Суретті түсірген Ерлан Омар, EQ
– Сізді еліміздің ынтымағына кері әсер етуі мүмкін, дініміздің негізгі құндылықтарына кереғар келетін қандай таным-түсініктер мазалайды?
Төлеби ОСПАН,
Ақтөбе облысының бас имамы:
– «Кімде-кім көпшіліктен бір сүйемдей ажыраса, мойнындағы Ислам арқанын шешіп тастағаны», дейді хадисте. Арқан – пенде мен Жаратушы арасын байланыстырушы кітап...
Ардақты Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) кездесуге келген топ ішінде Бәну Ханифа тайпасы да бар еді. Осы тайпадан Мусайләмә есімді кісі Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) араб халқын бірлесе басқаруды ұсынады. Демек, дінді Жаратушыны тану деп емес қоғамды басқару тетігі деп көруде. Осман ибн Аффан халифалығының соңында бой көтерген бүлік және Әли ибн Әбу Талиб халифа кезеңінде толассыз наразылық ұйымдастырған шиға және хауариж ағымдарының да көксегені имандылық емес, билік еді.
Көз алдыңызға елестетіп көріңіз. Пайғамбардан тәлім алған Осман бин Аффан ел басқаруда. Қарамағында Құран мен хадисті толық білетін, Пайғамбардың көзін көрген, тәжірибесі мол әрі әділдікті ту еткен мыңдаған сахаба. Бір адым шалыс басса, лезде түзетуге даяр тұр. Қала берсе Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Османнан періштелер ұялады, Рума құдығын сатып алған жәннаттық деген сияқты риуаяттары оның жеке қасиетімен қоса қоғамға сіңірген еңбегін көрсетеді. Десе де, жат ағымдағылар Османның тұлғасынан көптеген «кемшіліктер» тапты. Жұртты бұған иландыра білді. Соның кесірінен қарапайым халық кеше Пайғамбар жоғары баға берген тұлғаны залым билеуші деп қабылдады. Тіпті, шаңырағына баса-көктеп кіріп өзін өлтірді.
Тағы бір ескеретін тұсы, бүлікшілер мұсылман қоғамы молшылық және тоқшылық кезеңінде бой көтерді. Осман Халифа болып тұрғанда халықтың әл-ауқаты өте жоғары еді. Алайда, хауариж ағымы осыған қарамастан Османның билігіне наразы болды. Бұл қозғалысты жоспарлаушы тарихта Йеменнен келген Абдулла бин Сәбә есімді еврей деп көрсетіледі. Ол жақтас жинау үшін қоғамның ең осал тұсын іздеді. Қарапайым халық ішіне еніп, нәзік мәселелерді қозғап, өзінің қалағанындай етіп құлақтарына құяды. Ибн Сәбә мұсылмандардың ішіне іріткі салудың жоспарын құрып: «Біз дінді жаңадан қабылдаған мұсылмандардың қолын қанға бояймыз, қылмысты солар арқылы жүзеге асырамыз. Себебі олар өте албырт әрі білімі таяз келеді», деген. Өзгенің қолжаулығына айналған қазіргі кейбір қазақ жастары да сол кездегі бүлікшілердің кебін киюде.
Кенжетай ДҮЙСЕНБАЙ,
Солтүстік Қазақстан облысының бас имамы:
– Ислам адамзаттың өткенімен де, бүгінгісімен де, болашағымен де тығыз байланысты үзбейді, өркениеттен қалып қоятындай керітартпалыққа жол бермейді. Діннің өзгеріске ұшыратуға келетін я келмейтін тұстары бар. Ислам негізгі құндылықтарын еш уақытта өзгертуге немесе белгілі бір жағдайларға байланысты жаңартуға болмайды. Яғни мысалы, мұсылманға парыз болған амалдарды, адал мен арамға жататын дүниелерді өзгерте алмаймыз. Мәселен, дініміздің негізі тірегі намаз оқу – әр мұсылманның парызы. Оны әлде бір сылтаулармен өзгертуге немесе парызға жатпайды деп, жоққа шығаруға болмайды.
