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бір ғасырдан астам мерзімнен бері «қара алтын» селін тасытқан стратегиялық маңызды аймаққа келген сайын Атыраудың өркендегеніне, тұрғындардың әл-ауқатының жақсарғанына куә болып, осы мақсаттағы іргелі жобаларға әрдайым қолдау көрсетіп келеді.
Нәтижесінде, қазіргі таңда Атырау облысынан еліміздің өнеркәсіп өнімінің 26 пайызы, мұнайдың 40 пайызы өндіріледі. Қазақстаннан экспортқа шығатын мұнайдың 35 пайызы – Атыраудан жөнелтіледі. Сондай-ақ, республикаға келетін барлық инвестиция көлемінің бестен бір бөлігі облыс үлесіне тиесілі.
2012 жылы облыстың жалпы өңірлік өнімі 3 трлн. 292 млрд. теңгені құрады. Бұл елдің ішкі жалпы өнім көлемінің 11 пайызы.
Тәуелсіздік жылдары Атырау облысы әлемге ірі мұнай кеніштерінің ашылуымен танылды. Жиырма жылдан астам тарихы бар Теңіз кеніші елімізде батыс капиталының қатысуымен қолға алынған алғашқы ірі инвестициялық жоба.
Сонымен қатар, «ғасыр жобасы» аталып кеткен Қашаған кенішінің іске қосылуын әлем асыға күтіп отыр. Алып кеніш әлемде соңғы 40 жылда ашылғалы тұрған ең үлкен кен орны. Жобаны жүзеге асыру барысында құрылыс жұмыстарына әлемнің 70-тен астам елінен 42 мыңнан астам адам тартылды.
Оқырманға мәлім, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің халыққа арнаған Жолдауында Атырау мұнай өңдеу зауытының болашағын ерекше атап өткен болатын. Бүгінде зауыттағы жұмыстар қарқын алып келеді – мұнайды тереңдетіп өңдеу және хош иісті көмірсутегі кешенінің құрылысын іске қоса отырып, қайта құру мен жаңғырту жұмыстары нәтижелі жүруде. Бұл қазақстандық мұнай өнімдерін, оның ішінде отандық жанар-жағармайды әлемдік стандартқа шығарады.
Жалпы, облыста ағымдағы жылдың өткен 8 айында 21 млн. тонна мұнай, 10 млрд. текше метр ілеспе газ өндіріліп, 2012 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,5 % және 15 пайызға артты. Бұл мұнайлы Атыраудың дәулеті жыл өткен сайын арта түскенін байқатады.
Сонымен қатар, біздің болашағымыз – үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын да ерекше назарда ұстап отырмыз. Мемлекет басшысының қойған тапсырмасына сәйкес, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бойынша ірі көлемді жобаларды жүзеге асыру, бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдай жасау Атырау облысында толық көлемде орындалуда. Соның айғағы – Индустрияландыру картасы шеңберінде аймақта жалпы құны 1,4 трлн.теңге болатын 34 инвестициялық жоба жүзеге асуда. Аталған жобаларда 4 500 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Жуырда ғана аймаққа арнайы жұмыс сапарымен келген Елбасы Н.Ә.Назарбаев ТМД елдерінде теңдесі жоқ Атырау арматура зауытымен танысқан болатын. Күні бүгін зауыт іске қосылып, 75 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
Жоғарыда мұнайлы өлкенің үлесіне ел инвестициясының ширек бөлігі тиетінін бекер айтқаным жоқ. Күні бүгiн Атырау әлемнің 50-ден астам елімен әріптестік қарым-қатынас орнатқан, шетелдік инвесторлардың қызығушылығын туғызып отырған дамушы аймақ. Өңірде 400-ден астам шетелдік және бiрлескен кәсіпорындар жұмыс жасайды. Бұл жұмыстарды одан әрі дамыту мақсатында алдағы қараша айында «ATYRAU-INVEST-2013» халықаралық инвестициялық форумын алғаш рет өткізу жоспарланған. Форумға шетелдік және отандық инвесторлар қатысады деп күтілуде.
Жасыратыны жоқ, Атырау облысы жыл бойы түсетін атмосфералық ылғалдылық м өлшері өте төмен жартылай шөлейтті аймақта орналасқан. Оның үстіне топырағы тұзды, жер асты ащы су көздері жақын. Осыған қарамастан, ауыл шаруашылығы саласын дамыту бағытындағы жұмыстар қарқын алып келеді. Биыл 8 ай ішінде ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 23,8 млрд.теңгені құрап, 2012 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4 пайызға өсті.
Ерекше атап өтетін жобалар – облыста голландиялық технологиямен жабдықталған 500 бас асыл тұқымды ірі қараға арналған сүт-тауар фермасының құрылысы жүруде. Бұл нысан іске қосылған кезде қала халқының бір бөлігі өзімізден өндірілетін сүтпен және сүт өнімдерімен қамтамасыз етілетін болады. Сондай-ақ, облыс аумағында асыл тұқымды ешкі фермасы салынып, биыл іске қосылады. Бұл жерде ешкі сүті ана сүтін ауыстыра алатын бір ғана сүт екенін, ешкі сүті өнімдерінің емдік қасиеті ерекше екенін айта кеткім келеді.
