Кино • 22 Мамыр, 2020

Коронавирустың киноиндустрияға кесірі тие ме?

273 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Коронавирус індеті 1918 жылы жаһанды жалмап, жұқтырғандар мен адам өлімінің көптігімен тарихта қалған «испан тұмауы» секілді қазақ киноиндустриясына да айтарлықтай әсер етуі ғажап емес.

Коронавирустың киноиндустрияға кесірі тие ме?

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «ЕQ»

Мәселен, «испан тұмауы» пан­де­миясы кезеңі және одан ке­йінгі жылдар (1918-1926) Гол­ли­вудтың дамуына айтарлық­тай әсер етті, өйткені сол ара­лықта «америкалық кино өн­ді­рі­­сінің барлық жүйелері іске қо­сылып» болашағы анық­тал­ды. Бұл – фильмдердің өндірісі мен олардың дистрибуция­сы­на қатысты болатын. «Испан тұ­мауының» кесірінен америкалық кинотеатрлардың 90%-ы жабылды. Лос-Анджелесте кино­театр­лардың жұмыс істеуіне тыйым тым ерте салынды, ал киностудия­лар бар-жоғы 1,5 айға – 1918 жыл­­дың қазан айының ортасынан қара­шаның соңына дейін барлық жұмысын тоқтатты. Осының бәрі АҚШ-тың қалыптасқан кино­индустриясының жойылуы­на алып келді. 1918 жылғы пан­де­мия­ға дейін бұл мемлекетте кино өн­дірушілер және прокат жү­йесі екі бөлек сала болды.

Пандемия кесірінен шарық­таған шығындардың арқасында киноөндірушілердің кейбіреулері банкротқа ұшыраған кинотеатр­лар мен кино жүйесін сатып алды. Бұл жағдай бүгінгі күні бүкіл әлемге танымал АҚШ кино­индустриясының өркен­деуі­не оң әсер етті. Осы жайттерді сара­лай отырып, бүгінгі жағ­дай­ға қатысты қорытынды жа­сау­ға болады. Мәдениет және спорт министрлігіне дәл қазір келіс­сөздер жүргізе отырып банк­рот шегінде тұрған ірі кино жүйе­лерін жекеменшік иелерінен сатып алуға негіз бар. Біріншіден, бұл бизнес қауымдастығы үшін жақ­сы қолдау болса, екіншіден, өз кино­прокат жүйесі бар отан­дық кино өндірісінің дамуына жаңа серпін беретіні сөзсіз.

Бүгінгі жағдайға келер бол­сақ, жаһан жұртын әбігерге сал­ған Covid-19 пандемиясы бү­кіл әлем­нің шекараларын жауып, қоз­ға­лысты шектеуге мәж­бү­р­ле­ді. Бар­лығы да өз үйлерінде, та­мақ­­тарын әзірлеп, телеарнаның ал­­дын­да отыр. Кино өндірісі бұ­­­р­ын­­ғы қалпында жұмыс істеп жа­тыр деген жалған түсінік пайда болды.

Алайда, бүгінгі еліміздегі жағ­дай бәрімізге де аян: кинотеатр­лар жабылып, фильмдер түсірілімі тоқтатылды. Кино өндірісі әдетте кинотеатрлардағы прокат үшін жұмыс істейді. Қазір тіпті да­йын фильмдер де прокатқа шыға алмай отыр. Онлайн платформалар – бұл мәселенің шешімі емес. Өйткені бұл – екінші нарықтағы табысқа жатады, үлкен экрандар үшін дайындалған сапалы киноны стримминг жүйесі арқылы көр­сету дұрыс құбылыс емес. Ғалам­тордағы көрсетілімдер, бү­гін­гі үлкен сұранысқа қара­мастан, кинопрокат жүйесі се­кілді табыс алып келмейді. Бүгін­гі күні фильмдер тек Қазақ­стан­да ғана емес, сондай-ақ бүкіл әлем­­де, тіпті Голливудта да (рес­­ми статистикаға сүйенсек Лос-Анджелестің өзінде 120 мың ки­но­­гер жұмыссыз қалған, соң­ғы ай­да 80% кинотеатрлардың есік­­тері жа­был­ды) түсірілмейтіні белгілі.

