Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағыттары жөнінде түсіндіру жұмысын мақсат еткен топты бастап келген Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова Қостанай өңіріндегі денсаулық сақтау саласы мамандарымен, дәрігерлермен кездесті.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағыттары жөнінде түсіндіру жұмысын мақсат еткен топты бастап келген Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова Қостанай өңіріндегі денсаулық сақтау саласы мамандарымен, дәрігерлермен кездесті.
Еліміздің дамуына темірқазық болатын Жолдаудың негізгі бағыттарына тоқталған министр денсаулық сақтау саласына мемлекеттің зор қамқорлық жасап отырғанын тілге тиек етті. Соңғы жылдары біздің еліміздегі әлеуметтік саланың алға жылжуын дүние жүзіндегі дамыған елдермен салыстыру абзал. Дүниежүзілік қаржы дағдарысына байланысты көптеген елдерде әлеуметтік бағдарламалар қаңтарылды. Сыртқы нарықтың қиындықтарына қарамастан, біздің елімізде әлеуметтік салаға бөлінген қаржы көлемі көбеймесе азайған жоқ. Ол денсаулық сақтау саласынан анық көрініп отыр.
– Сондықтан халық денсаулығы үшін бюджеттен бөлінген қыруар ақшаның әр тиыны өзінің орнын тауып, нәтижесін көрсетуі қажет. Барлығымыз да сол үшін қызмет істеуіміз керек, – деді министр Салидат Қайырбекова.
Мұнан кейін Салидат Зекенқызы денсаулық сақтау саласында жүзеге асырылып жатқан істер мен проблемаларға жеке-жеке тоқталды. Емдеу мекемелерін заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жабдықтаудың және мамандар біліктілігін көтерудің арқасында қазір жүрек-қан тамырлары ауруларына қарсы, буын ауыстыру сияқты күрделі операциялар тек Астана мен Алматы клиникаларында ғана емес, облыстардың өзінде жасала беретін болды. Қостанай облыстық ауруханасында жергілікті дәрігерлер өз күшімен жүрек тамырлары ақауына бес жүзден аса операциялар жасады.
Министр денсаулық сақтау саласында қызмет сапасының көрсеткіштері дүниежүзілік стандартқа сай келуі керектігіне тоқталды. Дәрігер жұмысы оның ауруларды көп қабылдауымен емес, қайта ауру адамдардың азаюымен өлшенуге тиіс. Бұл олардың тұрғындар арасында профилактикалық жұмыстарды жүргізуіне байланысты. Соңғы жылдары жүргізіліп жатқан 12 скрининг бағдарламасы аурудың меңдеуін азайтып қана қоймайды, жас ұзақтығын да қамтамасыз етеді. Министр мұндай бағдарламаларды жүргізуге кез келген елдің қолы жете бермейтіндігін де айтып өтті, өйткені, ол ел қазынасына өте қымбатқа түсетін шара. Сондықтан қолда барда алтынды бағалап, оны жұмсалған қаржы ақталатындай етіп, ұқыпты, жіті қадағалаумен, сапалы жүргізу керектігін де ескертті. Ұлттық скрининг бағдарламасының төртеуі онкологиялық ауруларды ерте анықтауға арналғанын айтсақ, оның қаншалықты маңызды екені әр қазақстандыққа түсінікті бола түседі.
Денсаулық сақтау саласындағы жұмыстардың барлығы да емдеу сапасының жақсаруына, сол арқылы өлім-жітімнің азайып, демографиялық жағдайдың серпілуіне бағытталады. Осы орайда министр бірінші звенодағы, яғни учаскелік дәрігерлер жұмысын жандандыруды тапсырды. Бала мен ана өлімінің азаюы, обырдың туберкулездің ерте анықталуы, жүрек-қан тамырлары ауруларының есепке алынуы және тағы басқа да адам өлімін жиілететін сырқаттарды ауыздықтау бірінші звено, емхана жұмысының сапасына тікелей тәуелді. Облыста осыған байланысты дәрігер тапшылығы да білінеді. Биыл облысқа 66 жас маман келді, оның 27-сі емханаларға баруы тиіс. Қостанай облысы үшін бұл сан кадр зәрулігін жаба алмайды. Министр облыста дәрігер кадрларымен қамтамасыз ету жұмысын әлде де жақсарту қажеттігін айтты.
Облыста бала туу көрсеткіші жоғарылаған, демографиялық серпін де жаман емес. Дегенмен, ана мен бала өлімінің азаймай отырғанына алаңдамасқа болмайды. Үстіміздегі жылдың 8 айында облыста 134 бала шетінеген, бір ана өлімі орын алған. ХХІ ғасырда ана мен бала өліміне жол беру тек қана дәрігер біліктілігіне, оның қызметіне сын екенін айтты министр.
– Дәрігерлер қызметінің сапасы, оның ең алдымен науқасқа адамгершілікпен қарауы, ал әр санның артында адам тұрғанын ұмытпайық, – деді ол. Өлім-жітімге көп себепкер болатын жүрек-қан тамырлары, онкологиялық ауруларға және жарақатқа денсаулық сақтау саласында басымдық беріледі. Министр үлкен жолдар бойында жедел жәрдем бекеттерін салуға маңыз берді. Қостанай облысында осындай үш бекет жұмыс істейді. Кездесуде тек облыс қана емес, республикада адамдардың апаттардан, жарақаттан қайғылы қазаға ұшырауы азаймай отырғандығы да сөз болды.
Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова дәрігерлермен кездесуінде Елбасы тапсырған «Қазақстан-2050» Стратегиясында айтылған міндеттер үдесінен шығу үшін денсаулық сақтау саласында медициналық қызмет сапасын жоғарылату, науқасқа дәрігерлік көмектің қолжетімділігі, аурудың алдын алу, жаппай профилактика жұмыстарын жандандыру, жекеменшік клиникалар қатарын көбейту, менеджментті игеру секілді көптеген міндеттерді талдап айтып берді.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.