Биыл Жайық өзені бойындағы каналдар суға толтырылды. Осындай және өзге де жұмыстардың нәтижесінде облыстағы картоп алқабының көлемі өткен жылмен салыстырғанда 57 гектардан 940 гектарға, көкөніс алқабының көлемі 300 гектардан 1 600 гектарға ұлғайтылды.
2007 жылы облыста тамшылатып суару тәсілі тек 74 га жерге қолданылса, 2013 жылы бұл көрсеткіш 653 гектарға дейін артты. Мәселен, «Феликс» шаруа қожалығы тамшылатып суару технологиясымен 150 гектар жерге картоп, көкөніс өнімдерін өсіріп отырса, «Атырауагроөнімдері» шаруа қожалығы тамшылатып суару әдісімен 130 гектар жерге алма, жүзім бақтарын өсіруде. Бұлар республикада тамшылатып суару әдісін көлемді қолға алған бірден-бір шаруа қожалықтары. 2015 жылға қарай тамшылатып суару тәсілін 1000 гектарға дейін жеткізу жоспарда бар.
Ауыл шаруашылығындағы осындай жұмыстар арқылы ағымдағы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында инфляция деңгейі 2,9 пайызды құрап, былтырғы осындай кезеңмен салыстырғанда 2 есеге азайды.
Сондай-ақ, біз жұмыссыздық мәселесін де күн тәртібінен түсірген емеспіз. Бұл мәселе оқырмандарға таныс болуы керек, аймақтағы Солтүстік Каспий жобаларындағы құрылыс жұмыстарының аяқталуына байланысты соңғы жылдары қазақстандық жұмысшылар жұмыстан босап жатыр. Соған қарамастан «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы, Индустрияландыру картасының жобалары, басқа да мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру, үлкен мекемелермен меморандумдар жасасу арқылы облыстағы жұмыссыздық деңгейін 5 пайыз көлемінде сақтап қалдық. Тек ағымдағы жылдың өзінде аймақта 10 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Олардың 7 мыңға жуығы – тұрақты жұмыс орны.
Теңіз кенішін кеңіту жобасы аясында облыс әкімдігі мен «Теңізшевройл» компаниясы арасында келісім жасақтап, 15 мың жұмыс орнын ашуды жоспарлап отырмыз.
«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасына халықтың қызығушылығы жоғары. Бір ғана мысал айтайын, өткен жылы кәсіп етемін деушілерге бағдарлама бойынша 700 млн.теңге шамасында шағын несие берілсе, биыл 3 есеге өсіп, 2 млрд. теңгеден астам несие беру жоспарланып отыр. Жалпы, бағдарлама жүзеге аса бастаған үш жыл ішінде 15 мың адам қамтылды.
Қай істің де ілгері басып, нәтижелі болуына серпін беретін бірден-бір жағдай – ішкі тұрақтылық. Тәубе деп айтайық, тәуелсіз Қазақстанымыз қарышты қадамдарымен нарық қиындықтарын еңсеріп келеді. Соның нәтижесінде әр өңірде әлеуметтік салаларды жаңғырту жобалары, халықтың әл-ауқатын көтеру жұмыстары сәтті жүзеге асуда.
Инфрақұрылымдық желілердің жаңғыртылуы ауылдардың еңсе тіктеуіне оң әсер етуде. Әсіресе, табиғи газ, ауыз су желілері, тақтайдай тегіс жол тартылған ауылдар тұрғындарының жабырқау көңілдері жадырап, ел ертеңіне сеніммен қарайтын болды. Тұрғындардың мейір қандырар таза ауыз суға қол жеткізуіне оң ықпал еткен «Ақ бұлақ» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Биыл республикалық және жергілікті бюджет есебінен бөлінген қаражат 54 нысанның құрылысын жүргізуге бағытталып отыр.
Қазіргі таңда облыста «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша 2 130 пәтерлі көп қабатты 46 тұрғын үй салу жоспарланған. Ағымдағы жылы 1 005 пәтерлі 22 тұрғын үй пайдалануға берілетін болады. Қалған 24 тұрғын үйдің құрылысы 2014 жылы аяқталады. Сонымен бірге, «Жас отау» облыстық бағдарламасы аясында 90 пәтерлі тұрғын үй құрылысын салу қарастырылып отыр.
Бұдан бөлек, білім беру және денсаулық сақтау салаларында да ілгерілеушілік басым. Облыстағы мектептердің барлығы компьютер сыныптарымен жабдықталып, көп жолақты интернет желісіне қосылған. Интерактивті тақталармен, мультимедиалық қондырғылармен қамтылған.
Жалпы, орта білім беретін білім ұя-ларымен бірге оқушыларға бейіміне қарай кәсіптік бағдар