Қоғам • 22 Мамыр, 2020

Ақмола облысында жер жүдеп, тозып барады

160 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Төрткүл дүниені тітіреткен пандемия диқан қауымды да алаңдатып тастаған еді. Ел де елеңдеулі болатын. Астық екпей бола ма? Биыл облыс диқандары 4 млн 900 мың гектар алқапқа дән сіңірмек. Еңбек өнімділігін екі жарым есе арттыру міндеті қойылып отыр. Бұл межеден шығудың жолы қайсы?

Ақмола облысында жер жүдеп, тозып барады

Астық экспорттаушы­лар­дың алдыңғы легінен табы­ла­тын, әр жыл сайын 20 млн тоннадан астам ақық дәнді қоймаға құйып алатын қазақ елі үшін бұл стратегиялық маңызы бар мәселе. Үстіміз­дегі жылғы қиындыққа бай­ла­­ныс­ты ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жер ем­ген шаруаларды қолдауға бағыт­тал­ған шешім шығарды. Бұл шешім аздап абыржып отыр­ған диқан қауымның сені­мін арттырып, соны серпін бер­гендігін де баса айта кеткен дұрыс. Қолдауға бөлінген қаржының едәуір бөлігі тұқым шаруашылығына жұмсалмақ.

Осал жеріміз де осы еді. Облыс­тың астықты алқап­тарына соңғы отыз жылдан астам уақыт бойы екінші, үшін­ші репродукциялы тұқым себіліп келеді. Әлмисақтан ай­тылған «Не ексең, соны ора­сың» дейтұғын қанатты сөз шын екен. Әне бір қиын кез­де озық технологияларды игеру­ге мұрша болмай, жерді өң­деуге қарымы қаптал жетпеген соң күзде сеуіп, көктемде орып алумен ғана шектелген өнім сапасы жылдан-жылға құл­ды­рай берді. Ал төмен сұрып­ты тұқым топырақты аздырды.

– Үкіметтен бөлінген 70 млрд теңгенің 20 миллиардын облыс шаруашылықтары игеруде. Қазір тұқым мәселесіне де айрықша мән беріліп отыр. «Азық-түлік келісімшарт» кор­порациясы бір жарым мың тонна сапалы тұқым босатты, – дейді облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдіхалықов.

Өткен жыл аса қолайлы бола қойған жоқ. Әйтсе де, ақмолалық диқандар гектар берекесін 11 центнерден айналдырып, 5 мил­лион тонна төңірегінде астық жинады. Сараптап қарап отыр­саңыз, өнім көлемін арт­тыруға сапалы тұқым еккен шаруашылықтардың қосқан үлесі мол екен. Тұқымға қоса жер өңдеудің жайын ескерген ләзім. Жасыратыны жоқ бүгінгі шаруалар химиялық тыңайтқыштарға иек артады. Әрине мамандардың ай­туына қарағанда, фосфор, азот пен калий топыраққа ауа­дай қажет. Бірақ оның да өз өлшемі бар. Әр нәрсе өз мөл­шерімен болған ләзім.

Жерге жаны ауырып, жайын ойлайтын шаруалар алқапқа қанша минерал сіңіру­ді, оның өнімділікке әсерін цифрлы технологиялар ар­қылы бақылай алады.

– Біз әр 25 гектардан 50 сантиметрге дейін терең­дік­тен топырақ үлгісін алып, зерт­ханаға тапсырамыз. Нәтижесі белгілі болғаннан соң шаруа­ға ғылыми ұсыныс картасы беріледі. Барлық мәлімет республикалық «Қолдау» деректер базасына енгізіледі. Ендігі арада шаруашылық басшылары өз иеліктеріндегі қай алқапқа қанша фосфор керек немесе қай алқапты бел­гілі бір тыңайтқыштармен байы­туға болмайтындығы тура­лы нақты ақпарат ала ала­ды, – дейді «Kazagrolab» зерт­ханасының директоры Әділбек Ғазизов. – Егер күкірт, кальцийді мөлшерден арты­ғырақ қолданса, егін бір жерге шығып, екінші жерге мүлде шықпай қалуы да ғажап емес. Фосфор жетіспесе, өзге ты­ңайт­қышқа жұмсаған ақ­шаңыз зая.