Тағы да бір тоқтала кететін жайт, түсірілім кезеңі нақты ауа-райы­ның қолайлылығына тәуелді екені баршаға мәлім. Бірақ бұл, мы­салы Голливуд үшін, үлкен қиын­дық емес. Алайда біздің елі­мізде түсірілім жұмыстары тек жаз немесе күз айларының ба­сында, яғни күннің ұзақтығына бай­лан­ысты мезгілде түсіріледі. Демек, шілде айының басынан кешік­пей түсіру жұмыстарын бас­тауы­мыз керек, ал ол үшін сәуір айынан бастап дайындықты ұйым­дастыру қажет.

Керісінше, елімізде төтенше жағ­дайдың ұзартылуына байла­нысты біз бұл кесте бойынша жұ­мыс істей алмайтынымыз анық. Сондықтан да еліміздің кино өн­дірісі пандемиядан қан­ша­­лық­ты зардап шеккенін бүгінгі күні болжап айту қиын. Карантин аяқ­­тал­ғаннан кейін де фильмдер түсірілуі екіталай, кино өндірісі тез арада бұрынғы қалпына келе алмайтыны да баршамызға аян. Себебі бұл жағдайдың қаншаға со­зы­латынын ешкім дөп басып айта алмайды, бүгінде қандай да бір болжам жасау мүмкін емес. Бізде өндіріс те, кинопрокат та тоқтап тұр. Кинотеатрлар жа­бық – барлық қызметкерлер тара­тыл­ды. Қазір олар банкротқа ұшы­рап жатыр және біз мұның бәрі аяқ­талған кезде қандай әлемге тап болатынымызды да білмейміз.

Болжам бойынша, біздің нарық 2021 жылдың басында ғана жақ­сарып, етек-жеңін жинай бастайды. Естен шығаруға бол­май­тын тағы бір мәселе – каран­тин кезінде киноконтентті пайда­лану­дың артуы. Қазіргі уақытта дүниежүзі бойынша адамдар үйінде және фильмдер мен телехикаялар көріп уақытын өткізіп отыр. Яғни карантин аяқ­талғаннан кейін адамдар фильм­дер мен сериалдарға «тойып» шығады да, басқа қызық із­дей бастайды. Көрермендер кино­ға барғысы келмейді, кинотеатр­лар жұртты залдарға қай­тара ал­майды, бұл жалпы киноин­дус­трияға әсер етеді. Есесіне, үй көрсетілімдерінің саны біршама көбейді, осыған байланысты телеарналар мен онлайн-кино­театрларда жұмыс істейтін біздің әріптестеріміз пайда таба бас­тады, дәл қазір бұл сала ақша әкел­месе де, көрермендерді өз фор­матына үйретуде. Сонымен қатар барлық онлайн-платформалар кинотеатр­лармен қатар жаңа контент іздеуде, ал индуст­рияны таяу арада қалпына кел­тіру жоспарда жоқ, YouTube-те көрерменнің еті үйреніп, тал­ғамын төмендететін, бөлмеде тү­сі­рілген сапасы жоқ видеолармен қалып қою қаупі бар.