Мені Исламның негізгі құндылықтарын басқаша жолға салып, жеке бір топтың мүддесіне сай етіп ыңғайлап, онымен қоймай сол ұстанымдарын көпшілікке тықпалау мәселесі алаңдатады. Мәселен, Ислам діні үшін де, жалпы адамзат үшін де басты құндылық ол – отбасы. Отбасындағы көп мәселе дінмен реттеледі. Шариғатқа сәйкес неке құру, некелі отбасында баланы дүниеге әкелу қай заманнан бері дәстүрлі отбасы атауының қалыптасып, әр үйде бақ-берекенің орнауына негіз болып келеді. Алайда, бүгінгі таңда үйленбей-ақ бірге тұру, некесіз бала туу немесе ананың туған баласын оп-оңай тастап кетуі және әкенің отбасын асыраудан бас тартып, жауапкершіліктен қашуы сынды мәселелерді көптеп көріп жүрміз. Көпшілік үшін бұлар қалыпты жағдайға айналып барады. Мұны Ислам діні құндылықтарына кереғар келетін түсініктер, қоғамды іштен бүлдіретін дүниелер демей болмайды.
Еркінбек ШОҚАЙ,
Алматы қаласының бас имамы:
– Мені Ислам құндылықтарын насихаттауда маман емес, жолдан қосылған кісілердің белсенділігі мазалайды. Біздің дін саласындағы күрделенген проблемалардың көпшілігінің себебі де осында жатыр. Жат ағым идеясының елімізде тарауына және оған ерушілердің санының артуына да осы құбылыс үлкен үлес қосқаны белгілі. Сондықтан, шариғаттың шаруасымен тек білікті әрі білімді мамандар ғана айналысса, Исламның негіздеріне қайшы келер керағар жағдайлар жойылады деп ойлаймын.
Бақтыбай БЕЙСЕНБАЕВ,
Шымкент қаласының бас имамы:
– Теріс пиғылды идеологтар тарапынан қоғам ішінде қазақтың салт-дәстүріне, патриотизм мен ұлтжандылыққа, мемлекет пен қоғамның зайырлылығына қарсы сан алуан «пәтуалар» жасалып, халықтың ортасында іріткі салушылар қате пікірлер таратты. Тіпті, «келіннің сәлемі», «қайтыс болған кісінің қырқы», «бата беру» сияқты өзге де ұлттық-мәдени тұрғыдан құнды саналатын мәселелер деструктивті идеологияға арбалған жамағаттардың ішінде тұтас бір дауға айналды. Бұл құбылыс жат ағымның жетегінде кеткендердің азаматтық санасының және интеллектуалдық деңгейінің көрінісі. Өкінішке қарай, мұның салдарын күнделікті жаңалықтардан байқауға болады. Бүгінде коронавирус пандемиясы себебінен төтенше жағдай орныққан кезде, сақтық шараларын сақтаған мұсылмандар да саналы азаматтық ұстанымымен бұл тәртіпке бой ұсынды. Ел ішінде дінге бірбеткей назармен қарап, дін ғұламаларының негізді шешімдерін, ұсынған дәлел-дәйектерін қабылдағысы келмейтіндер бар. Жат ағымдар таратқан таным-түсініктердің негізі – осы. Таным-түсініктер әртүрлі болуы мүмкін, алайда негізі келіп біржақты ойлану, сыншыл көзқарастан айрылу, соқыр сенімді қабылдау, азшылықтың мүддесін моральдық-этикалық нормаларға қарамай көпшіліктен артық санау секілді қасиеттерге тіреледі.
Ал егер қоғамда орын алған қылмыстарға қарасақ, жат діни ағым өкілдері жасаған құқық бұзушылықтарға діни алауыздық тудырудан басқа, тонау, қарақшылық шабуыл, зорлау, ұрлық, қастандық жасау, есірткі заттар және т.б. көптеген қылмыс түрлерін атап өтуге болады. БАҚ таратқан мәліметтер бойынша 2019 жылы Ақтөбе облысында діни адепттер тарапынан жасалған 57 қылмыс және 379 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген. Бұл деректер бізге деструктивті және экстремистік идеологияның қаншалықты ауқымды ықпал ететінін көрсетеді. Қауіп жекелеген түсініктерде емес, негізде. Өзінің жеке мүддесі үшін асыл діннің қасиетті қағидаларын қалағанынша бұрмалайтын тұлғалар, қолына түскен қай қағиданы да қате етуі әбден мүмкін.
– Жат ағымдарға түбегейлі, заңдық тұрғыда тыйым салынбауы, өзге елдерде болып жатқан қақтығыс, соғыс ошақтарына тап болған отандастарымыздың және өз ортамызда өзінің теріс ұғым-түсінігімен «кіші бүлік» жасап жүрген азаматтарымыздың көптігі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жұмысын, тіпті осы бағыттағы мемлекеттік саясатты жүйелі түрде қайта қараудың уақыты келгенін көрсетпей ме?
