Саясат • 22 Мамыр, 2020

Қолдау – елдігіміздің белгісі

11 реткөрсетілді

Халқымыз: «Досым деп бірге жүресің, ісің бір түскенде білерсің» дегендей, Түркістан облысының Мақтаарал ауданына кездейсоқ төнген су апатынан зардап шеккен жандарға халқымыз бір атаның баласындай қолдағы барын аямастан беріп жатты.

Осылайша, халқымыз ын­ты­­мақ-бірлігін, мызғымас бо­лат­тай беріктігін іс жүзінде дәлел­деп, көрсете білді. Ата­ларына мың рахмет! Әділ сөз, әділ іс, әділ қарым-қатынас әр­қа­­шанда шам-шырақтай биік­терде жарқырап жанып тұра­ды. Көрші әрі туыс өзбек ағай­ын­дардың да тосыннан келген су тасқынынан халқы, жері зардап шекті. Олар да орасан шығынға ұшырады.

Өзбекстан Президенті Ш.Мир­­зиёев өздерінің әбестік­тен жіберген айыптарын мемле­кет дәрежесінде мойындап, біздің халқымыздан, мақ­та­аралдық ағайындарынан арнайы кешірім сұрады. Бүгінде қарап отырмастан, бауырлас өз­бек елі де қолдарынан келген көмектерін беруде, беріп те жа­тыр. Өзбекстан үкіметі хал­қымен бірлесе отырып, екі елдің достығына ешқандай да сызат түспеуіне, су апатынан келген зардаптарды бір адамның баласындай бірігіп жоюға, бұрынғы қалпына келтіруге барынша ат­салысуда. Жақында ғана Өз­бекстан Премьер-Министрі Абдулла Арипов пен Қазақстан Премьер-Министрі Асқар Ма­мин бастаған үкімет басшы­лары Мақтаарал ауданына келіп, зардап шеккен ауылдар мен елді мекендерді, егістік жер­лерін аралап көріп шығып, құла­ған үйлерді, бұзылған мекенжайларды, арықтар мен атыз­дарды, коллекторларды қай­та қалпына келтіруге, бір­лесіп жұмыс жүргізуге уәде­лесіп, бір келісімге келді.

Мырзакент кентінде бес жүз толық инфрақұрылымды орта көлемдегі үйлерді салудың жұ­мыстары басталып, оның алғашқы іргесінің бетонын екі елдің үкімет басшылары А.Мамин мен А.Ариповтар құйды. Су тасқынынан зардап шеккендерге арнап салы­нып жатқан шағын аудан үш көшеден тұрады. Толық салынып біту мерзімі – 2-3 ай.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алғаш­қы апат болған күн­дерден бас­тап-ақ мақта­арал­дық бауырларын далада қал­дыр­майтынын сенімді түрде се­зіндірген болатын. Прези­дентіміз ха­лық­пен бірге екенін кешегі Арыс қала­сын­дағы жарылыс­та да, Қордай­дағы тосын жағ­дайда да, енді міне, су тасқы­нынан зар­дап шеккен мақта­аралдық­тар­дың бастарына қиыншылық түс­кенде де көр­сете білді. Прези­дент мемле­кет жағынан үлкен кө­мек жасап отыр. «Бірде-бір отба­сы, бір­де-бір қасіретке ду­шар бол­ған аза­матымыз қол­дау­сыз, қамқор­сыз, көмексіз қал­май­ды», деді Президентіміз.

Су тасқынынан зардап шеккен мақтааралдықтар Үкімет пен халқымыздың нақ­тылай көмектерін айқын сезінді. Әр­бір адамға 100 мың теңгеден жәр­­дем берілді. Қазақстанның түк­пір-түкпірінен келген азық-түліктердің, киім-кешектер мен көрпе-төсектердің, қаржылай көмектердің есебі жоқ. Тұр­ғын үйлердің, әлеуметтік нысан­дардың, мал-мүліктердің шы­ғын­дары түгелдей арнайы ко­миссия мүшелерімен есепте­ліп, барлығы Үкімет тарапынан өтелетін болды. Бүгінде Түр­кістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев бастаған су тас­­қынынан зардап шеккен ел­ді ­мекендер мен егістік жер­лерді шұғыл түрде қалпына кел­тіру бойынша комиссия құры­лып, күндіз-түні тынымсыз жұ­мыстар жүргізілуде. Об­лы­сы­мыздың түрлі саладағы басшы қызметкерлері апат бастал­ғалы бері халықпен бірге болып, өз көмектерін беруде.

Құдай қаласа, бұл қиын­шыл­ық­тарды да артта қалды­рып, халқымыздың басына түс­кен ауыртпашылықтарды да бірлесіп жеңерміз.

Сөз соңында мақта­арал­дықтардың басына осындай күтпеген ауыр қайғы-қасірет түс­кенде қолұшын беріп, қол­дау жасаған қазақстандық бар­ша бауырларымызға шек­сіз ризашылығымызды білді­ріп, рахметімізді айтамыз! Осын­дай бірлігі мен ынтымағы жа­расқан еліміздің көк туы әрқашанда биікте, төрімізде желбіреп, жасап-жайнап, көркейіп, өркендеп өсе берсін демекпіз! Достық елі болған Қазақстанымыз жасасын!

 

Айыпберген БАЛТАБАЙҰЛЫ,

ақын, жазушы,

Мақтаарал ауданының құрметті азаматы

 

Түркістан облысы

 

Соңғы жаңалықтар

Covid-19: Тағы 1 адам қайтыс болды

Коронавирус • Кеше

Covid-19: Тағы 184 адам жазылды

Коронавирус • Кеше

...Түкті кілем, көк кілем

Аймақтар • Кеше

Ғасыр зұлматы

Қоғам • Кеше

Құрдым (төрттаған)

Әдебиет • Кеше

Ұқсас жаңалықтар