Өз кезегінде «Ш.Айманов атын­­дағы «Қазақфильм» АҚ жа­рия­­ланған карантинге байла­ныс­ты ғана емес, сонымен бірге 2019 жылы қабылданған «Қазақ­стан Республикасының кинематография туралы» заңына байланысты киноиндустриядағы дағ­дарысқа қарсы шараларды қол­ға ала бастады. Өйткені заң ая­сында Ұлттық киноөндірісімен ен­ді тек «Қазақфильм» ғана емес, сон­д­ай-ақ жеке киностудиялар да айн­алысады. Ал жекеменшік ки­но­студияларға бұл жағдайда әл­де­­қайда жеңіл, өйткені олар жыл­­дар бойы жасақталған ұжым­ды, фильмдер қорын және ком­му­­нал­дық төлемдерді өтеп, ұлт­тық кино­студияның ғимарат­тары мен құрылыстарын сақтау үшін шы­ғын­дарды көтер­мей­ді. Соны­мен қатар «Кинемато­гра­фия туралы» заңда қазақ кино өне­рінің қарашаңырағы – «Қазақ­фильм» киностудия­сы туралы бір ауыз сөз жоқ. Елі­міз­­дегі то­­лық өндіріс циклі бар жал­ғыз са­лалық кәсіпорын қазір­гі уа­­­қыт­­та қаржысыз қалды. Бұл рет­­­те олар алғашқы болып теле­ар­­­на­­­лар мен барлық платформа­лар­­­ды контентпен ақысыз негіз­де тол­тыр­дық. Оған қоса, осы «заң­ның» көз­деген мақсаты – Қазақ­стан Рес­пу­бликасына шетел­дік кино­гер­лерді тарту болып та­­бы­­ла­тын­дығын және біздің Үкі­­мет олардың кино түсіруге жұм­­сай­­тын қаражатының 30%-ын қай­­таруы керек екенін атап өту керек.

Америкалық кино­ин­дуст­рия­ны дамытудағы әлемдік тәжі­рибе мен пандемия жария­лан­ғаннан кейін көршілес елдердің (атап айтқанда Ресейде, РФ Мә­де­ниет министрлігінде фильм­дердің барлық өндірісі тоқтап, «РФ Кино қорында» питчингтер шектелді) кино өндірісі сала­сындағы қазіргі жағдайын ескере отырып, біз ең алдымен «Қазақ­фильм» халықаралық брендін қолдауға, оның өнімділігіне және ұлттық фильмдер өндірісінде өз әлеуетін пайдалануға негізделген өз моделімізді жасауымыз керек. Бұл үшін Ұлттық киноны қол­дау Мемлекеттік орталығы жүр­гіз­ген барлық питчингтердің кү­шін жойып, «Қазақфильм» АҚ аума­ғында фильмдер шығару мүм­кін­дігіне қатысты барлық ұсын­ыл­ған сценарийлерді қайта қарау керек деп ойлаймын (себебі бар­лығы сценарийге байланысты, бір жерде, бір ғана декорациямен тү­сірілген көптеген фильм­дер, тіп­ті шедевр туындылар да бар). Ол үшін киностудиямызда тү­сі­рі­лім павильондары мен табиғи ландшафты орналасқан 17 гектар аумақ, сондай-ақ пост­про­дакшн­ға қажетті барлық техни­калық жабдықтар бар. Бұл Мә­дениет және спорт министрлігі кино­өн­діріске бөлетін бюджет қара­жа­тын үнемдеуге (өйткені бар­лық түсірілімдер мен жұмыс­тар­­дың барлық түр­лері бір жерде жүр­гі­зілетін бола­ды), сондай-ақ ұлттық игілі­гіміз – Ш.Айманов атындағы «Қазақ­фильм» кино­студиясын сақ­тап қалуға (сту­дия­ны дамыту­дың, ше­бер­хана­лардың, павильон­дар­дың, маман­дардың жүктемесі, даму­ға және өмір сүруге қаражат жинауға нақты мүмкіндік пайда болады), және ең бастысы, ұлт­тық киноөндірісті таяудағы 2-3 жылда сүріндірмей алып шығу­дың жалғыз мүмкіндігі, өйткені тарихқа көз жүгіртіп қарайтын болсақ, пандемия салдарын жоюға дәл осындай уақыт қажет.

 

АЛМАТЫ