Мамандардың айтуына қа­ра­ғанда, қолда бар мүм­кін­дікке көңіл бөлмей отыр­ған диқандар қаржысын бей-берекет жұмсап жүрген сыңай­­лы. Оның үстіне жер жүдеп, тозып бара жатқандығын да баса айтуымыз керек. Облыс­та күні бүгін 234 мың гектар жыртынды жер тусырап жай жатыр. Қазір бұл жерді арамшөп басуда. Ынта болса бір кезде кәдеге жара­ты­лып, кейін қауқардың бол­мауынан бос қалған жерлер­­ді игеруге әбден болады. Мы­сал келтіре кетелік, Зерен­ді ауданының Қазақстан ауы­лы­­­ның іргесіндегі бос жат­қан жерді «Берекет-2050» серік­­тес­тігі бірнеше жылдан бері игеруде. Қазір мол өнім­ге қалай қол жеткізуге бола­тын­дығын көрсететін тәжірибе алаңы іспетті.

– Осы істі қолға аларда же­ргілікті жердің жайын бі­летін талай адам жұ­мы­­сым­нан бәтуа шыға қой­мауы мүмкін екендігін бетіме айт­қан болатын, дейді серік­тес­­тік құрылтайшысы Борис Козлов, – бірақ мен бекем бел будым. Бір сенгенім, мем­ле­кеттің көмегі. Мынаған қара­ңыз, гербицидке 50 пайыз, минералды тыңайтқыштарға 50 пайыз субсидия беріледі. Жеңілдетілген несиесі тағы бар. Биыл Президенттің пәр­менімен жанар-жағар­май баға­сы арзандады. Енді осынша­ма тиімділікті қалай пай­­да­лан­бауға болады. Ша­руа­шы­лықты цифрлы тех­но­ло­гияға көшірдік. Жыл бо­йы жер өңдеу технологияла­рын үздіксіз әрі тиянақты жүр­­­гіземіз. Бұл ретте қаржы ая­май­мыз. Өткен жылы 280 млн теңгеден астам ақша жұм­са­дық. Қоңыр күзде сол қар­жы­­ның бәрі еселеп қайтып келді.

Өткен жылы облыс диқан­дары әр гектардан 11 центнерді әрең-әрең жина­ғанда, «Бе­рекет-2050» серіктестігі гектар берекесін 22 центнерден айналдырып, облыстағы орташа көрсеткіштен екі есе артық өнім жинап, жердің өзіне жаны ашығанға ғана жомарт екендігін дәлелдеп шықты.

Биыл облыс­тың ауыл шаруашылығы құ­рылым­дарын субсидиялау үшін қазынадан 37 млрд теңге бөлі­ніп отыр. Қазіргі күні эко­логиялық таза табиғи тыңайт­қышпен өсірілген дәнге сұраныс мол. Біз жақсы ісін мысал еткен «Берекет-2050» серіктестігі бұл жайды да күні бұрын ойлап қойған. Ас­тық шаруашылығындағы ісін оңынан оралтқан соң мал шаруашылығын да қатар өріс­тетпек. Қазір шаруалар 9 түр­лі дақыл өсіруде. Мұның да өз сыры бар. Негізгі мақсат өсім­дік түрлерін алмастырып отыру арқылы жердің құнарын арттырып, ырысты еселеу.

Биыл қар қалың түсті. Көктем де жауын-шашынды болып тұр. Тұқым сапасын түзеткен, жерінің жайын ойла­ған шаруаның астықсыз қал­майтыны анық.

 

Ақмола облысы