Тұрар ӘБУОВ,
дінтанушы:
– Біз экстремистік «удан» қалай құтыламыз? Ең бірінші ойымызға келетіні – тыйым салу. Қазақстан бүгінде 20-дан астам экстремистік ұйымға тыйым салды. Ендігі мәселе – салафизмге тыйым салу. Бір кездері дін саласына қатысты заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу арқылы деструктивті идеологияға тыйым салынатын болған-ды. Исламтанушылар мен дінтанушылардың көзқарасы бойынша: салафизм – өте қауіпті ағым және оған тыйым салу керек деп есептейді. Елімізде жат ағым жетегінде кеткен азаматтарды оңалту жұмыстары үздіксіз жүргізіліп келеді. Бірақ нәтижесі көңіл көншітпейді. Себебі қоғамда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының беделі артып, мемлекет дін мәселелерінде нақты ұстаным бекітпейінше, бұл жұмыстар тиімсіз болып қала береді.
Бір ғана ақиқат бар – ол жер бетіндегі пенденің құлшылығы да, тіршілігі де тыныштыққа тәуелді. Сондықтан Қазақстанға радикалды идеологияға тыйым салатын заңнамалық құжат қабылдау керек. Қоғам үшін қауіп тудырып отырған діншілдік пен экстремизмге қарсы жұмыстар: жастардың әлеуметтік мәселелерін шешу, бос уақытын тиімді пайдалану, жұмыспен қамтамасыз ету секілді шаралар күн тәртібінен түспеуі тиіс. «Жұмысы жоқтық, қарны тоқтық, Аздырар адам баласын» деп Абай атамыз текке айтпаған. Жастардың алға қойған мақсаты, білімі, саяси көзқарасы, жақсы жұмыс орнына деген үміті болса, қауіпті нәрселерге бұрылып та қарамайтыны анық.
Қанат АЛШЫНБАЕВ,
ҚМДБ-ның «Діни оңалту» бөлімінің меңгерушісі:
– Әуелі жат ағымдарға түбегейлі, заңдық тұрғыда тыйым салу оңай мәселе емес екенін ескергеніміз жөн. Онсыз да мемлекетке дінге тыйым салушы фактор ретінде, деструктивті діни ағымдар өкілдері, мемлекетке наразылықтарын қатты күшейтуі мүмкін. Десек те, бұдан басқа шаралар қалмаған сияқты. Себебі, дін қызметкерлері айтатынын айтты. Осы бағытта қыруар қаражат жұмсалып, талай жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл жерде деструктивті діни ағымдардың идеологиясының сырттан келіп жатқанын, оларға шеттен қыруар көп қаражат бөлініп отырғанын естен шығармауымыз керек.
Жат ағымдар өкілдерімен жеке жұмыста мемлекет тарапынан ауқымды жәрдем берілсе екен дейміз. Себебі, олар дін қызметкерлерімен сұхбаттасуға кез келген жағдайда келісе қоймайды. Сол үшін олармен жеке кездесулерді ұйымдастыру тетігін табуымыз қажет. Осыны ескере келе, жат ағыммен күрес бағытында негізгі жұмысты өзіміздің жамағатпен күшейтуіміз керек деп есептеймін. Оларға жат идеологияға қарсы иммунитет орнатып, діни білімдерінің артуына күш салуымыз қажет. Сол себепті, мемлекет тарапынан осы бағытқа басымдық беріліп, қаражат бөлінсе, діни қызметкерлерге жағдай туғызылса, оң нәтиже болатынына сенімдімін.
Бақтыбай БЕЙСЕНБАЕВ,
Шымкент қаласының бас имамы:
– Еліміздегі діни ахуалды біршама ретке келтіру жұмыстары соңғы уақытта өте қарқынды жүргізілді. Діни қызметті заңдастыру, дін атын жамылған бейресми ұйымдар мен топтардың іс-әрекетіне тыйым салу, ақпараттық-ағартушылық жұмысты жолға қою секілді көптеген шаралар осы саладағы проблемалардың шешімін табуға мүмкіндік берді.
Бүгінде жат ағымдардың таралуы жасырын жолдармен немесе онлайн түрінде жүргізіліп отыр. Себебі олар ашық алаңға шыға алмайды, мешіттерде оларға орын жоқ. Осыған орай теріс пиғылды идеологтар шетін көзқарастарын маркетинг және SMM технологияларын жетік меңгеріп, әлеуметтік желілер арқылы насихаттауда.
Азаматтарымыздың санасына ашық түрде ықпал етуден қағылған жалған идеологтар амалы мен айласын тауып, баламалы жолдарды меңгеруде. Біз де, яғни ҚМДБ және оның мешіттері де осы процестен шет қалған жоқпыз. Әрине, қызметіміздің кем тұстары бар, алайда кемшіліктермен жұмыс қазір қарқынды жүріп жатыр.
