Жамбыл облыстық қаржы басқармасының басшысы Роза Исаева 2018 жылы мемлекеттік органдарға қарасты ұйымдарды біріктіру және оңтайландыру арқылы 277 штат бірлігі, ал 2019 жылы тағы 790 бірлік қысқартылып, бұл өз кезегінде әкімшілік шығындарды тиісінше 210 және 252 миллион теңгеге үнемдеуге мүмкіндік берген. Бүгінгі таңда облыстың коммуналдық меншігінде шаруашылық қызметпен айналысатын 939 коммуналдық мемлекеттік мекеме, 309 мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны және 93 кәсіпорын бар. Квазимемлекеттік сектор субъектілерін бәсекелестік ортаға беру бойынша жұмыстар жалғасуда екен. Ағымдағы жылдың басында жеке меншікке 2 миллиард теңгеге 15 ұйым сатылған болса, 12 ұйым кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілген. Ал, 7 ұйым бірігу жолымен жойылған немесе қайта ұйымдастырылған болса, 2 ұйым таратылу үстінде екен.
«Жасыл Ел Тараз» ЖШС өткен жылдан бастап сенімді басқаруға беру бойынша тендерге шығарылған. Алайда, өтінімдердің болмауына байланысты тендер өтпеді деп танылған. Қолданыстағы заңнама нормаларына сәйкес, егер нысан сатылмаса, ол жойылуға жатады. Бердібек Сапарбаев бұл жергілікті билікті қанағаттандырмайтынын және сонымен қатар, коммуналдық мүлікке иелік ету қызметі бойынша бірқатар сын-ескертпелер айтты. Облыс бойынша 2016-2018 жылдары салынған 74 нысанның әлі күнге дейін құжаттары рәсімделмеген. Тараз қаласында мұндай 30, Қордай ауданында 11 және Сарысу ауданында 7 нысан бар. Жергілікті тұрғындар үшін пайдалануға болатын бос бөлмелері бар нысандар мен ғимараттар да кездеседі. Ал, Тараз қаласындағы жаңа үйлердегі 580 пәтер әлі өз иелерін таппаған. «Бұл мәселені жергілікті атқарушы органдар шешуі керек. Ал, қаржы басқармасы құрылыс, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармаларымен бірлесіп осы бағыттағы жұмыстарды үйлестіруі керек. Мемлекеттік қаражатты тиімді пайдалану керек, ол айналымда болуы тиіс», деді Бердібек Сапарбаев.
Жамбыл облысы