– «Әмин» деп қол жайып, дұғадан кейін бет сипайтын мұсылманбыз. Қазір арамызда бет сипау рәсімін жасамайтын, Құран аяттарын оқуды жөн санамайтын адамдар бар. Олар мұндай әрекеттерді неге сүйеніп жасайды? Уәждері қандай?
Кенжетай ДҮЙСЕНБАЙ,
Солтүстік Қазақстан облысының бас имамы:
– Қазіргі кезде мұсылмандар арасында намаздан соң дұға жасап, бет сипауды жөнсіз деп есептеп, қарсы келіп жүрген бауырларымыз бар. Кейбірі Құран аяттарын оқудан да бас тартқан. Бет сипау, дұға ету ата-бабамыздан келе жатқан және шариғатта бар нәрсе. Осы Ибн Мәжәһтың Абдуллаһ ибн Аббастан (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын) риуаят еткен хадисінде Пайғамбар (с.ғ.с.): «Егер Алладан дұға тілесең, алақаныңның сыртымен емес, ішімен дұға тіле. Дұғаны аяқтасаң, онымен (алақаныңмен) бетіңді сипа», – деген.
Дәстүрлі дінімізде бет сипау сүннет амалдарына жатады. Аталарымыз бет сипамай дастарқан басынан тұрмаған. Бұл қазір діни нанымнан туған әдет-ғұрыпқа айналды. Ал Құранды өліге де, ризаға да бағыштаймыз. Құран оқудың өзі шипа деп оны жоғары бағалаймыз. Ал енді мұның бәрін жөн санамайтын адамдар теріс бағыттағы ұстанымдарды көздеп жүргендердің жаңадан қалыптастырған дәстүрлері десек болады. Олар – Құран оқу, бет сипау дүниеден озғандарға еш сауап етпейді деп ұрандатып жүргендер.
Қанат АЛШЫНБАЕВ,
ҚМДБ-ның «Діни оңалту» бөлімінің меңгерушісі:
– Біз қай салт-дәстүрімізді алсақ та, діннен негіз таба аламыз. Ал діндегі кез келген әрекет шариғатта негізі бар амалдар. Ақида-сенім негіздеріне келер болсақ, мұсылмандар арасында тартыс жоқ, себебі үзілді-кесілді дәлелдермен бекіген. Ал тармақты мәселелерде талас-тартыс бары рас. Дегенмен, ол талас-тартыстар бір-бірімізбен жаға жыртысуымызға әкеп соғатын дүниелер емес, әсілінде. Өкінішке қарай, білімсіздіктен ондай жағдайлар болып жатады. «Әмин» деп қол жайып, дұғадан кейін бет сипау да бұдан тыс қалмайды. Деструктивті діни ағымдар өкілдері бұл үрдісті хадистерде келмеген деп уәждерін айтады. Алайда, Пайғамбарымыз дұға тілеген кезде екі қолымен бетін сипамай, қолдарын түсірмейтін деген мағынадағы хадистер бар. Осындай хадистерді олар сахих емес, әлсіз деген баға беріп, ол әрекетті жоққа шығарады.
Негізінде, ол хадистерге кемінде «хасан» деген баға берілген. Тіпті, Ибн Қайим сынды, өздерінің ұстаздары да солай бағалаған. Әлсіз деп қабылдағанның өзінде көптігін, бірін-бірі қуаттайтынын ескеріп, ғалымдар дұға соңында екі қолмен бет сипауды дұғаның әдебі деп есептеген. Әр нәрсенің бастауы мен соңы бар. Мысалы, намаз тәкбірмен басталып, сәлеммен аяқталады. Сол сияқты дұға екі қол көтеріліп, Аллаға мақтау айтылған соң Пайғамбарға салауат айтылып барып қажет сұралады. Кейін соңында қайта салауат айтылып, екі қолмен бет сипалып, дұға аяқталады. Сондықтан дұға соңында «әмин» айтып бет сипау – дұғаның әдебі екенін білуіміз қажет. Сол себепті, оны бидғатқа шығаруға мүлдем болмайды.
– Еліміздің ұстанған бағытына сәйкес келмейтін ниеттегі жат ағымдағылардың шын мәнінде көксегені не? Оларды бабалар ұстанған дін жолына қайтара алмай отырғанымыздың басты себебі неде?
Еркінбек ШОҚАЙ,
Алматы қаласының бас имамы:
– Олардың ниеті бұрыс деп айта алмаймын. Ықыласы мен пейілі тура болуы әбден ықтимал. Яғни Алланың разылығы мен ақиқатты ұстанып өмір сүруді көздеуі мүмкін. Алайда, олардың ар жағында тұрған тараптардың ниеті мен мақсат-міндеті бұзық екені анық. Ол тараптар кейде үлкен державалық сипаттағы елдер болуы да мүмкін. Ал біздің қаракөздеріміз солардың үлкен саяси немесе идеологиялық ойындарының кішігірім құрбандық элементтері болып отыр. Сондықтан біз оларға дәлелді түрде осыны жеткізуіміз қажет. Біз көп жағдайда осы міндетті атқара алмай жатырмыз.
Төлеби ОСПАН,
Ақтөбе облысының бас имамы:
– Соқыр сенім. Міне, басты себеп осы! Бұл жалғанда білгеннің тілін алмаудан асқан жаман пиғыл жоқ. Ғұлама Сәһл Тустари (р.а.): «Надандықтан, өзім білемге салынудан ауыр күнә жоқ. Надандықтан да, сауатсыздықтан да сорақысы өзінің білмейтіндігін білмеу немесе мойындамау. Өйткені, өзім білемге салыну үйренуге, талаптануға деген әрекетке кедергі етеді. Мен барлығын білемін деген адам қалайша үйренуге әрекет етпек?» дейді. Міне, басты проблема! Ең, сорақысы «көсемдері» мешіттегі уағыздарды тыңдамаңдар, сабақтарға қатыспаңдар деп қатаң ескертеді. Тыңдасаң имандарыңа күдік салады дейтін көрінеді. Сауатсыздық пен адасу білім алып, ой жүгіртпеуден басталмай ма?! Мешіт – Алланың үйі. Мешітте Құран бұрмаланып айтылуы мүмкін бе?! Мешітте құран тәпсірі, хадис хикметтері, пайғамбарлардың (с.ғ.с.) ғибратты ғұмыры насихатталған дәрістер адамға қандай күдік салуы мүмкін. Бұл ақиқат іздеушілердің әрекетіне жатпайды. Міне, сондықтан мұндай әрекетті – соқыр сенім деп сипаттаудан басқаға келмейді.
Ханафи мазһабы қазақтың әлмисақтан ұстанып келе жатқан мұсылмандығы. Бұл мектептің іргесін тарих мойындаған мыңдаған ғұламалар қалаған. Мүфтият мазһаб ғалымдары қаламынан туындаған дін ғылымдарын халыққа үйретуде. Біз ұстанған жол – Пайғамбардан (с.ғ.с.) қалған һәм ата-бабаларымыз ұстанған сара жол.
Тұрар ӘБУОВ,
дінтанушы:
– Пиғылы бөтен ағымдағылар өздерін ерекше сезінеді. Олар өздерін Исламды шынайы насихаттаушылар, дінді ең дұрыс үлгіде ұстанушылармыз деп есептейді. Діни санасы толық қалыптаспаған жастар олардың бет-бейнесін тани алмайды. Не айтса да илану, сену, ілесу арқылы салафизм идеологиясының құрығына ілінеді. Санасы уланған жас өзгелердің айтқан сөзіне құлақ аспай, имамның уағызын тыңдаудан қалады. Оларды райынан қайтара алмауымыздың басты себебі – санасына «бас тартуға болмайтын шешім» қабылдап қойғандығы. Біржақты шешім қабылдаудың салдарынан олар мұсылман жамағатын екі бөлікке бөліп отыр. Әуелгі топ – салафизм, ақиқатты бір өзі біліп, бір өзі ұстанады. Екінші топ – бидғатшылар, яғни олар ақиқаттан жырақ, адасушылық жолындағылар деп есептейді. Олар өздерін Ислам әлеміндегі түрлі халықтың этномәдени, тарихи және өзге де ерекшеліктеріне негізделген барлық «жат», «кірме» түсініктер мен тәжірибелерден тазарту жолында күрес жүргізуді өздеріне міндеттеп қойған.
Салафизм исламдағы барлық жаңалықтан бас тарту мен әуелгі догмаларға қайта оралып, оның қатаң түрде, дәлме-дәл орындалуын талап етеді. Олар үшін дамудың кез келген түріне жол жоқ. Тіпті, жиһад ұғымын қарулы күрес ретінде біржақты ғана айшықтайды. Сондай-ақ олар бұл күресті барлық мұсылмандардың өмір сүруінің жалғыз әрі шынайы формасы ретінде қоғамға таңып қояды. Міне, салафизм ағымының ұстанымы. Шәкәрім осындайларға «жындылық» дегеннен басқа баға бермеген екен ғой.
Әңгімені жүргізген
Жолдыбай БАЗАР,
«Egemen Qazaqstan»